Басты жаңалықтар

Суицид — тығырықтан шығар жол емес

Ақтөбе қаласындағы №1 Абай атындағы қалалық кітапханада «Жасөспірім және суицид» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылды. Отырысқа қаладағы бірқатар білім беру мекемелері, құқық қорғау органдарының өкілдері мен жоғары сынып оқушылары, кітапхана ұжымы қатысты.

Адам өмірінің құндылығын өскелең ұрпақтың санасына сіңіру әрі суицидтік жағдайды болдырмаудың алдын алуды мақсат еткен шарада Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжінің психолог маманы Бұлбұл Мүсірәлина, учаскелік инспектор Болат Жаңабайұлы, облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб-имамы Ғабит Маткәрімовтер жастар алдында баяндама жасады.

Соңғы кездері қайда болса да жасөспірімдердің, мектеп жасындағы балалардың өзіне-өзі қол салуы жиілеп кеткені жасырын емес. Бүкіл әлемді шарлап жүрген мұндай қайғылы оқиғалар елімізде де орын алуда. Республикада жыл сайын өз еркімен өлімге бас тігушілер қатары көбейіп кетті. Мұндай жағдайды бақылаусыз қалдыруға болмайды. Жастар арасында жиіліп кеткен суицидтік жағдайды жан-жақты зерттеп, нақты шаралар белгілеу және оларды дәйектілікпен жүзеге асыруға қоғам күш жұмылдыруы қажет, — деді сөз кезегінде Бұлбұл Мүсірәлина.

Дөңгелек үстел барысында  Ақтөбе қаласындағы №33 қазақ орта мектебінің 10-сынып оқушылары баяндамашыларға көкейлерінде жүрген сауалдарын қойды.

Басқосуда  «Қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесі» мемлекеттік мекемесінің  әдіскері Жұмасұлу Матаева жиналғандарға, әсіресе, жоғары деңгейде мазмұнды  баяндама жасаған мамандарға алғысын білдірді.

«Суицид — тығырықтан шығар жол емес» тақырыбындағы слайд-шоу мен кітап көрмесі де шара барысында ұйымдастырылды.

Нұргүл БИЖІГІТОВА,

кітапхана меңгерушісі.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button