Мәдениет

Ұлы Жеңіске – 64 жыл!

Тағзым

Ақтөбе қаласында Ұлы Жеңістің 64 жылдық мерекесі Мәңгілік алау жанында басталды. Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалғаннан кейін жиналғандар бір минут үнсіздікпен соғыс құрбандарын еске алды. Облыс әкімі Елеусін Сағындықов бастаған облыстық, қалалық әкімдік, облыстық, қалалық мәслихат қызметкерлері, облыстық басқармалар мен департаменттер ұжымдары Мәңгілік алау обелискісіне веноктар мен гүл шоқтарын қойды.

Облыс, қала басшылары бұдан соң Әлия Молдағұлова атындағы мемориалдық кешенде болып, гүл шоқтарын қойды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда еңбек етіп, өзіндік үлесін қосқан Шыбынтай Абылаев былай деді:

– Соғыс басталғанда жас бала едім. Бірақ біздің кезеңнің балалары балалықты білмеді, еңбекке ерте араласты. Ерте есейдік. Тек Жеңіс үшін еңбек еттік. Шүкір, осы күнге жетіп отырмыз. Елімізге, халқымызға бақыт, бейбітшілік тілеймін.

Бердібай КЕМАЛ.

Салтанатты шеру

9 мамыр күні Әбілқайыр хан даңғылында орналасқан облыстық әкімдік ғимараты алдында Жеңіс күніне арналған шеру өтті.

Мерекелік салтанат Ақтөбе гарнизонының бастығы Оразбай Әлмұхамбетовтің салтанатты бұйрығымен басталды.Облыс аумағындағы әскери бөлімдер, күштік құрылымдар мен әскери-патриоттық бірлестіктер бұл сәтке сақадай сай еді.

Шеру өткізу рәсімінде ақтөбеліктерді облыс әкімі Елеусін Сағындықов құттықтады.

– Бүгін – еліміз бен осы соғысқа үлес қосқан көршілес мемлекеттерде ерекше қуанышты күн. Ұлы Жеңістің 64 жылдығын біздің ұрпақ ерекше тойлап жатыр. Өткен ғасырдағы зұлмат соғысқа біздің облыстан 122 мың жауынгер шақырылды. Сол азаматтарымыздың 36 700-і құрбан болды. Қазір 659 ардагер жанымызда жүр. Мен кеше ғана олардың бірқатарын қабылдап, құрмет көрсеттім. Бізге осы баянды бақытты сыйлаған ардагерлеріміздің ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Олар туған жерді сүюдің, елдің патриоты болудың керемет үлгісін көрсетті. Өз бастарына төнген қатерге қарамастан, қандай да қиындықтан тайсалмайтындықтарын дәлелдеді. Осындай ұлағатты өнеге көрсеткен ардагерлерге қызмет ету – баршамызға мәңгі борыш. Ұлы Жеңістің арқасында келешек жастарды тәрбиелеуде бірлік таныта білдік. Ендігі міндетіміз –  тек алға ұмтылу, – деді облыс әкімі.

Елеусін Наурызбайұлы ардагерлер мен олардың ұрпақтарын құттықтай келе облыс көлемінде атқарылып жатқан тірліктер туралы да баяндап өтті. Мысалы, әлемде қаржылық дағдарыстың зардабы жойыла қоймаса да, Елбасының тікелей тапсырмаларын мүлтіксіз орындаудың арқасында табыстар да қомақты. Экономика жаңаша серпіліспен дамып, биылдың өзінде жаңа жұмыс орындарына 30 мыңдай адам тартылатындығын да жеткізді. Әлеуметтік сала да оң өзгерістерге бай. Халықтың банктердегі салымы да кеміген емес. Бұл жақсылықтардың барлығы қатары сиреп жатқан ардагерлеріміздің мұрасы екені анық.

Облыс әкімінен соң сөз алған ардагер, Ақтөбе қаласының құрметті азаматы Владимир Фенютин осынау мерекені ұйымдастырушыларға аталық алғысын айтты.

– Жеңіс күні – ұлы мереке. Басқыншыларға қарсы күреске қатысушыларға жасалып жатқан құрметке дән ризамыз. Қазір соғыс жарасы жазылды. Халқына қамқорлығын төгіп, жеңімпаздар ерлігін паш етіп отырған Елбасыға, облыс әкіміне алғысымыз шексіз, – деді ардагер.

Ал саптағы сарбаздар атынан лебіз айтқан Т. Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштері әскери институтының курсанты Арман Кәрімов елімізді көз қарашығындай сақтауға ант етті.

Мерекелік құттықтаулардан соң көпшіліктің асыға күткені шеру болатын. Жергілікті әскери институт пен әскери бөлімдер, Ақтөбе заң колледжі, Есет батыр атындағы әскери полиция мектебінің өкілдері сымдай керіліп алаңнан өткенде тебіренбеген жан аз. Әсіресе, бес көлікке мінген ардагерлердің шерудегі қозғалысы осы шараны тамашалауға келгендерді ерекше сүйсінтті.

Әрбір бөлім салтанатты таныстыруларға қосыла Әбілқайыр хан ескерткіші алдынан көшені бойлай қаздиып өтті.

Шеруге әскери техника қатыстырылмағанымен, оларды көруге де мүмкіндік жасалды. Шеруден кейін облыс әкімі ардагерлердің қолдарын қысып құттықтап, жағдайларын сұрауы да қарияларды бір марқайтып тастады. Мұнан соң әрбір техниканы, атап айтқанда, төтенше жағдайда қолданылатын арнаулы машиналар, зеңбіректер туралы облыс әкіміне баяндалды. Осылай ақырындап «Қоныс» Спорт сарайына қарай ойысқан көпшілік ол жердегі концерттік бағдарламаны тамашалаушыларға қосылды.

Бұл жерде әскери лашықтарда кәдімгі жауынгер ботқасы әзірленіп жатқан еді. Елеусін Наурызбайұлы ардагерлермен қауқылдаса отырып, жауынгерлік астан дәм татты. Жылы тілектерін айтты. Бүгінде коммуналдық қызмет ақысынан толық босатылған қариялардың облыс басшысына айтатын назы жоқтың қасы. Барлығының тілейтіні – бейбіт өмір мен мамыражай тіршілік. Сол ақсақалдардың бірқатарымен Жеңіс күні желеуімен тілдескен болатынбыз.

Бейсен Баймұхамбетов, ҰОС ардагері:

– Менің мамандығым – мұғалім. Соғысқа Алматыдағы жоғары оқу орнынан алындым. Бұл 1942 жылдың күзі еді. Көп ұзамай артиллериялық училищеге қабылданып, алты айдан соң қан майданға қосылдық. Барлаушылардың командирі ретінде Беларуссия, Польша мен кәрі құрлықтың көп елдерін жаудан азат еттік… Ал Ұлы Жеңісті Балтық теңізінің жағасында қарсы алдым. Сол кезде қуаныштан атқан зеңбіректердің гүрсілі әлі құлағымнан кеткен емес. Қазіргі жағдайымызға шүкіршілік айтамын. Балаларымның барлығы бейбіт өмірде өсіп жатыр.

Ахмет Бисеналин, ҰОС ардагері:

– Соғысқа Әйтеке би ауданының Бөгетсай ауылынан алындым. Елге келген жылым – 1946. Мен негізінен әскери оқуда болып, майданға бір жылдай ғана қатыстым. Бірақ оқ-дәрінің исі мұрнымнан кеткен емес. Соғыстың уақытынан қалжыраған халық Жеңіс күнін асқан қуанышпен қарсы алғандығын көрдім.

Садуақас Саренбаев, ҰОС ардагері:

– Жеңіс – біздің халықтың бірлігі, ынтымағы арқасында келген зор несібе. Сол жылдардағы қиыншылық пен қуаныш -ұйымшылдықтың жемісі. Бұл ұйымшылдықтың пайдасын Елбасы жиі айтып жүр емес пе. Енді соғыс болмасын!

Серік ӘБДІБЕК.

Көңілдерден шыққан қойылымдар

Абай атындағы мәдениет және демалыс саябағында да жұрт көп жиналды.Сол күнгі ауа райы да күңгірт жылдарды еске салғандай бұлыңғырланып тұрды. Кісінің көңіл-күйін толғаныс пен терең ойға шомдыратын соғыс кезінде айтылған әуендер қалықтады. Ауа райының қолайсыздығына қарамай, мерекені қызықтауға саябақтың аялдамасына  тоқтаған автобустардан жұрт лек-легімен түсіп жатты.  Қалалық Мәдениет үйінің соғыс және еңбек ардагерлерінен құрылған «Наставник» халықтық хор ұжымы жиналған көпшілікке өз концерттік нөмірлерін тарту етті.  Бұл ұжымның Жеңіс күніне арналған жалынды ән-жырларынан соң  облысымызға белгілі өнерпаздар сахнаның шырайын аша түсті. Мерекелік жиын ары қарай  өңіріміздегі оқу орындарының  театрландырылған қойылымымен жалғасты. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің театрландырылған бағдарламасы «Ұлы Жеңіске – 64 жыл»  деп аталса, Ақтөбе гуманитарлық колледжі «Жеңістің жарқын көктемі», ал Батыс Қазақстан гуманитарлық заң колледжі «Желбіресін Жеңіс туы!» деген атпен  көрініс көрсетті.

Қойылымдар көпшілік ойынан шыға білді. Сұм соғыстың зардабы мен залалын, болашақтың бақыты мен арманын көрсете білген өнер иелері жұртшылықтың ізгі ілтипатына, қошеметіне бөленді.  Ең үздік өнер көрсеткен Ақтөбе гуманитарлық колледжінің белсенділеріне қала әкімінің Алғыс хаты, сонымен бірге магнитола сыйлыққа берілді. Ал қалған оқу орындары  белсене қатысқандары үшін марапатталды. Мерекелік шара кешке дейін жалғасты. «Соғыстан кейінгі 18.00-де» деп аталатын кешкі бағдарламада Ақтөбе қалалық вокалды аспаптар ансамблі өнер көрсетті.

Лаура ПАЛМАН.

Қарақұмық ботқасынан кейінгі би…

Пушкин атындағы саябақта ертемен ағылып келген жұртты Ұлы Отан соғысы жылдарында шырқалған, майдангерлерге, бүкіл елге рух берген, бүгінгі ұрпақ үшін де қасиетті де қымбат әуендер қарсы алды.

Ал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған көпшілікке арналған мерекелік бағдарламаны С. Бәйішев атындағы университеттің студенті Жаңылсын Бегежанова «Сарбаздар» әнімен ашты.

Мерекелік концертте облыстық халық шығармашылығы үйінің әнші-термешілері, сондай-ақ Ақтөбедегі бірқатар оқу орындарының, атап айтқанда, «Бейбітшілік – ел ұраны» бағдарламасымен С. Бәйішев атындағы университтеттің студенттері, «Ұлы Жеңіске – мың тағзым» бағдарламасымен кооперативтік колледждің және «Достықтың төл перзенті – Ұлы Жеңіс» бағдарламасымен политехникалық колледждің оқушылары өнер көрсетті.

Саябақтағы бұл күнгі тағы бір үлкен мерекелік шара Қазақстанның коммунистік халықтық партиясының облыстық бөлімшесі ұйымдастырған «Жеңіс төрінде» жауынгерлер асханасы болды. «Асханада» Ұлы Отан соғысы ардагерлері, тыл еңбеккерлері және Ауғанстандағы соғысқа қатысушылар қарақұмық ботқасынан дәм татып қана қоймай, жауынгерлік әндер шырқап, тіпті би билеп, бұл жерді үлкен думанға айналдырды.

И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Саябақтағы салтанат

Жеңіс күніне байланысты мерекелік шара ескі қаладағы «Ретро» саябағында ұйымдастырылды. Бұл күні саябаққа жұртшылық көп жиналды.

Немересін еріткен Ақлима әжені біз осы саябақта кезіктірдік.

Жыл сайын жергілікті билік тарапынан ардагерлерімізге құрмет ерекше көрсетіледі. Жолдасым Ақтанберді – Ұлы Отан соғысының ардагері. Бірақ оның өмірден озғанына үш жылдың жүзі болды. Мен Жеңіс күні немерем Дианаға атасының ерлігі жайында көп әңгіме айтамын. Бұл күні көшеде ұйымдастырылатын шеруді көрсетемін. Енді елімізде соғыс өрті болмасын, жұртымызға бейбіт тірлік пен аманшылық тілеймін, – деді әжей.

Жеңіс күні «Ретро» саябағындағы мерекелік шара «Ерлік – ел мұрасы» атты театрландырылған қойылыммен ашылды. Соғысқа дейінгі ауыл өмірін көз алдыңа келтірген Ақтөбе медициналық колледжі студенттерінің өнеріне жұртшылық риза болды. Колледждің жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы Аманкелді Жаймағанбетовтің айтуынша, мерекенің көңілді өтуіне студенттер ұйымшылдықпен араласуда.

Мерекеде аталмыш колледждің студенттері Данияр Өтепбергенов «Надежда», «Темная ночь»,  Игілік Қойшыбаев «Соғыстан қайтқан солдаттар», Берік Құрманов «Кестелі орамал» сынды әндерді шырқады.

Бұл күні «Ретро» саябағында Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технология, политехникалық колледждерінің де студенттері өнер көрсетті.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Лаура Палман, «Қойылымдар көпшілік ойынан шыға білді» емес, «Қойылымдар көпшілікке ұнады» шығар. Тұрды, қалықтады, жатты, етті, түсті, жалғасты, көрсетті, білді, бөленді, берілді, жалғасты, көрсетті… Етістіктерді жақсы көреді екенсің.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button