Экономика

Құрылыс тоқтамайды!

Қалабасы Архимед Мұхамбетов журналистерге осылай деді

Әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан Ақтөбеде әлеуметтік-экономикалық нысандағы құрылыс жұмыстары тоқтаған жоқ. 11 мамырда, мереке күндерінің өзінде Ақтөбе қаласының әкімі Архимед Мұхамбетов құрылыс нысандарын аралап, жағдайларымен танысты.

Қала әкімі алдымен Гүлдер профилокториясы ауданы салынып жатқан тұрғын үйге барды. Құрылысты жүргізуші «Қазжылуэлектромонтаж» ЖШС директоры Алмас Смағұлов материалдық-техникалық қордың жеткілікті екенін, құрылысшылар саны да толық қамтылғанын айта келіп, мамырдың аяғына дейін екі подъездің пайдалануға берілетінін, ал маусымда үй құрылысы толық аяқталатынын мәлімдеді. Осы тұрғын үйдің үлескері Қарлығаш Әленова құрылыстың аз уақыт тоқтап қалғанын, бірақ қала әкімінің қарасуымен, қалалық мәслихаттың депутаты Асан Ыбыраевтың араласуымен құрылыстың қайта жанданғанын атап өтті.

– Рас, қиындықтар болды, – деді Архимед Бегежанұлы. – Облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың көмегімен 150 миллион теңге таптық. Мереке, демалыс күндеріне қарап жатқан жоқпыз. Үлескерлерді де түсінемін. Олардың арасында банктерден несие алғандар да бар. Ал несие алып, үлескер боламын дегендерге әкімдік кепілдік беру жағын да қарастырады.

Бұдан кейін қала басшысы Құрмыш ауданында салынып жатқан мектепке келді. Бір жақсы жері, су, газ, электр қуаты, жалпы, барлық инженерлік коммуникация мектепке жақын өтіп жатыр. Сондықтан барлық жағдай ойластырылған деуге болады. Қазіргі кезде құрылыс жұмысы екі ауысымда жүргізілуде. «Контакт» ЖШС директоры Геннадий Фетисовтің айтуынша, жалпы көлемі 50 мың текше метр құрылыс алаңы бар мектеп алдағы жаңа оқу жылында оқушыларды қуантпақшы. Әкім құрылысты қаржыландырудан проблема жоқ екенін, сондықтан жұмысты жылдамдату қажеттігін баса айтты. Құрылыс үшін 400 миллион теңге қалалық бюджеттен, 300 миллион теңге облыстық бюджеттен бөлінген. 700 оқушыға арналған жаңа мектепте кітапхана, спортзал секілді жаңа заман талабына сай орындар болады.

Қалада соңғы кездері 11-шағын ауданда салынып жатқан ең биік үйлердің құрылысы тоқтап қалғаны әңгіме болып кеткен еді. Қала әкімі бұл құрылыстардың да жағдайымен танысты. Құрылысты жүргізуші «Лашын Инвест» ЖШС директоры Абылай Аққұлов арнайы Астанадан келіпті. Ол облыстық, қалалық әкімдіктердің көмектесуімен құрылыстың қайта жүргізіліп отырғанын атап өтті. Қаржы көзінің табылуына байланысты соңғы аптада жұмыс қайта жалғасқан. Қазіргі кезде 70 адам жұмыс істеуде. Құрылысты жылдамдату үшін құрылысшылар санын екі есеге көбейту жоспарлануда. Үйдің төменгі қабатында орналасатын сауда бөлімі тамыз айында аяқталатын болады. Архимед Мұхамбетов болашақ пәтер иелері – үлескерлердің ақшасын алдын ала төлеп қойғанын, олардың зардап шекпеуін құрылысшыларға қатаң тапсырды. Қала әкімі қаржы мәселесінің шешілгенін, сондықтан жұмысты тоқтатпай, үйді жылдамырақ бітіруді талап етті. Айта кету керек, оқырмандар үшін осы үйде С.Бәйішев атындағы орталық әмбебап кітапханасы орналасатын болады. Бұл жерде оқырмандарға дәмхана, тынығу бөлмесі, тағы басқа қолайлы жағдайлар жасалады. Кітап қоры да көбейетін болады. Қазір 400 миллион теңге бөлінген. Бұл коммерциялық алаңды және 2 қабаттың қорабын қазан айында аяқтауға жетеді. Сондай-ақ, 200 миллион теңгеден астам қаржыны кәсіпкерлер бережақ екен. Қала әкімі қазіргі кезде құрылыс материалдарының бағасы түскенін де атап өтті. Сондықтан құрылысты қарқынды жүргізуге мүмкіндік мол.

Қалада салынып жатқан «Болашақ» шағын ауданында да тұрғын үй құрылысының қарқыны төмендеп қалған болатын. Бұл ауданда 7 блоктан тұратын үй салынады. Цифр тілімен айтқанда, 12 700 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Қалабасы үйлердің маңын көркейту, қоқыс алаңдарын жасау, жолдарын ретке келтіру секілді тапсырмаларды қадап тұрып айтты. Сондай-ақ, биыл «Болашақ» шағын ауданы құрылысы аяқталып, келесі жылы «Батыс-2» шағын ауданының құрылысы басталатынына тоқталды. Сонымен қатар  12 «б» шағын аудан, Әуе қалашығы ауданында тұрғын үй құрылыстары жүргізіледі. Әкім мұндай құрылыстарға студенттерді тарту қажеттігін де назарға алды.

Маресьев көшесінің «Әлия» жабық базары орналасқан тұс қашан да көліктердің тығыздығымен адамдардың жүріп-тұруына кедергі келтіретін. Әсіресе, жәрмеңке ұйымдастырылғанда, Қажымұқан атындағы Орталық стадионда футбол матчтары өткен кезде көп қиындық болатын. Енді бұл көше Қ.Сәтбаев көшесінен Ә.Молдағұлова даңғылына дейін кеңейтіледі. Көлік жүретін бөлігі 12 метрге дейін қайта қаралады. Бұл көшемен 4 қатар автокөлік жүре алатын болады. Көшені кеңейту үшін 74 миллион теңге қаралған. Қалалық әкімдікте белгіленген кесте бойынша басқа көшелер де кезегімен жөнделеді. Осы жерде Архимед Бегежанұлы мұндай құрылыстарды жүргізу үшін жергілікті кәсіпорындардың материалдарын пайдалану керектігін баса айтты.

Тұрғындар қалашығы ауданындағы базар маңы қаланың сәнін кетіріп тұрған болатын. Енді бұл аудандардағы заңсыз жұмыс істеп тұрған павильондар алынып, көркейтілетін болады.

Қала әкімі Архимед Мұхамбетов БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында қаланы көріктендіру, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау жөнінде әлі де көптеген жұмыстардың атқарылатынын атап өтті.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

3 Comments

  1. Неси бар, Елбасы, Отбасы деген бар де калабасы деген болмау  керек пе? Онын неси кызык Переке?!?! (казах десе бир ушы озиме де тиеди, бирак кундес халыкпыз гой пале астынан кир издеген, кудайым билсин, ертен осы соз ушин буркыратып бир материал жазып журетинине куманданбаймын, казахсын гой. казахпыз…)

  2. Нуриля ханым, сіз түсінбепсіз. Мен күндегенім жоқ. «Қалабасы жаңа сөз бе?» деп сұрадым. Бары сол ғана. Ал, сіз не айтып кеткенсіз? Шамасы сіз өзіңіз біреулерді күндеп, бұрқыратып материал жазып үйренгенсіз ғой. Жұрттың бәрін өзіңіздей көрмеңіз.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button