Мәдениет

Кішкентай Абай Құнанбайұлына құрмет көрсетті

Ақтөбе қаласындағы Триатлон саябағында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған әдеби-караоке кеші қорытындыланды. Бұл күні Абай-Әйгерім жұптары сахнаға шақырылып, ақтөбелік өнерпаздар хакімнің әндерін орындады, өлеңін мәнерлеп оқыды.

— 1-10 тамыз аралығында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған әдеби-караоке кеші Абай мұрасын сүйер қауымды бір алаңға жинап, қазақ әдебиеті мен әуенін ерекше форматта тоғыстырды. Он күн бойы сахнада Абайдың өлеңдері, қара сөздері, поэмасы оқылып, әндері айтылды. Аталған шараға қаламыздың өнер ұжымдарымен қатар, болашақ журналистер, жас ақындар және қала тұрғындары белсене қатысып, өнер мерекесінің шырайын аша түсті, — дейді Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Гүлназ Үмбет.

Салтанатты жиында Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Әсет Оралбаев жиналғандарды атаулы датамен құттықтап, Абай шығармашылығының өміршеңдігі туралы айтты. Артынша бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан Абай мен Әйгерімдерге — барлығы  7 жұпқа, сондай-ақ 25 шілде күні шаһарда дүниеге келген Абай Құнанбайұлының ата-анасы — Құнанбай-Айсәуле Диханбайларға естелік сыйлықтар табыс етті.

Зайыбым Әйгерім екеуміз осыдан 8 жыл бұрын бас қостық. Шыны керек, басында есімдеріміз тарихта белгілі тұлғалармен үндес екенін аңғармадық. Үйлену тойында туыстарымыз айтқанда ғана мән беріп, бұны жақсылыққа жорыдық. Абайдың рухы бәрімізді қолдап жүрсін! —  деп лебізін білдірді Абай Қуандықұлы.

Кеште Абайдың «Сегіз аяқ», «Өзгеге көңілім тоярсың», «Есіңде бар ма жас күнің?», «Мен бір жұмбақ адаммын» әндері орындалып, өлеңдері оқылды. Көрермендер арасынан жастар «Алтыбақан» тепті.

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры, «Әлия гүлі» қазақ би ансамблі сынды өнер ұжымдары, сондай-ақ Ернар Алтын, Ұлан Досмұратов, Ләззат Медетова, Нұргүл Рамазанова, Ақнұр Нұрымбет, т.б. артистер ән салған әдеби-караоке кеші осылай өтті.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button