Басты жаңалықтарТағзым

Дала данышпаны тағылымы

Мөңке би — 350

Биыл Мөңке би Тілеуұлының туғанына 350 жыл толып отыр.Бұл елеулі сәт, мерейлі белес дала данагөйі атанған ерекше тұлғаның тағылымын бұрынғыдан да тереңірек тануға, байыпты зерттеп-зерделеуге жол ашып отыр.

Мәдениет министрлігі осыдан бірер жыл бұрын Мөңке бидің 350 жылдығын атап өту жөнінде қаулы қабылдады.

Сонымен, асыға күткен күн де келіп жетті.

Ақтөбе өңірінде Мөңке бидің мерейлі мерекесі туы биікке көтерілді. Осы сәтте біз мерейтойды өткізу жөніндегі комиссияның төрағасы Марат Мұңайтбасовты сөзге тартқан едік.

— Қазақ тарихында Мөңке би есімітағылымды тұлға ретінде айшықты таңбаланып қалды. Бұған халқымыздың ғұламалары Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытовтардың кезінде айтқан пікір-пайымдауларының өзі нақты дәлел бола алады.

Одан бері қарай жылжысақ, атақты Ахмет Жұбанов: «Мөңке би өз заманында аса тапқыр, ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен адам болған. Мөңкеден басталған тапқыр сөз дәстүрі ол өреде үлкен орын алады» деген екен.

Сондай-ақ көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаев, ғалымдар Тұрсынбек Кәкішев, Балтабай Адамбайұлы, Нысанбек Төреқұлов, Серік Негімовтер Мөңке би және оның айтқандары туралы ғылыми тұжырымдар жасады, зерттеулер жүргізді.

Діни-ағартушылық бағыттың көрнекті өкілі, ақын Нұржан Наушабаев «Шекті Мөңке би сөзі» деген толғауында:

Хақ, құптасаң айтайын,

Мөңке бидің сөзі бұл, — дейді де:

Құбыладан шыққан күн

Жанып шығар деп еді.

Жалғаны жоқ, бұл сөзім

Анық шығар деп еді… — деп одан әрі қарай замана құбылыстарын жік-жігіне бөліп, уақыт ақиқатын аша түседі. Мұның өзі бізге Мөңке бидің зерделі де парасатты, ақылгөйлік әрі шешендік қасиеттерін кеңінен көрсетеді.

Міне, Мөңке би заманында осылай бағаланған. Кешегі күні Қазақстан халық жазушысы, қайраткер Шерхан Мұртазаның өзі Парламент мінберінен Мөңкенің сөзіне сүйенді.

Ендеше, Мөңке би Тілеуұлының 350 жылдығы кең көлемде аталып өтуі, бір жағынан, заңдылық, екінші жағынан, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үлгі-өнеге болмақшы.

Үкіметтік жоба-жоспарларды басшылыққа ала отырып, біз дайындық жұмыстарын жүйелі жүргізу мақсатында арнайы комиссия құрдық. Комиссия құрамына елдің беделді азаматтары, зиялы қауым өкілдері, кәсіпкерлер кіргенін өткен сұхбатымда да айтқанмын.

Бұл ретте Мөңке бидің өмірбаяны мен шығармашылығын насихаттауға баса назар аудардық. Республикалық, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы дала данышпанының тұлғасын тереңірек таныта түсетін мақалалар жарияланды. Сондай-ақ кітапханаларда, жоғары және арнаулы орта оқу орындарында, мектептерде дөңгелек үстелдер, танымдық сағаттар, тарихи кештер, оқырман конференциясы, т.б. сондай іс-шаралар ұйымдастырылды.

Комиссия мүшелері Астана қаласында белсенді жұмыстар атқарды. Алматы қаласында тұратын «Тілеу-Қабақ», «Мөңке би» қорларының төрағасы, елдің белгілі азаматы Бақытжан Қосанов көптеген мәселенің оңтайлы шешілуіне ықпал етті.

Жыл басында Шалқар ауданы Мөңке би ауылында жиын өткізіліп, республика көлемінде ұйымдастырылатын шараның бастауы іспетті болды. Бұл ретте аруаққа тағзым жасауды өнеге қылған ауыл үлкендері мен қонақтар ауыл мешітіне барып Мөңке би Тілеуұлының аруағына Құран бағыштады.

Мөңке би ауылының клубында аудандық тарихи-өлкетану музейі мен ауылдағы мәдениет қызметкерлері бірлесіп «Шектінің шексіз ойлы данышпаны» атты рухани-мәдени шара өткізді.

Осы уақыт аралығында Мөңке би шығармалары жинақталып, кітап болып шықты.  «Мөңке би» атты тарихи драма әзірленіп, енді Т.Ахтанов атындағы драма театрында көрермен назарына ұсынылмақшы.

Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде белгілі ғалым, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұқаш Бүркітбаевтың бастамасымен Мөңке бидің 350 жылдығы қарсаңында конференция ұйымдастыру жөнінде келелі кеңес өткізілді.

«Мыңжылдықты болжаған Мөңке би» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы сенбі күніӨнер орталығында өткізіледі. Бұл алқалы жиында да аузы дуалы ғалымдарымыз салиқалы әңгімелер айтады деп күтіп отырмыз.

Республикалық жыр мүшәйрасы жарияланды. Оған көптеген талантты ақындар қатысты. Еліміздің танымал қаламгерлерінен құралған қазылар алқасы қорытындысын шығарады.

Ең бастысы, біз бұл мүшәйра арқылы Мөңке бабамыздың әдебиеттегі бейнесін кеңірек қалыптастырмақшымыз.

Мөңке бидің төрт күйі бар екендігін қазір жиі айтып жүрміз. Олар  «Жиын алқа, кеңес», «Өттің, жалған-ай», «Шалқыма», «Қиқу дәурен» деп аталады. Осы туындыларды да халық арасында кеңінен насихаттау — басты жұмысымыздың бірі.

Бабамыздың 350 жылдық тойына арналған халықаралық бокс турнирі наурыз айының орта тұсында Шалқар қаласында ұйымдастырылды.

Енді сенбі күні қазақ күресінен жарыс өтпекші. Оған он сегіз жастан асқан ересек жігіттер қатысады. Осы сайыста түйе палуан да анықталады.

Насихат жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Ақтөбе қаласындағы маршруттарда жүретін автобустарғажапсырылған Мөңке Тілеуұлының үлкейтілген фотосуретін  жұртшылық көрген болар. Сондай-ақ Шалқар қаласы көшелерінде баннерлер ілінді.

Баба тойын өткізу — көпшіліктің ортақ ісі. Көптеген азамат, кәсіпкерлер ортақ қорға қаржы аударып, жиынның жоғары деңгейде өтуіне мүдделілік танытып, өз үлесін қосуда.

Сенбі күні қала сыртындағы этноауылда Мөңке баба аруағына ас беріледі. Облыстың барлық ауданы, жекелеген азаматтар бұл істе де белсенділік танытып, сәнді киіз үйлер тігуде. Бұл күні аталға аумақта ән әуелеп, күй тартылады. Оған дейін ипподромда ат бәйгесі өткізіледі.

Қысқасы, Мөңке бабаның 350 жылдығы тәлімі мен тағылымы мол шара болса екен дейміз. Барлық ұйымдастыру жұмысы осыған бағытталды.

Сұхбаттасқан Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

МЕРЕЙТОЙЛЫҚ ШАРАЛАР БАҒДАРЛАМАСЫ

2025 жылғы 19-20 қыркүйек күндері Ақтөбе облысында ұлы ойшыл, көреген би, жырау Мөңке би Тілеуұлының туғанына 350 жыл толуына орай республикалық деңгейдегі ауқымды мәдени-танымдық және ғылыми шаралар өтеді.

Бағдарлама аясында:

19 қыркүйекте:

– Ұлттық ат спорты – бәйге, сағат 10.00, ипподром;

– «Мөңке би» тарихи драмасының тұсаукесері, 19 және 20 қыркүйек, 18.30, Т.Ахтанов атындағы театр.

20 қыркүйекте:

– Мөңке би ескерткішіне гүлшоқтарын қою рәсімі, 9.30;

– «Мыңжылдықты болжаған Мөңке би» — халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, Өнер орталығы, 10.00;

– Этноауылда ұлттық спорт түрлері, жыр мүшәйрасының қорытындысы және концерттік бағдарлама, ас беру, 12.30.

 

БАБА РУХЫНА

Күллі Қазақ аузындағы аңызы —

Түркі жұртқа жеткен ойдың маңызы!

Бозғылт жусан, боз даладан шыққан ұл —

Мөңке бабам — адамзаттың  абызы!

 

Періштелер  қанатымен  жебеген,

Өрісті боп тарап жатыр өнегең.

Құдіреттің шексізіне  бас  ием —

Мың жылдықты болжап кеткен Көреген!

 

Бір Алладан дарығандай тылсымдық,

Бабам айтқан әр сөзіңде жүр Шындық!

Үш ғасырдай бұрын айтқан ескерту —

Ескерусіз қалғанына  күрсіндік.

 

Өзекті боп келе жатқан сан жылдан,

Дархан ойдың тереңдігі таң қылған.

Әрбір болжам сөзі айна-қатесіз,

Күн  құрғатпай  шығып жатыр алдымнан.

 

Мағынасыз бос өмірді сүрген тек,

Бір күнгісін ойлай алмай жүрген көп.

«Үш жылғысын ойламаған ерден без», —

Көңіліңді қажытады мұң тербеп.

 

Данышпандық қасиетіне алыптың,

Сипаттауға теңеу таппай, тарықтым.

Қатарынан озып туып, Үш ғасыр,

Жер құшаққа сыймай кеткен Жарықтық…

Өмірзақ ЖҰМАБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button