Басты жаңалықтар

«Білезік» бірге толды

Достық үйінде қыз-келіншектерге арналған облыстық «Білезік» журналының бір жылдық мерекесі өтті.

Мерекелік шараға келгендер Достық үйінің кең залында ұйымдастырылған «Махаббаттың беттері» атты жәрмеңке-көрмені тамашалады. Көрмеде бір жыл бойы облыстың он саусағынан өнер тамған нәзік жандары және олардың қолынан шыққан дүниелерді оқырмандарға насихаттаған журналдың кейіпкерлері өз туындыларын ұсынды. Бұл күні шебер жандардың дүниелеріне сұраныс та жоғары болды.

Мерекелік шараның салтанатты ашылу рәсімінде «Білезік» журналының  бас редакторы Әлия Тұрниязова ұжымды, жиналған жұртшылықты келе жатқан 8 наурыз — халықаралық қыз-келіншектер күнімен құттықтады.

Журналдың бір жылдық мерейтойын қыз-келіншектердің төл мерекесі қарсаңында атап өткенді жөн санадық. «Махаббаттың беттері» атты жәрмеңке-көрмеге аймақта түрлі мамандықтың тізгінін ұстап жүрген азаматшалар қатысып отыр. Олардың арасында тілшілер, ұстаздар, суретшілер бар. Іскер жандарды және олардың туындыларын  журналымыздың алдағы сандарында да жариялайтын боламыз, — деді Ә.Тұрниязова.

Жәрмеңке-көрмеге барлығы 35 шебер қатысты. Мерекелік шарада басылым ұжымы өз кейіпкерлеріне, штаттан тыс авторлар мен іскерлік байланыстағы серіктестеріне, қоғамдық ұйымдардың өкілдеріне алғыс айтып, сый-сияпат ұсынды.

— Мұндай жәрмеңке-көрмені журнал ұжымы облыста осымен екінші рет ұйымдастырып отыр. Бірінші жәрмеңке-көрме «Ақтөбе — суретшілер мен шеберлердің көзімен» атты тақырыпта өтіп, ақтөбеліктерге үлкен әсер қалдырған еді. Аймақта он саусағынан өнері тамған жандар көп. Сондай нәзік жандарды тауып, олардың сүйікті ісін көпшілікке насихаттауды мақсат еткен қыз-келіншектерге арналған облыстық «Білезік» журналының бір жылдық мерейтойымен құттықтаймын. Алдағы уақытта да басылым беттерінен ананы ардақтап, қызды құрметтейтін мәнді де мағыналы мақалалардың жарық көретініне сенімдімін, — деді облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Ақмарал Хон.

Мерекелік шараға жиналған қонақтар «Білезікті» бір жасқа толған туған күнімен құттықтап, басылымның тілшілеріне шығармашылық табыс тіледі.

Ақтөбе қаласындағы «Мұғалім» мектебінің оқушылары кешкі сән көйлегі үлгісіндегі  дефиле көрсетті. Қарғалы елді мекеніндегі «Геолог» мәдениет үйінің «Асыл әжелер» халықтық ансамблі өнерлерін ортаға салды.

Кеш соңында «Білезік» журналының кезекті санының тұсаукесер рәсімі өтті.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button