Білім

Батырлар мен балалар

Ақтөбе қаласындағы №5 Самуил Маршак атындағы балалар  кітапханасында мемлекеттік рәміздердің 20 және Ұлы Жеңістің 67 жылдығына орай «Батырлар — балалар көзімен» атты сурет сайысы ұйымдастырылды.

Шараны өткізудегі мақсат — оқырмандарға мемлекеттік рәміздер туралы мағлұмат беру, туған жерге, елге деген сүйіспеншіліктерін арттыру, олардың патриоттық сезімдерін ояту.

Кітапхананың оқу залында өткен шарада сайысқа қатысушы «Қырандар», «Достық», «Бірлік», «Батылдар» және «Тұлпарлар» тобының мүшелері А-3 форматына салынған суреттерінің мазмұнымен таныстырды. Алдын ала үй тапсырмасына берілген жұмыстардың ішінде шығыстың қос шынары Әлия мен Мәншүкті, қазақтың ұшқыш қызы Хиуаз Доспанованы, сондай-ақ мемлекеттік Ту мен Елтаңбаны бейнелеген еңбектер көпшіліктің қызығушылығын туғызды.

Сайыстың арасында сахналық көріністермен қатар «Тәуелсіздіктің шуағы тарқалмасын» атты слайд-шоу көрсетілді. «Бірлік  татулықпен басталады» атты кітап көрмесін де келгендер тамашалап жатты.

Сайыс қорытындысы бойынша «Достық» командасы жеңіске жетті. «Қырандар» тобы «Ой ұшқырлығымен» номинациясы бойынша марапатталса, «Батылдар» белсенділік танытқаны үшін, «Бірлік» тобы зеректігімен, «Тұлпарлар» алғырлығымен көзге түсті.

«Қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» мемлекеттік мекемесінің әдіскері Жұмасұлу Матаева сайысқа қатысқан Ақтөбе қаласындағы №33 орта мектептің 4 «б» сынып оқушылары және сынып жетекшісі Луна Әбіловаға, сайысты ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, жеңімпаздарға мақтау қағазы мен сыйлықтарды табыстады.

Ақжібек КЕНШІНБАЕВА,

кітапхана меңгерушісі.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button