Құқық

Қылмыс

Кәсіпкерге тиіспе!

Ақтөбе қаласында жас жігіттерден құрылған арнайы топ 32 жастағы кәсіпкерді ұзақ уақыт бойы бақылап отырады. Кейін кәсіпкерді қорқытып, 270 мың теңгесін алады. Бұған қоса сауда орнындағы кәсіпкердің бутигінен әр түрлі маркалы ұялы телефондарды ашық түрде алып отырады.

Ақпан айында облыстық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері арнайы іздестіру шарасы кезінде күдіктілерді қолға түсірді. Жеңіс даңғылының бойында күдіктілер кәсіпкерден ақша алып жатқан жерінен ұсталды. Бұл дерек бойынша іс қозғалып, бопсалаушылар жазасын алды.

Жанжалдың соңы

 

Хромтау аудандық полициясының кезекші бөліміне Есет батыр көшесінің бойындағы үйлердің бірінен 41 жастағы әйелдің мәйіті табылғандығы жөнінде хабар түседі.

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының  қызметкерлері бұл қылмысқа қатысы бар деген күдікпен пәтер иесін, яғни 46 жастағы азаматшаны ұстайды. Тергеу кезінде әйелдің қылмысқа қатысы бары анықталды. Оқиға былай болады: екі әйел мен бір таныс азамат қосылып спиртті ішімдік ішеді. Ащы суға тойып алған әйелдердің арасында жанжал туады. Төбелестің соңында бір әйел екіншісінің кеуде тұсына пышақ сұғып алады. Осыған байланысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды.

Қария қару тапсырды

Елімізде 1 ақпаннан басталған «Қару тапсыру» акциясы өз жалғасын табуда.  Жуырда осы шара аясында Ақтөбе қаласындағы Оңтүстік-Батыс ауданында тұратын 69 жастағы  әже тәртіп сақшыларына сандықта он үш жыл  сақталған «ТОЗ» 12-ші калибрлі мылтықты тапсырды. 1999 жылы шалы қайтыс болған соң, оның аңшы мылтығын әже көзіндей көріп сақтап қояды. Егер қару қолдануға жарамды болса, зейнеткерге өз еркімен қару тапсырғаны үшін 48 540 теңге сыйақы беріледі. Ал қару іске аспайтын жағдайда  қаражаттың 50 пайызы тиесілі болмақ.

Жалпы бүгінгі күнге дейін акция шеңберінде полицейлерге облыс азаматтары 62 қару-жарақты өз қолдарымен әкеліп тапсырса, оның ішінде 4 ойық ұңғылы қару, 38 оқ-дәрі бар. Мәселен,  2008 жылы осындай акция кезінде ойық ұңғылы 63 қару, тегіс ұңғылы 143 мылтық және 26 мыңға жуық оқ-дәрі халық қолынан алынған. Және сол жылы ақтөбелік  бір қария бір жәшік патрон тапсырғаны үшін қазынадан 1 миллион теңге сыйақы алыпты.

Еліміз бойынша өтіп жатқан акцияға республикалық бюджеттен 14 миллион 192 мың теңге бөлінген. Ішкі істер органдарының қызметкерлерінің мәлімдеуінше,  азаматтар өз еріктерімен атыс қаруларын, оқ-дәрілер, жарылғыш заттарды  тапсырса, әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, 6 және 100 айлық есептік көрсеткіш көлеміне дейін сыйақыға ие болады.

 

…Өлтірген, өртеген, көміп кеткен

 

Шалқар қаласындағы орта мектептің бірінде мұғалім болып еңбек ететін 30 жастағы азаматша 2009 жылдың маусым айында із-түзсіз жоғалып кеткен болатын.

Облыстық ішкі істер департаменті криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері мен Шалқар аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері жуырда осы оқиғаға қатысы бар деген күдікпен 27 және 32 жас аралығындағы төрт жігітті уақытша ұстау изоляторына қамады. Тергеу кезінде полиция қызметкерлері оқиғаның қалай болғанын анықтады. Яғни, қылмыс болатын түні үйіне қайтып келе жатқан 30 жастағы әйел спиртті ішімдік ішкен бір топ жас жігітті көреді. Жәбірленуші өзіне айтылған балағат сөздерден қорқып, соңынан ергендерден қашып кетпекші болады. Алайда әлгілер қуып жетіп, әйелді  «ВАЗ-2107» автокөлігіне отырғызып, қала сыртына алып кетеді. Қала сыртына шыққан соң әйелді зорлап, буындырып өлтіреді. Қылмыстың ізін жасыру үшін мәйітті өртеп, көміп тастайды.

Тексеру барысында оқиғаның орны анықталып, сол жерден азаматшаның сүйегі табылды. Ұсталғандарға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бірнеше сот-медициналық сараптамалар жасалып, тергеу жүргізілуде.

 

Дерексіз дәрі

 

Ішкі істер департаменті есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы «Допинг» жедел алдын алу шарасы кезінде Ақтөбе қаласындағы медициналық мекеменің бірінде фармацевт болып жұмыс жасайтын отыз бес жастағы азаматшаның үстінен қылмыстық іс қозғады.

Наркотроптық заттардың есепке алынуы мен сақталуына жауапты азамат қолданылмаған наркотроптық дәрі-дәрмектерді акт толтырмай, яғни науқасынан айықпай қайтыс болған азаматтардың туыстарына берген.

Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша іс қозғалды. Әзірге дәрі сатушы азаматша ешқайда қашып кетпеу туралы қолхатпен үйіне жіберілді.

 

Осындай ойынхана болған

 

Ішкі істер департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасына 102 телефоны арқылы белгісіз біреу  Ақтөбе қаласындағы Зауыт көшесінің  бойында 21-үйде жасырын ойынхана жұмыс жасайтынын хабарлайды.

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы қарсы күрес  басқармасының қызметкерлері мен «Арлан» арнайы жасағының сарбаздары аталған мекенжай бойынша тексеру жүргізіп, сол нысанның екінші қабатында, яғни бұрынғы бильярд залының орнында ойынхананың жұмыс істейтінін анықтады. Ойынханаға кіру үшін бір адам 500 АҚШ долларын төлейтін болған. Тексеру кезінде  6 покер үстелі, 1 америкалық рулетка, фишкалар, қорапшасымен карталар, ойыннан түсетін кіріс пен кеткен шығынды есептейтін дәптер тәркіленді. Ойынханада 19 қызметкер мен  8 ойыншы жұмыс істеп келген. Ішкі істер департаментінің қызметкерлері ойынхананы ұйымдастырып және басқарған 31 жастағы ақтөбелік азаматты ұстады.

Қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің 269-шы «Ойынхана бизнесін ұйымдастырушы» бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.

 

Қылмысқа жолама, жасөспірім!

 

Ақпан айының соңғы аптасында облыс аумағында «Жасөспірім» алдын алу шарасы өтті.  Шараның басты мақсаты —  жасөспірімдер қылмысының алдын алу. Аталған шара аясында ішкі істер органдарының жеке құрамы күшейтілген тәртіп бойынша жұмыс жасады.  Олар көңіл көтеру орындары мен интернет кафелерді және компьютер клубтарын тексерді. Кәмелеттік жасқа толмаған балалардың алкогольді ішімдік пен темекі өнімдерін пайдалану дерегіне қатыстылығын анықтады. Сондай-ақ тәртібіне байланысты есепке тұрған жөсөспірімдерді қадағалады.

Аталған шара аясында ішкі істер саласының қызметкерлері жасөспірімдерді  алкогольді ішімдік пен темекі өнімдерінен аулақ болуға шақырды. Сондай-ақ  терроризмге қатысты жалған хабарлама таратушылардың жауапкершілікке тартылатынын заң аясында түсіндіріп берді.

 

Бетті әзірлеген Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button