Спорт

Арсен — әлем чемпионатының жүлдегері

Бәрекелді!

Ақтөбелік балуан Арсен Жұма жастар арасындағы әлем чемпионатында жүлдегер атанды.

Арсен 2022 жылы грек-рим күресінен жасөспірімдер арасындағы (U17) әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болған еді. Араға үш жыл салып, осы жетістігін жастар арасындағы (U20) әлем біріншілігінде де қайталай алды.

17-24 тамыз аралығында Болгарияның Самоков қаласында өткен чемпионатта Арсен 55 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Ол жарыстыекінші айналымнан бастады. Бұл кезеңде румындық балуан Радуну Бедриаганы 9-0 есебімен жеңді. Ширек финалда өзбекстандық Жанполат Түлкінбаевтан 11-0 есебімен басым түсті. Өкінішке қарай, жартылай финалда Иран елінің балуаны Рауат Ахмади Болотаниден 3-0 есебімен жеңіліп қалды. Ал қола медаль үшін болған белдесуде қырғызстандық балуан Омур Ынтымақұлынойсырата жеңді. Есеп: 10-0.

Арсен күреспен 9 жасынан бастап айналысып келеді. Ол күреспен шұғылдануды Шалқардағы Владимир Цеханович атындағы спорт мектебінде бастап, одан соң Ақтөбедегі Есет батыр атындағы мектеп-интернатта оқыған.

Жалпы, Болгарияда өткен әлем чемпионатында қазақстандық жас балуандар жарқын өнер көрсетті. Еркін күрестен Қазақстан ұлттық құрамасы 1 алтын, 1 күміс және 3 қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте АҚШ-тан кейінгі ІІ орынды иеленді. Ал грек-рим күресінен ұлттық құрама мүшелерінің еншісінде 1 күміс, 3 қола жүлде бар. Жалпыкомандалық есепте олар V орында тұр. Әйелдер күресінен Қазақстан бұл жарыста 1 қола медаль ғана еншіледі.

 Айна САРЫБАЙ.  

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button