Білім

Мектептерге 27 автобус берілді!

Сейсенбі күні облыстағы 27 мектепке автобус берілді. Бұл автобустар мектептен 3 шақырым қашықтықта тұратын балалардың тасымалын ұйымдастыру үшін сатып алынды. Сонымен қатар жаңа көлік оқушылардың тарихи-мәдени ескерткіштерге саяхатқа шығуы үшін де қолданылады.

Салтанатты шараға облыс басшысы Елеусін Сағындықов, Ақтөбе қаласының әкімі Архимед Мұхамбетов, облыстық білім басқармасының бастығы Аманғали Құдайбергенов, балалардың құқықтарын қорғау департаментінің директоры Күлпаршын Айдарханова және мектеп директорлары мен оқушылар қатысты. Алдымен облыс әкімі Е. Сағындықов сөз алды.

Қымбатты оқушылар, ұстаздар, бүгін – білім саласында ерекше қуанышты күн. Биылғы Елбасы Жолдауында әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан әлеуметтік салаға айрықша көңіл бөлінетіндігі туралы айтылған. Міне, бүгінгі игі шара – соның көрінісі.

3 шақырымнан артық қашықтықта тұратын балаларды мектепке тасымалдау үшін облыс мектептеріне 47 автобус керек екен. Соның 27-сін қазір тапсырамыз. Бұл – біздің облыста бұрын-соңды болмаған жағдай.  Биылғы есебімде екі жылда мектептерді автобуспен қамту проблемасын шешеміз деп айтқан едім. Төрт айдың  қорытындысы бойынша, экономиканың қарқынды дамуының арқасында қыркүйектің 1-іне дейін екі жылға жоспарлаған шаруаны 8 айдың ішінде шешуді жоспарлап отырмыз. Бұл, әрине, көңіл қуантарлық жағдай.

Жалпы, биыл білім саласына ерекше көңіл бөлініп жатыр. Кеңес дәуірінен бері дұрыс жолға қойылмаған мәселе – оқушыларды (бастауыш сынып балалары) тегін ыстық тамақпен қамту биыл қаңтар айынан бастап толық шешілді. Сонымен қатар биыл студенттерге, колледж оқушыларына грант көп берілді. Мұғалімдер баспанамен қамтылып жатыр. Биыл ауылдық жерлерде кемінде 70-80, тіпті 100-ден де көп мұғалім баспаналы болады. Оның ішінде институт бітіріп келген жас мамандарға да жағдай жасалынады. Оларға үш жылда үй алатын жағдай жасаймыз. Тіпті, өзінің меншігіне тиесілі болатындай мүмкіндік жасауды жоспарлап отырмыз. Тағы бір жағымды жаңалық: мұғалімдердің мәртебесін арттыру мақсатында 1000-нан аса мұғалімге 150 мың, 130 мың  теңге көлемінде әкімнің сыйлығы беріледі. Бұл да бір «Ақтөбенің моделі» деп айтуымызға болады.

Биыл кемінде 10-12 мектеп пен 13-14 балабақша пайдалануға беріледі. Бірінші рет жүзден астам білім беру мекемелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жасалынады. Мен білім саласында 25 жылға жуық қызмет істедім. Ол саладан кеткелі де 15-16 жыл болып қалған екен. Жалпы соңғы 40 жылда елімізде білім, денсаулық сақтау, басқа да әлеуметтік салаға мұндай ерекше жағдай жасалып, көңіл бөлінген жоқ. Осының бәрі, сайып келгенде, білім сапасының көтерілуіне мүмкіндік жасайды. Осы игі істердің барлығы, айналайын балалар, сіздер үшін, сіздердің жарқын болашақтарыңыз үшін жасалып жатыр.

Қымбатты оқушылар, сіздер бұл автобуспен мектепке қатынап қана қоймайсыздар, сонымен қатар саяхатқа шығуға, облыстағы тарихи-мәдени ескерткіштерге баруға пайдаланатын боласыздар. Егер қажеттілік болса, келесі жылы да  автобустар сатып аламыз. Онда «ПАЗ» маркалы автобустар емес, одан да жайлы, сыйымдылығы көп автобустар алынады. Бұл – игі істің бастамасы ғана. Ең бастысы, сіздер жақсы оқып, үлгілі оқушы болыңыздар. Сонда бәрі де болады. Көліктеріңіз құтты болсын! – деді Елеусін Сағындықов. Бұдан соң облыс әкімі  мектеп директорларына автобустардың кілтін салтанатты жағдайда тапсырды.

Автобустар Ақтөбе қаласының 10 мектебі мен Мұғалжар, Алға, Шалқар, Әйтеке би, Ырғыз Қарғалы, Хромтау, Темір аудандарының мектептеріне берілді. Бұл автобустардың арқасында 2600 баланың мектепке бару мәселесі шешіледі.

Жалпы, 2008-2009 оқу жылдарында облыста балалар тасымалын ұйымдастыру үшін 32 автобус пайдаланылған. Оның 7-еуі мектеп автобустары болса, қалғандары басқа мекемелердің көліктері екен. Ақтөбеде оқушыларды тасымалдаумен «Автопарк» ЖШС айналысады. 3 шақырымнан қашық орналасқан жерлерден балаларды тасу үшін  аталған мекеме 19 автобус бөлген. Қалада саяжайларда тұратын оқушылар да бар. Оларды тасымалдау үшін былтыр желтоқсан айынан бастап қосымша 4 автобус шығарылды.

Дана ХАМИТОВА, №18 орта мектептің оқушысы:

– Біздің мектепте 536 бала дәріс алады. Соның 25-і Россовхоз ауылынан қатынап оқиды. Енді олар мектептің автобусымен тасымалданатын болды. Сонымен қатар бұдан былай біз қалалық Оқушылар сарайына, театрға өзіміздің автобуспен қатынайтын боламыз. Расын айтсам, қуанышымда шек жоқ. Осындай игі, ізгілікті ісі үшін облыс әкімі Елеусін Сағындықовқа мектеп оқушылары атынан ризашылығымды білдіремін.

Серік МЫРЗИН, №2 Қандыағаш орта мектебінің директоры:

– Бүгін ерекше қуанып отырмыз. Себебі көптен бері шешімін таппай келе жатқан мәселе шешілді. Автобусты тек қана тасымалды ұйымдастыру үшін емес, оқушыларды тарихи-мәдени ескерткіштерге апару үшін де пайдаланамыз. Мектепте 1450 бала білім алады. Соның 67-сі тасымалданып оқиды.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button