Басты жаңалықтар

Австралияда тұратын апа

Бір кездері Ырғыз аудандық партия комитетінің хатшысы қызметін атқарған Тойған апа Жылқаманова қазір Австралияның Аделаида қаласында тұрады. Сексен жасқа таяған қарияның сегізінші наурыз мерекесін сезінбегеніне сегіз жылдай уақыт болыпты. Өйткені бұл құрлықтың тұрғындары халықаралық әйелдер мерекесін тойламайды. Тойламағаны былай тұрсын, қыз-келіншектерге бұл күні бір ауыз құттықтау сөз де айтпайды.

Аделаидадағы кешкі серуен

Біз Тойған апамен телефон байланысы арқылы хабарластық. Телефон тұтқасын алған Тойған апаның жиені Клараның жолдасы, ұлты украин Александрға әуелі өзімізді таныстырып, мән-жайды түсіндірдік. Түскі сағат үш шамасында хабарласқанымызда, Тойған апа кешкі Аделаиданың таза ауасын жұтуға, серуенге шығып кетіпті.

Тарихында 5 рет астанасын өзгерткен ел — Австралия. Сидней, Аделаида, Брисбен, Кернс, Канберра.

Бізден уақыт жағынан бес-алты сағат айырмашылық бар Аделаида — оңтүстік Австралия штатындағы ең үлкен қала. Спорттық жетістіктері және шарабымен әлемге әйгілі бұл қалада қазір миллионнан астам халық тұрады.

 

Ырғызымды сағындым…

 

Тойған апамен телефон байланысы арқылы тілдесудің сәті түскенде, қарияның айтқаны мынау болды:

— Айналайындар! Жерлесіміз, отандасымыз деп мені іздегендеріңе көп-көп рахмет. Қазақ елі Тәуелсіздікке қол жеткізіп, өз алдына егемен ел болып жатқан тұста жиенім  Клара отбасымен Аделаида қаласына қоныс аударған еді. Қазір олар оңтүстік Австралия университетінің ғылыми қызметкерлері. Қасиетті Ырғыз  — менің туып-өскен өлкем. Балалық шағым Ырғызда өтті. Ақтөбе педагогикалық училищесін тәмамдаған соң еңбек жолымды сол Ырғызда бастауыш сыныпқа сабақ беруден бастадым. Кейін Ырғыз аудандық кеңесіне депутат болып сайландым. Ырғыз аудандық кеңесі атқару комитетінің жауапты хатшысы, төраға орынбасары, аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы секілді қызмет өткелдерінен өттім. Алматы қаласындағы жоғары партия мектебінен дәріс алған жылдарда Ырғыз ауданы жабылып, қайта ашылып жатқан кез болатын. Сол тұста маған Ырғыздан шақырту келіп, зейнеткерлік жасқа дейін туған елде тер төгуіме тура келді, — деді Тойған апа.

Саналы ғұмырының көп бөлігін Ырғызда өткізген Тойған апа қазір жерлестерінің есінде болуы керек. Өйткені туған елдің өркендеуіне өзіндік үлес қосқан ол кісінің де Ырғызға деген сағынышы ерекше.

— Ақтөбеде таныстарым болмаса, көп туыстарым қалған жоқ. Австралияға кетер алдында жеке басыма тиесілі пәтерімді сатып жібердім. Қазір мұнда тұрып жатқаныма жеті-сегіз жылдың жүзі болды. Алғашқы келген уақытта туған елге жылына бір рет ат ізін салатынмын. Алматы қаласына келіп, кетіп жүрдім. Украинада құда-жекжатым тұрады. Соларға барып, жиі-жиі қонақ болдық. Бір айтайын дегенім, Алматы қаласы қазір ерекше гүл-қалаға айналған екен. Қазақстанда болып жатқан жаңалықтарды жиенім интернеттен оқып, маған айтып отырады. Аделаиданың жергілікті телеарналарынан тек Ресейдің жаңалықтарын ғана тыңдауға мүмкіндік бар. Бірде Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресейге барған сапарын австралиялық арналардың бірінен көрдім.  Қазір денсаулығым нашарлады. Жақында жүрегіме ота жасалды. Ұзақ уақыт аурухана төсегінде жаттым. Мұнда медицина мамандарының науқастарға көрсететін жоғары деңгейдегі қызметіне тәнті болдым. Ауруханада әрбір науқасқа 3-4 қызметкерден бекітілген. Олардың науқас ауруханадан шығып, әбден сауығып кетпейінше әрқайсысына жүктелген міндеті бар.  Жақында ауруханадан шықтым. Енді ұзақ жолды көтере алмайтын шығармын.  Егер денсаулығым жақсарып, өз-өзіме келсем, Ырғызға барып, туған жердің жусанын бір иіскер едім, — деді қария.

 

Наурыз және австралиялық сөктен жасалған жент

 

Тойған апаның өмірлік серігі, перзенті болған емес. Қазір ол жиеншары Гүлсараға бос уақытында қазақ тілін, ұлттық салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды үйретеді екен. Ол өзге құрлықты мекен етсе де, Қазақстан Республикасы азаматы болып қала беретінін айтады. Бір қызығы, Тойған апа  шет мемлекетте  тұрса да, қазақшадан басқа тіл білмейді.

Бұл қалада біз араласатын жалғыз ғана қазақ отбасы бар. Олар да — ғалымдар. Ерлі-зайыпты Серік Елібаев пен Айнұр Жұмағалиева жаратылыстану ғылымы бойынша көп еңбектеніп жүрген жандар. Отбасымызбен жақын араласып кеттік. Жыл сайын Наурыз мерекесін ерекше қарсы аламыз. Бұл күні мен бауырсақ пісіремін. Мен пісірген бауырсақты көршілерім, отбасым сүйсініп жейді. Ырғызда жүрген кезімде жентті жиі жасайтынмын. Мұнда келгелі бұл тағамды австралиялық сөктен екі-үш рет қана жасап көрдім. Денсаулығым болған кезде, жиеніммен бірге дүкен аралап, азық-түлік алатынмын. Спорттық жаттығуға да жиі бардым. Мұндағы азық-түліктің бағасы әлемдік нарықтағы бағамен бірдей. Қазір денсаулығымды күтіп, үйде отырмын. Далада аздап серуендеп келемін, — дейді Тойған апа.

Ырғыздық Тойған апаның айтуынша, Австралияда Жаңа жыл мерекесі ерекше тойланады. Бұл күні жергілікті тұрғындар отбасымен бірге көшеге шығып, түрлі-түсті шамдар жағады. Мерекелік ән-думанға толы мейрам бірнеше күнге созылады.

Мұнда келгелі 8 наурыз мерекесін сезінбейтін болдық. Қарапайым күндердің бірі ретінде өте шығады. Қазір Қазақстан жұртшылығы халықаралық қыз-келіншектер мерекесін атап өткелі жатқан болар. Отандастарымды, әсіресе, ырғыздық аналарды, қыз-келіншектерді төл мерекемен құттықтаймын. Сіздерден менің туған еліме деген сәлемімді жеткізулеріңді сұраймын, — деді Тойған апа.

P.S. Тойған апа облыстық «Ақтөбе» газетінің оқырмандарына оң тілегін айтып, кезінде «Коммунизм жолын» үзбей оқығанын есіне алды. Газет тілшілерінің еңбектеріне жеміс тіледі.

Австралиямен байланысқа шыққан Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button