Тағзым

«Қалдырған ізің мәңгілік»…

Кім-кім үшін де болашақ өмір жолыңа өнеге берген, тағылым-тәлімі арқылы санаңа сәуле құйған, ізгілікке үндеген ұстаздың орны бөлек. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейді халқымыз.

Сондай ұлағаты мол жандардың бірі Жұмажан Нұрбайқосов болатын. Ол шәкірт жүрегінің лүпілін санасымен сезінетін, бойындағы бар жақсы қасиетін жас буынға берсем деген ниеттегі мерейлі де мейірімді мұғалімдер қатарынан еді.  

Ұмтылыс жолдары

Жұмажан Нұрбайқосұлы 1921 жылы Байғанин ауданында дүниеге келген.

Елде төңкеріс болып, билік басында ақ пен қызыл алмасып, дүние төңкеріліп жатқан кезең ғой. Әрине, ол кезеңдердің қиындығын негізінен үлкендер көреді, бірақ өсіп келе жатқан жас өркендерге де әсерін тигізетіні анық,

Елдегі отызыншы жылдардағы ашаршылық, қуғын-сүргін қимылдары тыныш отырған елдің берекесін алады, ата қоныстан ажыратуға әкеліп соғады. Осындай себептерден бұлардың әулеті пананы әуелі Өзбекстан одан әрі Түркменстан жерінен табады. Ол жақта да бұларды жайлы қоныс күтіп тұрмағаны белгілі. Бірақ, айнала әйтеуір мұсылман баласы, көптің ортасында біреуден ілгері, біреуден кейін тірліктерін жасайды. Бала Жұмажан осылайша бауырлас халықтар арасында өсіп-жетіледі, сырт жерде шыңдалады.

Ұлы Отан соғысы басталған кезде ол әлі жиырмаға да жетпеген еді. 1941 жасында әскер қатарына алынып, ел қорғау үшін майданға аттанады. Ол оған дейін шаңырақ көтеріп үлгерген екен, артында жұбайы Башақ, әжесі Ақзер және анасы Алтыншаш қалады.

Қарт адамдарға қамқорлығын жасай жүріп жас келін еңбек етуге талпынады. Көктөбе деп аталатын ауылдағы түрікпеннің бастауыш мектебінде дәріс береді.

Жеңіс туы желбіреген 1945 жылы елге оралған Жұмажан жауынгер бастапқыда Көктөбеде еңбек етіп, сосын Ходжелінің педагогикалық училищесіне сырттай оқу түседі. Оның өміріне қатысты сол кезден сақталған бір естелік кейінгі жеткені бар, соны келтіре кетейік. Онда балай делінеді: «Ходжеліде оқып жүрген кезім. Біраз қатарыммен бірге жатақханада тұрамыз. Бір күні Алтыншаш шешемді түсімде көріп, шошып ояндым, түнімен мазам кетті. Ертесіне шешем қайтыс болды деген суық хабар жетті. Сол кездегі студенттердің ауызбіршілігі мықты еді, маған жолға қаражат жинап берді».

Осы Ходжеліде оқып жүргенінде немере ағасы Мединаны кездестіріп, соны қара тұтып, қасына көшіп келеді. Осылайша қалған ағайындарды да іздестіре бастайды.

Ол мұғалім бола жүріп, Қарақалпақ мемлекеттік мұғалімдер институтына сырттай оқуға қабылданып, жоғары оқу орнының тіл-әдебиет факультетін бітіріп шығады. Одан кейінгі ұстаздық еңбек жолы Тақияташ қаласындағы Ушинский орта мектебінде жалғасады.

Қырықтың қырқасына шығып, жан-жағына қарап, өткен-кеткенді зерделей бастаған тұста оны атамекен, елге оралу туралы ойлар мазалай береді. Сөйтіп туған жерге Қазақстанға көшіп келеді.

Бастапқыда «Қызыл әскер» колхозындағы бастауыш мектепте ұстаздық қызмет атқарады. Одан соң Ноғайты ауылына қоныс аударып, осындағы Сағыз орта мектебінде біраз жыл қазақ тілі және әдебиеті пәнінен сабақ береді.

Көз көргендер сөйлесін деп жатады қазақта.

Ұстаздық жолда Жұмажан ағаның тәлімін көрген, кейін мектеп директоры болған Мұханбет Жұмағазин өз естелігінде өткен шақты былай деп тебірене еске алыпты:

«Мен жұмысқа кіріскенде Жұмажан аға мектеп жанындағы интернаттың меңгерушісі екен. Ол кісіден тәрбиеленушілермен жұмыс жасау, оларды күнделікті сабаққа дайындау, қоғамдық жұмыстарға қатыстыру, ата-аналармен байланыс орнатуда көптеген тәжірибеден өтіп, үлгі алдым.

Жұмажан аға қазақ тілі мен әдебиетінің ең беделді мұғалімі болды, ол кісінің сабақ беруі өте ерекше еді. Оқушылар ағайдың сабағын үлкен ынтамен, жарыса оқушы еді. Әрбір әдебиет сабағын өткізгенде жазушылардың еңбектерін оқытудан басқа, қаламгердің оқулықта айтылмаған өмірі мен қызметінен мысалдар келтіріп отыратын. Жас буын мұғалімдер ағайдың сабағына кіріп, тыңдауға өте құштар болды.

Жұмажан ағай ұжымда өте беделді, өз ісінің өте шебер ұстазы еді».

Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин — Жұмажан ұстаздың алдынан тәлім алған шәкірттерінің бірі. Ол былай дейді: «Жұмажан ағай бізге Сағыз орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді, класс жетекшім болды. Ол кісінің әсіресе қазақ тілінен берілген тақырыптарды игеруі, біздерге түсіндіруі өзгешелеу көрінетін. Жай сөйлем, құрмалас сөйлем дегендерді санамызға нақты мысалдармен жеткізе білетін. Ағайымыз тыныс белгілерінің қойылуына ерекше мән беретін.

Ол «Тәрбие деген тәңір бар» ұғымынан айнымайтын. Ол ауыл балаларының терең білім алуына жол ашуды басты мақсатым деп білетін. Сондай-ақ, білімді еңбек тәрбиесімен ұштастыруды жөн көретін. Ұстазымыз салған сондай жолмен біздің Сағыз орта мектебі түлектерінен «Алтын арай», «Жас дәурен», «Жас ұлан» жас шопандар бригадасы құрылды. Өзімнің қатарларыммен бірге мен де осы еңбек мектебінен өтіп, Жұмажан ағайымыздың бір бағдарын орындағандай болдық.

Ұлағатты ұстазымыз айтқан бір қағида өмір бойы ойымда сақталып қалыпты. Ол «мұғалім беделді болуы үшін оқушы оны сыйлауы, қаймығуы, қорқуы керек» дейтін. Осы ұстаным кейін өзім де мектепке мұғалім болып барғанымда көңілімде жүрді. Ол айтқан қағидалардың астарында қазақтың ұят болады деген ұлағатты сөзі жатыр екен ғой.

Үлкен жүректі ұстаздың тағылымы жас ұрпақ тәрбиесіндегі ізгілікке бастайтын жол секілді көрінеді маған».

Әке үлгісін жалғастырған

 Қай бала үшін де әке үлгісі болашаққа тартылған тура жол секілді. Жұмажанның 1951 жылы дүние есігін ашқан қызы Қатша бұл әулет үшін үлкен үміттің, ізгі ниеттің жақсылықтың нышаны іспетті перзент болады. Өйткені, бұған дейінгі сәбилер жастай шетінеп, солардың орнын басқандай болып келген нәресте әке-шешесінің алақаны аясында, ерекше қақморлықпен өсіп-жетіледі.

Мектепте оқып жүргеннен-ақ мұғалім болуды алдына мақсат етіп қойған ол Ақтөбе педагогикалық институтының математика факультетіне оқуға түсті.

Ол жоғары оқу орны қабырғасында білім ала жүріп, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады, студенттік іс-шаралардың белсенді ұйымдастырушыларының бірі болады.

Қатша Жұмажанқызы институт бітірген соң Сағыз орта мектебінде ұстаздық еңбек жолын бастады, сынып жетекшісі болып, шәкірттердің жадына білім нәрін құюмен бірге, оларға тәлім-тәрбие, тағылым жолын көрсетті.

Кейін Жаңаөзенге қоныс аударып, сондағы Қызылсай ауылындағы №4 орта мектепте шәкірттерге математика пәнінен дәріс береді. Оның сол кездегі шәкірттерінің бірі Күмісгүл Өскінбаева сүйікті апайы туралы мынадай пікір білдіріпті: «Қатша апайдың сабағын барлық оқушы ұйып тыңдап, айтқанын екі етпейтін. Ол өте талапшыл болатын. Әрбір істі ұқыпты орындап, шәкірттерге сан, есеп, формуланың қыр-сырын үйретті. Ең бастысы, өз мамандығының шебері еді. Ой-сананың дамуына әсер ететін математика пәнінен білімді, жауапкершілігі мол маманның сабақ бергеніне дән риза болатынбыз.

Жаны жайсаң, білімі терең, рухы биік, адамгершілігі мол ұстазым дүниеден өтті дегенде жаным сыздап, қимастық сезімі жүрегімді кернеді».

Шынында да, әр ұстаздың орны шәкірт үшін бөлек. Ал Қатша апайлары туралы оның алдынан тәлім алған көптеген түлектердің үнемі жылы лебіз білдіруі, бірқатарының оның ізімен математика пәнінің мұғалімі мамандығын таңдауы — ұстаз еңбегіне құрмет, ізгілікке ізет деп білеміз.

Бауыры Ілияс Жұмажанұлы былай деп толғанады: «Әкемнің ізін басқан, ұлағаты мол ұстаз болған, еңбек сіңірген мұғалім құрметті атағын көзінің тірісінде алуға қай жағынан да лайық менің Қатша апам еді. Қатша апай Маңғыстау жаққа тұрмысқа шығып, үш қыз баланы дүниеге әкелді. Қызылсай деген мектепте ұстаз болып жұмыс жасады. Ол келген жерінде жақсы-сыйлы келін, жұмыс істеген ортасында да қадірлі мұғалім болды. Апамның көзін көрген адамдар «Мен Қатшаның інісімін» дегенімде, «қандай кісі еді, қандай мұғалім еді, менің ұстазым еді, еш ұмытпаймын» деп мақтай жөнелгенде, көңілім марқаяды.

Қатша апамды ойлағанда, әкемнің бір арманы орындалған секілді көрінеді, өйткені, әкем де өз мақсат-мұратын мұғалімдікке арнап еді ғой».

Адам ұрпағымен көгереді

Жұмажан аға мен Башақ апаның өнегелі отбасында алты бала өсіп-өнеді. Үлкені Қатша, оған жалғас Нұрберген, Ілияс, Мәрияш, Тасым, Жанат.

Өзінің жолын қуған Қатша апа туралы жоғарыда айтып өттік.

Жұмажан Нұрбайқосов көпшілікке ұлағатты ұстаз ретінде танылса, оның осы жақсы атағының қалыптасуына үйдегі зайыбы Башақ ананың да үлесі болғаны айтылып қалады. Оның басты міндеті — балаларын бағып-күту болса да, сонымен қатар, азаматының да алаңсыз еңбек етуіне жағдай жасап отыруды парызы деп санаған сыңайлы. Ең бастысы, олардың арасындағы өзара сыйластық, тату-тәтті, жарасымды ғұмыр көпке үлгі ретінде айтылып жүрген көрінеді.

Енді олардың балаларына келсек.

Нұрберген Жұмажанұлы Сағыз орта мектебін бітіргеннен кейін, еңбек жолын Ноғайты стансасында электр монтері болып бастайды. Алматы темір жол институтын электрлендіру мамандығы бойынша бітіреді.

Шұбарқұдық станциясына қарайтын теміржол саласында белді бір мекеменің ұзақ жыл директоры қызметін атқарды, аудандық мәслихат депутаты бола жүріп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосты. Зайыбы Зада Базарбайқызы екеуі төрт перзент өсіріп, оларбүгінде немерелерінің қызығын көруде.

Ілиясы Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технологиялық институтының құрылыс факультетін бітіріп, кейін Жаңаөзен қаласындағы жеке құрылыс компаниясының президенті деңгейіне дейін көтерілді. Оны жалпы жұртшылық халықтық, рухани, мәдени бағытта айналасына қайырымдылық, меценаттық көмегін тигізіп жүрген жаны жомарт, қолы ашық азамат ретінде біледі, Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы.

Зайыбы Қарлығаш екеуі үш перзент өсіріп, олар бүгінде тәуелсіз елдің игілігіне еңбек етуде.

Мәрияш та әке жолын қуып, ұстаздық жолға түсті. Ол Жаңаөзен қаласындағы орта мектепте математика пәнінің мұғалімі болып жемісті еңбек етті. Өкінішке қарай, мезгілсіз дүниеден өтті.

Тасым өзін құрылыс саласында танытты. Ол өзінің еңбек жолын «Өзенмұнайгаз» мекемесінде оператор болып бастады. Кейін «МАКС-КМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде еңбек етіп, өзінің еңбекқорлық қасиетімен жастарға үлгі болып келеді.

Ол зайыбы Биялаймен бірге екі перзент өсірді.

Ал кенже қызы Жанат заман ағымына сай кәсіпкерлікті қалады. Қыздары — Зере мен Назымды жақсы жолға жетелеп келеді.

* * *

Ғибратты ғұмырын ұстаздыққа арнап, қоғамымыздың келешегін — саналы шәкірттерді тәрбиелеуді өзінің өмірлік ұстанымы етіп алған Жұмажан Нұрбайқосов 1981 жылдың сәуір айында қызметте жүрген кезінде жүрек талмасынан кенеттен өмірден өтті. Бұл кезде небәрі елу тоғыз жаста еді.

Ұрпағын өсіріп, олардың жемісін енді көремін деп отырғанда өмірден озды.

Балаларына адалдық туралы көп айтып, «шыншыл болыңдар, жақсы маман болуға ұмтылыңдар!» деп өсиет еткен әке аманаты ұрпағы үшін бұлжымас бағдаршамға айналды.

Көңілге медет етер бір жай — артында өшпес ізі қалды. Ол — жапырақтай жайылған ұл-қыздары, олардан тараған ұрпақтар, сондай-ақ өзі білім жолын нұсқаған, тәлімін берген сансыз шәкірттері…

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button