Білім

Балдырған

Мейрам

Әжемнің көжесі

Жалпы көктем наурыз айынан басталады. Наурызда мерекелер өте көп. Соның бірі — Халықаралық әйелдер күні. Осындай көктемде қыздар қызғалдақтай құлпырып, әдемі болып жүреді. Бұл құбылысты табиғаттың тартуы дерсің.

Сонымен бірге өзіміздің Жаңа жылымыз — Наурыз мейрамы да осы көктемде. Жер-ананың бауыры жібіп, маңайға көк шөп шығып, табиғат сұлулана бастайды. Адамдар бір-бірімен амандасып, «Жылдан аман шықтың ба?» деп қауышып жатады.

Менің Нұрия деген әжем бар. Ол кісі наурыз көже пісіреді. Оған жеті түрлі тағам қосады. Әжем маған наурыз көжені сүрленген еттен жасаса дәмді болатынын айтты. Әжем көжені өте дәмді етіп пісіреді.

Біз әжеммен бірге тұрамыз. Менің папам — әжемнің кішкентай баласы. Әжемнің басқа ұлдары мен қыздары Наурыз мерекесінде біздің үйге келіп, наурыз көжеден дәм татады. Әжеме неше түрлі сыйлық береді, маған да береді. Мен де әжемнің болғанына қуаныштымын. Әжемнің ғұмыры ұзақ болсын.

 

Динара АСҚАРОВА,

№35 мектептің 2-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

 

Атамекен

 

Күн сайын сырласамын

 

Менің ауылымның аты — Жарқамыс. Менің туған жерім, кіндік қаным тамған жер — осы ауылым. Жан серігім, досым да — ауылым. Мен әрбір күн сайын ауылыммен және оның табиғатымен сырласып, өзіндік бір әсер алатындаймын.

Әрбір адамға өз туған жері ыстық қой. Сол сияқты маған да өз ауылым ыстық. Мен жер шарында өз ауылыма тең келер ешқандай жер жоқ деп ойлаймын.

Ауылымның жері туралы айтар болсам, менің ауылым көркіне көз тоймайтын әсем. Үйлері биік те көрікті. Ауыл халқы мейірімді, қолы ашық, қонақжай. Қай жерден қонақ келсе де, ауылымыздың халқы қолындағы барын дастарқанға қойып, қонақты жақсылап күтеді. Менің ауылымның халқы ежелден ата-баба дәстүрлерін бұлжытпай орындап, сақтап келе жатыр.

Ал ауылымның табиғатын айтсам, өте көрікті. Ауылымның солтүстігі мен оңтүстігін жазық, шығысын аласа-аласа таулар, батысын толып жатқан құмдар алып жатыр. Ауылымның шығысында Жем өзені ағып жатыр. Ауылымда өсімдіктердің, жануарлардың, құстар мен балықтардың алуан-алуан түрлері кездеседі. Жазықтарға шыққанда аңқып тұрған жұпар иісіне тап болып, елтіп тұрасың.

Менің ауылымның маңайында Ақбота-Сәңкібайға, ақын әрі композитор Бәкір Тәжібаев әнге қосқан Ақбұлаққа, Бөкенбай батырға қатысты деректер көп.

Менің ауылымда әлі құпиясы ашылып болмаған тарихи ескерткіштер, жерлер өте көп. Менің арманым — археолог болу. Мақсатым — ауылымдағы тарихи ескерткіштерді зерттеп, ашу.

Мен ауылымды жақсы көремін.

 

Аймат БИСЕН,

Жарқамыс орта мектебінің оқушысы.

Байғанин ауданы.

 

Сағыныш

 

Еркелеп өстім

 

Мен көрші Батыс Қазақстан облысының Егіндікөл ауылында атам мен әжемнің құшағында еркелеп өскенмін.

Ауылда балабақшаға барып, даярлық тобында сол жерде болдым. Әжемнің бесік жырынан бастап, ертегілерді, қазақтың ырым-тыйымдарын кішкентайымнан құлағыма құйып келгенмін.

Атам мен әжем еркелігімді көтеріп, ұрыспай, әркез ақылмен түсіндіретін. Осындай жақсы тәрбие беріп, екі айлық кезімнен мәпелеп өсірген атам мен әжемнің орны бөлек. Оларды әркез сағынып жүремін. Ата-әжемді сағынғанда ауылға барып мауқымды басып келемін.

 

Азизбек ХАЙРУЛЛИН,

№35 орта мектептің 2-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

 

Ардақты жан

 

Ыстық сезім

 

Ананың тілі, ананың махаббаты, ананың тілегі тіл жетпес жатқан бір теңіз емес пе?!

Ананың айналып толғанғаны кімнің есінен кетеді?

Шырылдап жерге түскеннен-ақ сенің ең бір жақының, ең бір досың, ең бір ұстазың бар. Ол — ана.

Сенің қара жерді баспай жатып, есіңді білмей жатып, тырмысып бауырына жабысатының, шырылдап уанбай жылап іздейтінің — ана.

Ол саған бәрінен де қымбат. Сен үшін ол жалпақ дүниеден үлкен. Анаға деген махаббатың құндақта жатқан күннен басталатынын да сондықтан. Ананың жолы басқа. Ана деген сөздің өзі ыстық. Ана десе тасымайтын жүрек, сезбейтін сезім болуы мүмкін емес.

 

Бағдагүл БАЙМҰРАТҚЫЗЫ,

Северный орта мектебінің оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

 

Оқушының өлеңі

 

Көктем

 

Көктем келді алақай,

Қуанды бар балақай.

Қар ериді су болып,

Гүлдер өсер ну болып.

 

Айдана ДУАНБЕКОВА,

№4 орта мектептің 1-сынып оқушысы.

Алға ауданы.

 

Астанам

 

Бас қалам — Астанам,

Астанама шаттанам.

Қазақстан жерінде

Туғаныма мақтанам!

 

Әділет ФАЗЫЛБЕК,

Талдысай орта мектебінің 4-сынып оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

 

Бүршік пен ұршық

 

Көктем келді, су ақты,

Тал жарады бүршігін.

Қарсы алып әжем шуақты,

Дөңгелентті ұршығын.

 

Нұрсұлу ҚАЗЫБЕК,

№7 орта мектептің 1-сынып оқушысы.

Тоғыз стансасы,

Шалқар ауданы.

 

Наурыз

 

Жер бусанып, көк шығып,

Арықтардан су ақты.

Бүрлеп өсіп көк шыбық,

Жұтып жатыр шуақты.

 

Көбелектер көлбеңдеп,

Ұшып-қонып жүреді.

Табысқандай жер мен көк,

Елжіреп тұр жүрегі.

 

Самал желмен таранған,

Қызғалдақты қыр қандай!

Жер бетінде сан алуан

Жалау өсіп  тұрғандай.

 

Гүлсая ЫҚЫЛАСОВА,

№21 мектеп-гимназияның 7-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

 

Шуақ

 

Күн қуанды, шаттанды,

Шуақ түсті жан-жаққа.

Жұмысына аттанды,

Арман менен Ардақ та.

 

Жер жыртады ағалар,

Алтын бидай себеді.

Мәз болады балалар,

Аспан нұрын төгеді.

 

Толқын ҚОНАҚБАЕВА,

Еңбекту орта мектебінің 7-сынып оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

Бетті жүргізуші Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button