Спорт

Бильярдшылар Ақтөбеде бас қосты

Чемпионат

Сейсенбі күні «Экстрим» спорттық ойын-сауық кешенінде бильярдтан республикалық отыз алтыншы чемпионат басталды. Ақтөбеде алғаш ұйымдастырылып отырған ел біріншілігіне он төрт облыстан жетпіске жуық ойыншы қатысты.

Бильярд ойынын жетілдіру, жас ойыншылардың талабын шыңдау мақсатында ұйымдастырылған жарыс «динамикалық пирамида» әдісі бойынша өтті. Қызылорда облысынан бастау алған ел біріншілігі Ақтөбеден соң Павлодар облысында жалғасын табады. Әр өңірден бас қосқан бильярдшылардың арасында әлем чемпионы атанған ойыншылар да бар. ҚР бильярд спортының  төрешісі Райымжан Бузурходжаевтың айтуынша, спорттың қай түрінің де өз ерекшелігі бар. Соның ішінде бильярдтың орны бөлек.

─ Бильярд біріншілігі Ақтөбеде алғаш ұйымдастырылып отыр. Жалпы, чемпионаттың осы өңірде ұйымдастырылғанына мен қуанып отырмын. Себебі Ақтөбеде бильярдқа ынтасы жоғары жастар көп. Мысалы, жас бильярдшы Азат Түменовтің есімін ерекше мақтанышпен айтамын. Сондықтан ойынға жастардың қызығушылығын оятып, тарта білу керек. Егер облыста арнайы мектеп ашылса, тіпті жақсы болар еді. Бүгінгі біріншілікке еліміздің үздік спортшылары қатысып отыр. Үш дүркін әлем чемпионы, Еуропа және Азия біріншілігінің жеңімпазы Қаныбек Сағындықов, Әлем кубогының иегері Әуез Елубаев тәрізді бабы мен бағы жанған үздіктер енді Ақтөбеде шеберліктерін тағы бір сынға салады, ─ деді Р.Бузурходжаев.

Чемпионаттың ашылу рәсімінде қала әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева сөз алып, ойыншыларға сәтті қадам тіледі. Мұнан соң облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Асылбек Құлмағанбетов Ақтөбеге ат басын тіреген бильярдшыларға ақ тілегін арнады.

Алматы өңірінің намысын қорғауға келген үш дүркін әлем чемпионы Қаныбек Сағындықовтың бильярд ойынына қызығушылығы он жасынан басталыпты. Ол бильярдта бірнеше асуды бағындыру үшін алдымен ойыншыға арнайы жаттығу мен іздену қажет екенін айтты.

─ Былай алып қарағанда, бильярд ойыны біреулерге жеңіл көрінуі мүмкін. Бірақ спорттың қай түрінің де өз қиындығы мен қызығы бар. Бильярд ойынына да арнайы дайындық керек. Қазір өзімнің әдіс-тәсілімді шәкірттеріме үйретіп жүрмін, ─ дейді Қаныбек Сағындықов.

Чемпионат он алтыншы наурызда қорытындыланады. Жеңімпаздар Павлодар облысында өтетін ойынға қатысуға жолдама алады.

Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button