Басты жаңалықтар

Разияның дүкені

Қобдаға баратын жолда оңға қарай бастайтын бұрылыс биік төбелер қойнауына орналасқан ауылға алып барады. Бестау деп аталатын бұл елді мекен кешегі күні бұл өңірдегі іргелі шаруашылықтардың бірінің орталығы болды. Ұжымшарда біраз мал бағылды, егіс салынды. Ауыл еңбекшілері де жеке шаруаларын қоса жүргізіп, бақуатты тірлік кешті.

Сол берекет бүгінгі күні де ығысқан жоқ бұл ауылдан. Тұрғындардың көбісі тараған шаруашылықтан үлестерін алып, жеке кәсіптерін дамытты. Істейтін жұмысы бар, тұратын үйлері жайлы болғандықтан де ел іргесі кешегі күні қозғалған жоқ. Қайта қаладан осы ауылға алаңдаушылар байқалды. Соның бірі Разия Іскендірова елге көшіп келіп, өз кәсібін ашты.

Мамандығы бойынша бухгалтер болып саналатын Разия бұл қадамға есепсіз келе қойған жоқ. Ол қалада көптің бірі болып базар маңында тынымсыз тірлік қуғаннан гөрі, нақты жұмыс атқарғанды қалады. Сондықтан да Бестауға келіп, шағын дүкен ашты.

Әуелі өзі тұратын үйдің көше жақ бетіндегі бөлмені сауда орнына ыңғайластырып, құрылыс жұмыстарын жүргізді. Қолындағы өзіне тиесілі малдарының бірсыпырасын сатты. Ауылдағы тума-туысқандары дүкен сөрелерін, басқа да жабдықтарын жасақтауға көмектесті. Көп ұзамай тұрмыстық тоңазытқыш сатып алды. Қалада біраз уақыт дүкенші болып істегені бұл шаруада көп көмегін тигізді.

Қазіргі уақытта қай ауылда да бірнеше дүкен жұмыс істейді. Көзге көрініп, сыртқа білдірмегенмен олардың арасында да іштей бәсеке жүріп жатады. Тұтынушы тәуір қызмет көрсететінін, іздегенін табатын дүкенді іздейді.

Бұл жағынан алғанда, келген адамға ілтипатпен қарап, дүкен сөресін толтырып ұстайтын Разияның қадамы ілгері басып келе жатыр. Ұдайы осында келетін тұтынушыларын жатқа біледі. Кейде олардың қажетті заттарына алдын ала тапсырыс алып, көп ұзатпай қаладан жеткізіп бере қоятыны да бар.

Көптеген тауарларын қаладан арнайы сауда өкілдері өздері жеткізіп береді. Аптасына бір рет аудан орталығына барып, күнделікті тұтыным қажеттерін және алып келеді.

Разияның ендігі алдына қойған бір мақсаты — жеке көлік сатып алу. Сонда көп шаруасы бүгінгіден де гөрі жеңілдей түсетінін біледі.

Разияның дүкеніне келушілер қазір бұл жерден іздегенін табады. Азық-түлік пе, өнеркәсіп тауарлары ма, тағы не керек, көз алдыңызда тұрады.

Ауылдағы кәсіпкердің тірлігі саудамен шектелмейді. Ол қолы бос уақытта жүн шұлық, қолғап секілді ауыл адамдары көп қажет ететін бұйымдарды тоқиды. Ол заттарды да сөреге толтырып қояды. Анасынан жұққан осы қол шеберлігі өзіне көңіл қуанышын әкеледі.

Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында ол өз дүкеніне мерекелік сыйлықтарды молынан алдырып қойды. Ондағы ойы — ауылдың азамат жігіттері сүйікті жарларын бір қуантсын дегендік еді.

Иә, көпті қуанту — кәсіпкердің алға қойған бір мақсаты.

Нұрлан ДАНАБАЕВ,

Қобда ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button