Тағзым

Тереңге тартқан тамырын…

Кім-кім үшін де өмірде асқар тау әкенің орны бөлек. Өйткені ол — өмірдегі бағдаршың, баға жетпес үлгің, бағыт ұстар биігің.

Біз бүгін сондай ерекше жандардың бірі Серік Кәкімов туралы әңгімелемекпіз.

Ата-бабаларының байырғы мекені Шалқар өңірі болғанымен, бір кездері әулеттің бергі буыны заман ағымымен мына Мәртөк өңіріне қоныс аударыпты. Сондағы Хозауыл деп аталып кеткен мекенде Серік аға 1934 жылы дүниеге келген екен.

Қазақ елінің тарихындағы аласапырандау бір кезең ғой. Үлкендер бастан кешіп жатқан қиындау тұстардың тақсіретін бала да сезеді емес пе? Соның бәрін бастан өткеріп, енді жетіліп келе жатқанында соғыс басталып, Сәләу әке ел қорғауға майданға аттанады.

Жалғыз баласы Серікті бауырына басқан Құндызай ана үйде қарап отырып қалмайды. Елдің тірлігіне белсене араласады. Соның нәтижесінде тіпті басқарма да болады. Күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмейтін шаруа ғой бұл. Сөйтіп жүріп Серігін де назардан тыс қалдырмайды. Кейде ұсақ-түйек шаруаға да қосып қояды. Осылайша жас өрен кішкентайынан бар мен жоқты көріп жүріп жетіледі, өмірдің сынақты сәттерін қатарластарынан ертерек сезінеді.

Қандай қиындық бастан өтсе де, жақсы үмітпен жүрген жандардың үміті ақталады. Сәләу майдангер елге аман-есен оралады. Жарақат алып келгенімен, жанын күтіп отырмайды, бірден еңбекке араласады.

Жиырманың үстіне енді ғана шыққан, жалындап жүрген жас жігіт Серік тура 1955 жылы Ақтөбеден аңсаған аруын табады. Ол Несібелі атты қыз екен. Есімі Байғанин өңіріне белгілі Қарабас деген кісінің қызы. Облыс орталығындағы №16 орта мектепті Болатбай-Ұрқия атты аға-жеңгесінің үйінде жатып бітіріпті.

Он жеті жасында келін болып түскен Несібелі ару ауылдың үлкендеріне сәлем етіп, жастарын жанына тартқан ибалы жан болып шығады. Ол бір әулеттегі қатар қоныстанған үш үйдің келіні атанып, ата-әжелерінің бәрінің көңілін табады, баталарын алады.

Сөйтіп жүріп фермада күніне отыз-қырық сиыр сауып, сүтін өткізіп отырған.

Үйге келгенде тігін машинасын қолына алып, бала-шағасының, үлкендердің киім-кешегін өзі тігіп беріп отырған.

Жас жұбайлардың өмірі қалыпты жағдайда өтіп жатады. Үйдің азаматы Серік Сәләуұлы — ауылдың алға ұстар, шаруаға бейім, өз ісіне берік мамандардың бірі. Ол кезде жоғарыдан өкілдер көп келеді. Бір қызығы, шаруашылық басшылары оларды жұртшылықпен кездестіріп, шаруа жайын көрсеткеннен кейін қонақ етуге осы үйге алып келеді екен. Бұл шаңырақтағы берекелі дастарқан, жарасымды тірлік, жақсы әңгіме шамасы сондай ахуалға жол бастайтын болса керек.

Оның үстіне Серік аға жас кезінен әншілігі бар, тіпті өз жанынан өлең де шығарады Домбырасын да жанынан тастамайды. Ондай адам тіпті қонақсыз отыра алмаса керек. Облыстан келген ресми адамдардың өзі әрі-беріден соң шаруашылықты тексеруге келгендерін ұмытып, ән-күйге елтіп, кейде өздері де әдемі әуенге қосылып кетеді екен.

Осылайша шаруашылықтың қарапайым бригадирі ел ішінде үлкен беделге ие болады.

Серік аға ауылдағы той-думанның, салтанатты кештердің ұйытқысы болады. Оның орындауындағы Шәмші Қалдыаяқов, Ескендір Хасанғалиевтің әдемі әндері тыңдарман жұртшылықтың жүрегін баурайды. Ал домбырасын қолына алып, «Аман бол, шешем, аман бол!», «Адай», «Балбырауын», «Кеңес» күйлерін тартқанда елтімейтін адам болмайды екен.

«Ана туралы жыр», «Анаға сәлем» әндерін балаларының өзі жаттап алып, үнемі әкелеріне қосылып айтуы — дүниедегі ең құдіретті тұлға АНАҒА деген аяулы сезімнің биік өлшемін байқатса керек.

Әкенің тәрбиесі болар, бұл үйдің балаларының бәрі кішкене кездерінен қолдарына домбыра ұстап өседі. Күй күмбірі бұл шаңырақтың мәртебесін биіктетер, айбынын асырар символ сияқты болып қалыптасады.

Серік ағаның сүйсініп айтатын әсем әндерінің бірі — Ілия Жақановтың «Әселім-жаным» әні болыпты. Ең алғашқы немересі Әселін жақсы көргендіктен де болса керек, осы әнді айтқанда ерекше тебіреніп, көз алды буланып отырады екен.

Серік ағаның тағы бір ерекшелігі — балықшылығы болса керек. Ешкімге ұқсамайтын өз әдісімен өзенге қармақ салып, біраз уақыт өткеннен кейін қайта тексергенде, біраз береке жиылып қалатынға ұқсайды.

Бұдан басқа шахмат-дойбы тастарын тігіп жіберіп, балаларын да бұл өнерге баулыған.

Бір кездері орыс өңірі атанып кеткен Мәртөк жағында бұл үйдің қазақы қалыпты сақтаудағы бір үлгісі әлі де мақтанышпен айтуға тұрарлық. Пошта таратушылар ауылдағы бригадир Серік Кәкімовтің үйіне республикалық «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері», облыстық «Коммунизм жолы» газеттерін, «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері», «Жұлдыз» журналдарын жеткізіп тұрады екен. Бір қызығы, осы басылымдар келген кезде үйдегілер ішіп отырған тамақтарын тастап, жаппай газет-журнал қарауға көшетін дағды қалыптасқан.

«Жалғыздың жары — құдай» деген бар. Шаңырақта жалғы өскен ұл Серік ағаның отбасында он бір перзент дүниеге келеді.

Абай, Әбіш, Әбен, Айбек, Аманкелді, Айнаш, Әлия, Айгүл, Айнұр, Анар, Жанар атты ұл-қыздар Сәләу атаның бәйтерегін биіктетіп, жапырағын жаяды.

Айтпақшы, Серік ағаның әдебиетке құштарлығы балаларына ата қоюынан да айқын білінеді.

Жас кезінен Мұхтар Әуезовтың «Абай жолын» жастанып оқыған жігіт дүние есігін алғашқы болып ашқан тұңғышына ұлы ақынның есімін береді. Аманкелді батыр атын да осындай ізгі ниетпен қояды. Өкінішке қарай, сол бала кішкентай кезінде шетінеп кетеді.

Ал «Өтемістен туған он едік» деп Махамбет ақын айтқандай, Серік ағаның он ұл-қызы, шүкір, бүгінде елдің танымал азаматтары болып, жақсы тірлік кешіп, өнегелі өмір сүруде.

Үлкені Абай Ақтөбе химия зауытында еңбек етіп, цех бастығы дәрежесіне дейін көтерілді. Әбені бүгінде облыстағы танымал кәсіпкерлердің бірі.

…Жалындап жүрген әке өмірден ерте өтті. Елу алты жас балаларын атқа мінгізіп, олардың бәйгеге шапқанын көретін, немелерелерінің бал тілін қызықтайтын шақ емес пе нағыз? Талайды көрген абзал ана Несібелі бәрібір мойымады. Қайтадан қайратына мінді. Балаларына әкенің жоқтығын білдіртпеуге тырысты. Қайта оларға әкелерінің жақсылығын, кезінде айтқан ақылын қайталап айтып, сол бір жақсы адамның рухы арқылы тәрбиеледі.

Шынында да, қай бала болмасын, өмірде әкеге қарап өседі. Ал ана атаулы баласын әке арқылы жақсы жолға жетелейді. «Әкең келе жатыр!» деген сөз — бала үшін тәртіптің тура бағдары. Бұл шаңырақта да осындай әдемі үйлесім орын алған.

Балаларын бір биікке жеткізген Несібелі әже 2020 жылы өмірден өтті.

Бүгінде олардың он баласынан тараған жиырма немере, отыз сегіз шөбере әулет жалғастығын жасауда.

Бір елдің белгілі азаматы атанған Серік Кәкімовтің ізі осылайша жалғасуда.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button