Тағзым

Есімі елдің есінде…

Ел жадында жатталып, ғасырдан ғасырға жеткен «Жігітте де жігіт бар — азаматы бөлек, жүйрікте де жүйрік бар — қазанаты бөлек»деген тәмсіл бақилық болғанына он жыл толғалы тұрған Жеткерген Оралмағамбетовке арналып айтылғандай. Ол қамшының сабындай қысқа ғұмырында ата-баба даңқын насихаттауға көп іс тындырды.

Інімізбен ең алғаш теміржолдың Ембі стансасындағы стадионда өткен бір үлкен жиын барысында танысып, аз-кем әңгімелескенбіз. Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы жастар  спартакиадасын өткізу қамында жүр екен. Әңгімесі орнықты, ойын нақпа-нақ жеткізеді. Маңайындағыларға атқарар шаруаларын майдалап ұғындырады.

Әкесі Тілеулес — Шалқар ауданындағы «Шалқар» кеңшарында №3 ферманың басқарушысы, анасы Балайым үй шаруасында. Отбасындағы он баланың үлкені Жеткерген балалық шақтан әке-шешесіне қолғанат болуға талпынып, елгезектігімен, тілалғыштығымен ауызға ілігіпті. Жалпы осы шаңырақта перзенттері біріне-бірі сүйеу қалпында қанаттанған. Біздің кейіпкеріміз әуелгі беталысымен Орал қаласында ауыл шаруашылығы институтына талап қылады. Емтиханнан өте алмай қалса да тауы шағылмай, туған ауылында бір жыл трактор жүргізеді. Алматы халық шаруашылығы институтындаоқып, тәмамдаған соң жолдамамен Қостанай облысының Наурызым ауданында «Шолақсай» кеңшарында экономист  болып жұмыс істейді. Кеңес армиясы қатарында азаматтық борышын өтеді. Бұдан кейін орталығы Ембі қаласы болған Мұғалжар ауданында еңбек жолын асылтұқымды жылқы зауытының бас экономисі қызметінде жалғастырды. Қызмет ретімен қанша рет сапарлас болдым, әлденеше рет жиналыс, кеңестерде қауышып, ағалы-інілі сыйластықпен сырласудың  да орайы келді—сонда Жеткерген Мұғалжар топырағында алған тәлім-тәрбиесін тебірене айтушы еді.Өйтпегенде ше —осы өңірде аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына сайланды. «Жаңа жол» кеңшарындапартия комитетіне жетекшілік етті,кеңшар директорлығына тағайындалды.

Көпбалалы отбасында талапшыл әкенің қас-қабағына қарап,ана мейірімімен шыңдалған ініміздің бойға біткен қасиеті—айналасындағы үлкен-кішімен тіл табысуға шеберлігі және жалпыға бірдей жылы пейілмен көзқарас танытуы.Егемен елімізде облыс-аудандарда әкімдік басқару институты енгізілгенде Жеткерген Оралмағамбетов өзі туып-өскен Шалқар өңіріне аудан әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары—ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болып оралды. Орынсыз тәкаппарлық танытатындарға тоқтау-тиымы мол өңір жұрты Тілеулесұлының бойындағы кішіпейілдік, үлкенді сыйлау мен кішіні тыңдау қасиетін айқын аңғара білді.Екі қоғам алмасқан аласапыран шақта әртүрлі қиындықтарға қарамастан осы аймақта тарихи тұлғаларды ұлықтау шарасы кең ауқымда қолға алынды.Патшалық Ресейдің отарлау саясатына қарсы ұлт-азаттық қозғалыстың қайраткерлері, ағайынды Есет, Дәрібай Көтібарұлдарының кесенесін жаңғырту жұмыстарының басы-қасында он екі азаматтан құрылған ынталы топқа жетекшілік ету оған жүктелді,ол бұл міндетті абыроймен мойындады.

Жеткерген Тілеулесұлының ұйымдастырушылық қабілеті кейін Ырғыз,Хромтау,Қарғалы аудандарын басқарған тұсында кең ауқымда көрінді.Әсіресе ежелгі Жармола бекінісінің қазіргі Ырғыз ауылының іргетасы қалануының 150 жылдығын атап өту біршама уақыт шешімін таппай тұрды.Жас шағынан дүние соңына түспей,маңайына дос жинауды мақсат еткен Тілеулесұлы киелі өңірдің әкімі лауазымына тағайындалған алғашқы сәттерден бұл мәселенің маңыздылығын түсінді.Облыс  басшылығына батыл ұсыныстарымен шықты,бизнес әлеміндегі қалталы достарына хабарласып,қаржы жинақтауды жедел шешті.Нәтижесінде күмәннің бұлты сейіліп,ортақ шаруаға ықылас танытушылар қатары ұлғайды.Салтанатты жиналыста басты баяндаманы аудан әкімі Жеткерген Оралмағамбетовтің өзі жасады.Еліміздің мегаполис қалаларынан,облыстардан,Ресейден,Өзбекстаннан келген ғалымдар,өлкетанушылар мен тарихшылар биік мінбеден ой-пікірлерін ортаға тастап,үлкен-кішіні тамсантқаны рас.Сонда төралқада отырған байырғы партия қайраткері,анау-мынауға елжірей бермейтін Нұрғожа Орынбасаровтың баяндамашыға сүйінішпен қарап: «Жеткерген,сені мынау орынға әкелген —менмін» деп айтқаны жадымызда.Ырғыз жеріндегі ұлы той ән-күймен,спорттық ойындармен,ат жарысымен әшекейленіп, тұрғылықты халықтың бойында келешекке сенім нығайған еді.

Жеткерген Оралмағамбетов талантының бір қыры — лауазымды қызметке тағайындалған соң маңайына іскер тұрғылықты халықтың мұң-мұқтажына зейін қоятын сергек кадрларды топтастырды. Бір мысал, Ырғызға басшы болған соң бірінші орынбасарлыққа Шалқар, Темір, Алға аудандарында жауапты қызметтер атқарып, іскерлігімен танылған ырғыздық Кенжеғали Толықбаевты алуы. Нұрқасым Сәрсенбаев, Мырзағали Өтемұратов, Көптілеу Қосаяқов сияқты жігіттер жаңа басшының оң ізденістеріне қолдау жасады.

Таяуда ғана Ырғыздың 180 жылдығын атап өту жұмыстарының шеңберінде жиырма алтыншы рет ұйымдастырылған «Аймақты әнмен тербетіп…» атты республикалық байқау негізі өңірге Жеткерген Оралмағамбетов басшылық еткен кезеңде қаланған-ды.

Ырғыз еліндегі басшылықта біраз тәжірибе жинақтаған ол Шалқар өңіріне екінші мәрте оралды, бұл жолы ауданның бірінші басшылығы тізгінін ұстады. Іс ретін ұғынуға ысылып қалғаны алғашқы апталардан-ақ байқалды. Мұрат Жүсіпов, Оразбай Әділбаев, Дәулетжан Елеусізов және басқа ағалардан бата алып, экономиканы дамыту шараларымен қоса рухани-әлеуметтік ахуалға назар аударды. Журналист-өлкетанушы Мұқамбетәли Есмағанбетовпен бірлесе қимылдап, 2001 жылы Алматы қаласындағы «Кітап» баспа үйінен шығарған «Аңыздар мен ақиқаттар өлкесі» деп аталатын 184 беттік кітап — жеткіншек ұрпаққа қалдырған бағалы мұра.

Қазақ және орыс тілдерін жетік меңгерген, ой-өрісі кең азаматты өзгелерден ерекшелейтін жай — ниеттенгенмәселені кез келген аудиторияда еркін айтып, позициясын ұстамдылығымен қорғап шығатыны. Хромтау ауданын басқарған кезеңде табандылығымен әлемге әйгілі Дөң тау-кен байыту комбинатында өзекті тұтқаларға иелік ететін өзге ұлт өкілдеріне өзін мойындатты. Халықтың алдында есеп бергенде құрғақ сөзге жол бермей, түйткілді мәселелерді қозғайтын, аудан билігінің шамасы келмейтін шаруаларға облыстағы немесе республикалық мәртебедегі мекемелер назарын аударуға күш салатын. Әрине, әкімге орынды-орынсыз тілек айтушылар легі қай кезеңде де толастаған емес. Жеткерген мұндайда әлгі шағымданушымен арада туыстық қатынасты ұтымды пайдаланып, майда әзілмен құтылып кететін.

Бірде мынадай жағдай болды. Ауылдық кеңес атқару комитеттері таратылып, орнына әкімдіктер құрылды. Ауыс-түйіс кезеңінде бұрын төраға болып жүрген бір ағамыз жұмыссыз қалды. Содан аудан әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметіндегі Тілеулесұлына:

— Жеткерген, айналайын, сен бастықпен жақсысың ғой,  маған ауылдағы мектеп директорлығын берсін. Айтып көрсейші, — деді.

Қашанда қолынан келмес жайға жоламайтын ініміз:

—Бұл не дегенің? Біздің артымызды сыпырып жүретін де адам керек емес пе? — деді.

Шағымданушы үнсіз қалды. Сөйтсек, екеуінің арасында нағашылы-жиенді қатынас бар екен.

Облыстың төрт ауданын басқарған Оралмағамбетов облысқа шақырылып, көші-қон және демография басқармасына,төтенше жағдайлар департаментіне жетекшілік етті.Облыс әкімінің әлуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болды.

Өмір дегенің—өте күрделі құбылыс,пенде өзіне Алла сыйлаған тірлігінде алуан жағдайларға кезіге береді.Оған көзіміз жетті, көріп те жүрміз, дәм бұйырса, әлі талай жағдаяттар тап болар. Қаршадайдан еңбек қазанында шыңдалған,спортпен шұғылданған, айтарлықтай мансаптарды иеленген Жеткерген Оралмағамбетовтің қоғамға әлі берері көп еді,бірақ сырқат ерте меңдегенінің салдарынан небәрі 58 жасында жалған дүниенің көшіне ілесті. Өзінің өсиетімен сүйегі Мәскеу қаласынан Ақтөбеге жеткізіліп, Бестамақ қорымында жерленді.

Жүрегі елім-жұртым деп соққан азаматқа құрметтің белгісі — соңғы сапарға шығарып салу рәсіміне Ресейден,Қазақстанның түкпір-түкпірінен әртүрлі ұлттың алуан жастағы өкілдері арнайы келіп,қоштасты.

Жеткерген ініміз 1982жылдың 26 маусымында Әнуар Темірғалиқызымен тілек тоғыстырып, шаңырақ көтерді. Педагогикаға берілген ерлі-зайыптылардың отбасында он баланың бірі болып өскен келініміз отағасы өмірден өткенше отыз үш жыл бойына адал пейілмен жарына кіршіксіз қызмет етті. Қайда жүрсе де қолдан келген жағдайын жасады. Татулығы жарасқан шаңырақта төрт перзент — Баубек, Гүлдана,Ақбота,Ағлен өмірге келді.Шүкір, бәрі де жоғары білім алып,мамандығы бойынша қоғамға қызмет етуде.

Үлкені Баубек Ресей Федерациясында Хруничев атындағы Космос орталығында қызмет етті,қазіргі күнде Астана қаласында Жасанды интеллект және цифрландыру саласында лауазымды қызмет атқарады.

Әнуар Темірғалиқызы  сүйген жарының аруағына бас иіп,  мейілінше құрмет сезіммен 2016 жылы «А-Полиграфия»  ЖШС-ның баспаханасынан 271 беттік «Жеткерген»   атты әсем безендірілген кітапты 1000 дана таралыммен бастырып шығарды.

Бағалы жәдігерді әдеби өңдеп,баспаға әзірлегендер —Қазақстанның құрметті журналисі атағының иегерлері Ертай Ашықбаев пен Ғалымжан Төреханов.

…Жылдар жылжып өтуде. Өмір өзіне тән өзгерістерін енгізіп, көп шаруа кейінгі буынның қолымен атқарылуда.

Ал Жеткерген Оралмағамбетов сынды ел құрметіне бөленген, көпшілік сыйлаған дара азаматтың биік тұлғасы оны білетін жалпы жұртшылықтың жүрегінде биік тұғырда тұра беретіні ақиқат.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

Қазақстанның  құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button