Арнаулы пойыз Шұбарқұдыққа аялдады

Жылдағы дәстүр бойынша 20 мамырда «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы еліміздің өңірлерін аралап, халыққа көмек көрсетуді бастады. Арнаулы пойыз Темір ауданының орталығы — Шұбарқұдық кентіне жетті.
21-22 маусым күндері заманауи диагностикалық және емдеу жабдықтарымен жабдықталған медициналық пойыз темірліктерге қызмет көрсетті. Оның ішінде УДЗ, флюорография аппараттары, шағын операциялық бөлме, зертхана, интернетке сымсыз қосылатын байланыс жүйелері бар. Медицина мамандары, атап айтсақ, терапевт, стоматолог, офтальмолог, хирург, уролог, маммолог, педиатр, психолог, сондай-ақ медиация өкілдері — заңгер мен медиатор тұрғындарды қабылдады.
Таңнан кешке дейін ауылдағы жұртшылықты түрлі шағым бойынша тексерген дәрігерлер кеңес беріп, кейбіреулерге қандай дәрі алу керектігі жөнінде нұсқау айтты.
— Ауылға медицина мамандарының келгенін естіп, арнайы қаралдым. Көз дәрігеріне тексерілдім. Қызмет көрсету деңгейі ұнады. Менің ойымша, осындай керуен жылма-жыл ұйымдастырылып тұрса, артық етпейді. Өйткені ауылдағы көпшіліктің қалаға қатынауға мүмкіндігі бола бермейді. Әрі қазір барлығы қымбат. Сондықтан ақысыз негіздегі медициналық пойызды тағы да күтеміз, — дейді Шұбарқұдық кентінің тұрғыны Нұргүл Кенжебекова.
Айәли АЙБЕК.
Темір ауданы.