Басты жаңалықтар

Ханым жүргізген көлік

Өткен сенбіде облыстық жол полициясы ғимараты орналасқан аймақта  8 наурыз әйелдер күніне арналған «Ханымдар автокөлік жүргізеді» атты байқау өткізді. Оған  жиырмадан астам қыз-келіншектер қатысты. Бір қызығы, топты сексен екі жастағы жүргізуші әже бастады.

— Газеттен көріп, өткізілу ретімен танысқан соң мен де бағымды сынап көрейін дедім, — деп бастады әңгімесін осы байқауға қатысқан Ақтөбе қалалық «Жедел жәрдем» стансасының дәрігері Зияш Ниянқұлова.

Сайыс көлікті әшекейлеу, жол ережесі тәртібінен сұрақ, ирек-ирек жолдармен өту, автокөлік үстіне қойылған стакандағы суды межеленген жерге дейін төкпей жеткізу, көлікті артқа беріп, сыйымдылығы белгіленген жерге (автотұраққа) қою сияқты  бес номинациядан тұрды. Жарысты ұйымдастырушылар сайыс өткен алаңының қардан әдейі тазартылмағанын айтады (өйткені Ақтөбе облысының жолдарына сәйкес әдейі солай жасалған). Жарысқа қатысушылар үшін ең қиыны — жолдар ойқы-шойқы, күн жел болғандықтан жұп-жұқа пластмасса стаканға құйылған суды алып өту болды. Бірақ Зияш Сейілханқызы бұл тапсырмадан мүдірмеді.

Сайысты қызықтаушылар оның автокөлігіне жапсырған (әркім өз қиялы бойынша көліктерін жасақтап апаруы қажет) маймылдары және «Өзің сондайсың!» («Сам такой!») деген сөз жөнінде көп  сұрайды. Оның айтуынша, көлік жүргізуші ер адамдар рөлде отырған қыз-келіншектерді «Обезьяна с гранатой» деп маймылға теңейді. Өйткені олардың әр қимылы жұмбақ, тез шешім қабылдайды ғой.

Зияш Сейілханқызы көлік жүргізумен мектепте жүргенде шұғылданған. «Жедел жәрдемде» жұмыс жасаған соң ба, автокөлікті де жоғары жылдамдықпен жүргізгенді ұнатады. Сол үшін полиция қызметкерлерінің тоқтатқанын да жасырмайды.  Он төрт жасынан әуелі «Восход» мотоциклін, сонан соң «Газ-63», «Газ-69», «Москвич-407» автокөліктерін жүргізіпті.

— Сайыстың қай-қайсысы да  адамның көңіл-күйін көтеріп, ертеңге деген үмітіңді жалғай түседі ғой. Таза ауаға шығып, әріптестеріммен танысып, өзімнің көлік жүргізу шеберлігімнің қандай дәрежеде екеніне айқын көзім жетті. Бір қуаныштысы — қатысушылардың көбі өзіміздің қаракөз қыздарымыз болып шықты. Байқау облыстық жол полициясы қызметкерлерінің қатысуымен жақсы ұйымдастырылған, жоғары деңгейде өтті. Тәртіп сақшылары бізді қошаметтеп, колоннамызды Әлия Молдағұлова, Әбілқайыр хан даңғылымен 12-шағын аудандағы тұңғыш Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев саябағына дейін әкелді. Мұндай жарыстар қалада мүмкіндігінше жиірек өткізілсе дегендей тілек бар, — дейді дәрігер келіншек.

Нұр ДАБЫЛОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button