Екі ауылға газ барды

Көгілдір отын
Темір ауданындағы Ақсай ауылдық округіне қарасты Ащысай және Шығырлы елдімекендеріне көгілдір отын берілді.
Енді ауыл тұрғындары үшін өмір сүру сапасы жаңа деңгейге көтеріледі — үй жылы, тамақ тез әрі қауіпсіз дайындалады.
Бұған дейін ауыл тұрғындары аудан әкімінің есептік кездесулері кезінде газдандыру мәселесін бірнеше мәрте көтерген еді.
Жобаның тапсырыс берушісі — облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы.
Ащысай және Шығырлы ауылдарына газ құбырын тарту және ауылішілік газ құбырын салу жобасының бас мердігері — «Казпромстройгрупп» ЖШС. Аталған компания жалпы ұзындығы 39,466 шақырым газ желісін тартқан.
Шара барысында аудан әкімі Алмас Жақсылықов ауыл тұрғындарын осынау игілікпен құттықтап, лебізін білдірді:
— Ауданға қарасты елдімекендердің әлеуметтік-экономикалық және инженерлік инфрақұрылымын дамытуда ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бүгін Ащысай мен Шығырлы ауылдарының тұрғындары үшін өте маңызды сәт. Газдандыру — ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға және әлеуметтік тұрмысты жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Өз кезегінде тұрғындар көптен бері өзекті болып келген мәселенің шешімін тапқанына ризашылық білдіріп, ауыл ақсақалдары батасын берді.
Қазіргі уақытта Темір ауданы бойынша елдімекендердің газбен қамтылу көрсеткіші 97,1 пайызды құрап отыр.
Шараға облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы АрысұланАйтбаев, атқарушы билік, еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері мен тұрғындар қатысты.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.
Темір ауданы.



