Денсаулық

Денсаулық

Бор жесеңіз,

Бұл – қан аздықтың белгісі

Қан аздық дертінің ағзаға басты зияны – қорғаныс қабілетін төмендетеді, соның салдарынан адам әлсіз болады, жұқпалы ауруларға жиі ұрынады. Оның үстіне, тез шаршап, еңбекке қабілеттілігі төмен болады.

Қаны аз адамның тәбеті бұзылады: тамаққа құлқы болмай, керісінше, бор, ақ балшық секілді нәрселерге аңсары ауады. Мұның өзі асқазанға ауыр тиеді, ағзадағы зат алмасу процесіне кері әсер етеді, сөйтіп, түрлі дерттердің пайда болуына соқтырады. Сондықтан қан аздыққа шалдыққан немесе дәрігер анемияға бейім деп тапқан жағдайда, міндетті түрде тиісті ем алу керек.

Темір тапшылығынан болатын қан аздыққа әдетте темір препараттары тағайындалады.

Егер сіз темір препараттарын ішіп жүрсеңіз, есте сақтаңыз:

– түйіршек дәрілерді тамақтан жарты сағат бұрын аш қарынға ішіңіз;

– ал асқазаныңыз ауыратын болса, дәріні тамақпен бірге ішіңіз;

– темір препараттарын сүтпен ішуге болмайды;

– басқа дәрі-дәрмекті темір препараттарымен қатар ішкенде, олар өзара әрекеттесіп, денсауллықа зияны тиюі мүмкін. Сондықтан басқа дәрілер ішу керек болған жағдайда, темір препараттарын қабылдау тәртібі жөнінде дәрігермен кеңесіңіз. Мысалы, асқазанда қышқыл мөлшерін төмендететін дәріні темір препараттарын қабылдаған соң, екі сағат өткенде ішу керек;

– балаларға әдетте сұйық дәрі тағайындалады. Оны тамақтың алдында апельсин шырыны немесе басқа сусындармен беру керек. Сүтпен беріп жүрмеңіз! Сұйық дәрілер балалардың тісін бұзбау үшін, түтікше пайдаланыңыз;

– ем тиімді болуы үшін, дәріні үш ай қатарынан қабылдаған дұрыс.

Темір препараттарын қабылдап жүрген кезде тамақтануға ерекше көңіл бөлген жөн. Темірдің сіңімділігін арттыру үшін, құрамында С витамині бар тағамдарды молырақ пайдаланыңыз. Олар: цитрус жемістері, қызанақ, түрлі-түсті қырыққабат, т.б. Итмұрын сусыны құрамында С витамині мол болады. Бірақ итмұрын тіс эмалін бұзатын болғандықтан, оны түтікше арқылы ішу керек.

Темірдің ағзаға сіңуіне кедергі болатын да заттар бар. Мысалы, кофеин. Кофеин, шай, кофе, Кока Кола секілді сусындар құрамында болады. Сондықтан темір препаратын қабылдап жүрген кезде, шайды тамақтан кейін бір сағаттан соң ішіп әдеттеніңіз.

Темір дәрілерін ішіп жүрген ересек адамдар сүт өнімдерін қабылдауды шектеп, күніне 500 граммнан асырмағандары дұрыс.

Ал қан аздықтың алдын алу жолы да – дұрыс тамақтана білу. Ет (сиыр, құс) және балықта, бұршақ тұқымдастарда, сұлы, қарақұмық жармаларының құрамында темір бар. Жас сәбилер үшін ең дұрысы – ана сүті. Ал жасанды жолмен тамақтандырылатын балаларға темірмен байытылған қоспалар мен жармалар беріңіз.

Жанна КАШКЕНОВА,

Ақтөбе қаласындағы №1 кеңес

беру-диагностикалық емханасының

зертхана дәрігері.

ИТТЕН ЖҰҒАТЫН ДЕРТ

Бауыр эхинококкозы – ауыр дерт, дер кезінде емделмесе, адам өміріне қауіп төнеді.

Бұл дерт адамға иттер арқылы жұғады. Негізінен, эхинококкоз малдарда кездеседі. Ауру малды сойған кезде, оның ішек-қарны, т.б. мүшелері күл-қоқысқа тасталып жатады, соларды иттер қорек етеді. Сөйтіп, иттер эхинококк жұмыртқаларын таратушыға айналады. Эхинококк жұмыртқаларын иттер нәжістері арқылы аулаға, су қоймасына, бау-бақшаға, әйтеуір жүрген жерінің бәріне таратады. Сол суды қайнатпай ішкен, немесе сол бақшадан көкөніс жеген адам эхинококкоз ауруын жұқтырады. Ауруды жұқтырғанымен ол көп жылдарға дейін ешқандай шағым айтпайды. Себебі эхинококкоз іріңді ісігі өте жай өседі де, жылдар бойы ешқандай белгі бермейді. Көбіне ультрадыбыстық тексеру арқылы кездейсоқ анықталып жатады.

Эхинококкоз көп жағдайда – бауырды және, оның оң жақ бөлігін зақымдайды. Эхинококк жұмыртқалары  кейде қан айналымы арқылы өкпеге, ағзаның басқа мүшелеріне «жете алады».  Бауыры зақымданған адамдар әдетте оң жақ қабырға астының ауыратынын айтады, ол жер кейде іседі және ағзада түрлі аллергиялық реакциялар пайда болады.

Эхинококкоздың екі түрі болады: гидатидті және альвеолярлы. Гидатидті эхинококк екі қабатты қабығы бар, іріңді ісік түрінде кездеседі. Ал альвеолярлы эхинококк тығыз болып келеді, оның қабығы болмайды.

Іріңді ісік өскен сайын, бауырды қысып, әрі қан құрамына зиянды заттар бөлінуіне әсер етеді де, адам сарғайып, жағдайы нашарлайды.

Эхинококкоз дертіне байланысты күдік туған жағдайда, ішкі ағза мүшелерін ультрадыбыстық, т.б. тексерулерден өткізіп, қан құрамын зерттеу керек.

Бұл дертті емдеу үшін, міндетті түрде операция жасалады.

Жәмила САНСЫЗБАЕВА,

ультрадыбыстық зерттеу дәрігері.

КОКА КОЛА ЖӘНЕ ҚАНТ ДИАБЕТІ

Бүгінгі адамдар тамақтан емес, сусыннан семіріп жүрген көрінеді.

АҚШ-тың Солтүстік Каролина штаты университетінің ғалымдары осындай шешімге келіп отыр. Түрлі зерттеулер арқылы олар соңғы 37 жыл ішінде адамдардың сусыннан екі есе артық калория алатын болғанын анықтапты. Себебі адамдар жылдан-жылға шөл басу үшін кәдімгі су ішуді азайтып, орнына түрлі тәтті сусындар мен газды су пайдаланатын болыпты. Ал, ғалымдардың пікірінше, тәтті және газды сусындар семіздіктің ғана емес, сондай-ақ қант диабеті дертінің де кең таралуына себепші болып отырған көрінеді.

«Егер 1965 жылы тәтті сусындар тәуліктік калория мөлшерінің 12 пайызын ғана құраған болса, бүгінде бұл көрсеткіш 21 пайызға жетіпті» – дейді зерттеушілер.

Олар шөл басу үшін ең дұрысы су ішіңіз дейді.

Әрине, суды құрамындағы ауру тудырғыш микробтарды өлтіру үшін, қайнатып ішкен дұрыс.

Ал балаларға Кока Кола, басқа да осы тәріздес газды әрі тәтті сусындарды мүлде бермегеніңіз жөн. Бұл сусындар семіздіктен басқа, мысалы, қант диабеті қаупін  тудырады, қан аздық дертінің асқынуына соқтырады деседі.

С ВИТАМИНІ СУЫҚТАН ҚОРҒАЙ АЛА МА?

Күз бен қыста дәріханаға жолы түссе-ақ, басқа дәрілерге қоса С витаминін сатып алуды ұмытпайтын пысықтар арамызда аз емес.

Өйткені С витаминінің «суықтан қорғаушы» деген аты бар. Мұндай түсініктің қалыптасуына себепкер – атақты химик Лайнус Полинг. Өткен ғасырдың 60-жылдарында ол: «өте көп мөлшерде қабылдаған жағдайда, С витамині суық тигеннен болатын дерттердің алдын алады» – деп мәлімдеді.

Өте көп дегенде – тәуліктік мөлшерден екі-үш, тіпті он есе емес, жүздеген есе көп. Полинг мәлімдемесі әлем жұртшылығының құлағына жетуі мұң екен, фармацевтикалық компаниялардың ісі оңға басып жүре берді. Әрі арзан, әрі соншалықты пайдалы түйіршікке жұрт жапа-тармағай бас салды. Суық тиіп, төсекке таңылғаннан сақтасын, әрине! Әсіресе, өркениетті елдерде С витамині дәріханаларды былай қойып, супермаркеттерде де сатылатын болды.

Былайғы жұрт Полингке оңай сенгенмен, оның әріптестері шындыққа көз жеткізуді мақсат етіп, түрлі зерттеулерге кірісіп кеткен. Зерттеушілер С витаминінің табынушысына айналған мыңдаған еріктілерді бақылауға алды. Сөйтіп, Полинг мәлімдемесінен ондаған жылдардан кейін, ғалымдар оны қателесті деп тауып отыр. «С витамині суықтан болатын дерттердің алдын алмайды. Бірақ Полингті үзілді-кесілді кінәлауға болмайды. Дерттің алдын алмағаныменен, ауыра қалған жағдайда, расында да, С витаминінің пайдасы болады» – дейді олар.  Атап айтқанда, дерттің тым ұзаққа созылып кетпеуіне көмегі тиетін көрінеді.

Ендеше, ғалымдарға көзсіз сене берудің қажеті жоқ. Екі рет Нобель сыйлығын алған Полинг те қателесті ғой? Әсіресе, медицинада нендей шулы жаңалыққа да сақтықпен қарап үйренген жөн-ау.

СӘНҚОЙЛЫҚ ТА АЛЛЕРГИЯҒА ДУШАР ЕТЕДІ

Қазір аллергиядан зардап шекпейтін адамдар сирек: химиялық дәрі-дәрмектер, тағамдар құрамындағы түрлі жасанды қоспалар, ауадағы зиянды заттар…

Ал кейде мүлде ойламаған заттар да аллергия тудырады. Мысалы? Мысал жеткілікті-ақ.

Бірінші мысал: кейбір қыз-келіншектер алтын таға алмайды, алтын сырғадан құлағы ісініп кетеді, жүзік салса, оның орны қызарып, ұсақ бөрткендер шығады.

Алтын бұйымның аллергиялық әсері бірден білінбеуі мүмкін. Көп жағдайда 7-14 күнде белгі бере бастайды. Ал қолыңыздағы жүзікті алып тастағаннан кейін, оның орнындағы бөрткендерден бір аптасыз құтыла алмайсыз.

Негізінде, аллергияны тудыратын алтынның өзі емес, одан жасалатын бұйымды берік ету үшін қосылатын қоспалар көрінеді. Айталық, мыс, мырыш немесе никель. Алтын бұйымның сары әлде қызыл түсті болуы да сол қоспаларға байланысты екені белгілі. Қоспасыз алтын жоқ. Тіпті тіс қаптау үшін пайдаланылатын стоматологиялық алтынның құрамында да 10 пайыз қоспа болады. Кейде алтын салдырып, тісін бүтіндеп алдым-ау деп отырған адамның  аяқ астынан азапқа қалатыны бар: ауыз қуысында ұсақ жара пайда болады, қызарып, қышып, мазаны алады, бір түрлі дәм сезіледі. Мұндайдың алдын алу жолы: тіс салдырмас бұрын дәрігермен кеңесіп, алтынға аллергияыңыз бар ма, жоқ па – соны анықтау.

Алтын жақпайтын қыз-келіншектерге дәрігерлер күміс не платина бұйымдарға көшу жөнінде кеңес береді.

Ал, жалпы, кім-кім де алтын іздеген кезде, 750-сыныптан (75 пайыз алтын) төмен емес бұйым таңдағаны жөн.

Екінші мысал. Түлкі жағалы пальто сатып алып едіңіз, аяқ астынан түшкіріп-пысқырып, көзіңіз жасаурап шыға келдіңіз. Және мұны неге жоруды білмей жүрсіз. Ендеше, аллергологқа баруға тура келеді: сіздің жүнге аллергияңыз бар болар? Күдігіңіз расқа шыққан жағдайда сізге жағалы пальто ғана емес, қымбат аң терісінен тігілген тон, жүннен тоқылған кеудеше, ішіне түйе не қой жүні салынған көрпе – бәрінен де бас тартуға тура келеді. Қамықпаңыз – оларды жасанды материалдардан тігілген бұйымдармен алмастыра аласыз ғой. Мысалы, жасанды теріден тігілген тондардың да әсемін тауып алуға болады.

Үшінші мысал. Шампан ішсе-ақ, екі беті алаулап жанып, оның үстіне қоймастан түшкіріп, жанындағыларды күлкіге қарық қылатындар да кездеседі. Ал, расында, күлетін түк жоқ. Демек, ол адамның денсаулығында кінарат, яғни кейбір тағамдар құрамында болатын ашытқы және өңез саңырауқұлақтарына аллергиясы бар деген сөз. Ондай саңырауқұлақтар шампан, квас сусындарында, өңезді ірімшікте болады. Сондай-ақ, қысқы қар астынан шыққан өсімдіктер де осындай аллергендер бөледі. Кейбір адамдардың ерте көктемде түшкіріп-пысқырып, ерекше мазасызданатыны сондықтан. Мұндайда міндетті түрде дәрігерге жолығу керек.

Төртінші мысал. Енді біреулердің терге «аллергиясы» болады. Терлемейтін адам жоқ. Үнемі терлеуге қарсы зат қолдана беру де оңай емес. Ал терлесе болды, үстіне қызғылт дақтар қаптап шыға келетіндер бар. Бірақ мұны аллергия деуге болмайды, өйткені құрамы 99 пайыз су болып келетін тер аллергия тудырмайды. Дәрігерлердің айтуынша, бұл псевдоаллергиялық реакция, яғни терлеген кезде пайда болатын дақтар  – эритразма дертінің көрінісі. Бұл – жұқпалы дерт және әдетте ол ер адамдарда кездеседі. Эритразманы емдеу оңай. Дегенмен асқындырып алудан сақтану керек.

Әзірлеген Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button