Адалдық — ардың ісі

Алмас ЖАҚСЫЛЫҚОВ,
Темір ауданының әкімі.
Сыбайлас жемқорлық — қауіпті дерт
Сыбайлас жемқорлық—мемлекетіміздің дамуына кедергі келтіретін ең өзекті мәселелердің бірі. Ол мемлекеттік қызметтің беделін төмендетіп, азаматтардың билікке деген сенімін әлсіретеді. Сондықтан жемқорлықтың алдын алу— тек құқық қорғау органдарының ғана емес, баршамыздың ортақ міндетіміз.
Мемлекет басшысыҚасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында сыбайлас жемқорлықпен күресті мемлекеттік саясаттың басым бағыты ретінде айқындап отыр. Бүгінде заңнамалық негіз нығайып, мемлекеттік қызметтің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар реформалар іске асырылуда. Электрондық қызметтердің дамуы, цифрландыру, мемлекеттік сатып алудың ашықтығы—осының айқын дәлелі.
Аталған мәселе бойынша ауданымызда да қауіпті дерттің алдын алу шаралары жүйелі түрде жүргізілуде. Мемлекеттік органдардың жұмысында ашықтықты арттыру мақсатында қоғамдық кеңес, мониторинг топтары және тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізіліп келеді. Бүгінде билік пен халық арасындағы байланысты нығайтуда әлеуметтік желілердің маңызы зор. Осы орайда аудан көлемінде әлеуметтік желілерде кері байланыс арналары іске қосылып, тұрғындар тарапынан түскен ұсыныстар мен шағымдарға жедел жауап берілуде.
Сондай-ақ жоспарға сәйкес тоқсан сайын аудандық комиссияның отырыстары өткізіліп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері қаралады. 2025 жылдың І жарты жылдығында екі комиссия отырысы өтіп, 12 хаттамалық тапсырма берілсе, өткен жылы 4 отырыс өткізіліп, қаралған 16 мәселе бойынша берілген 32 тапсырма толық орындалды.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында аудан әкімдігі мен мемлекеттік мекемелер қызметтерінің тәуекелдеріне тұрақты түрде ішкі талдаулар жүргізіледі. Атап айтқанда, биыл 7 бөлімге ішкі талдау жасалып, нәтижесінде 19 тәуекел анықталды.
Сыбайлас жемқорлықпен күрестегі басты қағида—алдын алу. Бұл бағытта жастардың құқықтық санасын көтеру, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін қатаң сақтау, қоғамда парасаттылық мәдениетін қалыптастыру—негізгі басымдықтардың бірі.
Қоғам болып бірігіп әрекет еткенде ғана жемқорлықсыз болашақ құра аламыз. Әрбір азамат өз құқығын біліп, заңды талап етіп, әділдікке бейжай қарамаса,кез келген теріс әрекеттің жолы кесіледі.
Адалдық—ардың ісі, әділдік—елдің күші. Осы құндылықтарды өмірлік ұстанымға айналдырсақ, мемлекетіміздің дамуына, қоғамымыздың өркендеуіне үлес қоса аламыз.



