Мәдениет

Жарайсыңдар, жігіттер!

– Бізге әртістер келіп қалған ба? – деп мерекелік кешке кешігіп жеткен көрерменнің таңданыспен сұрағаны орынды еді. Дәл сол күні Жаңажол кеншілер ауылындағы Мәдениет үйіндегі кеш өте жоғары деңгейде, ұйымдасқан түрде өткен болатын. Нақышына келтіріле орындалған әндер мен қос ішектен шыққан  күйлер, үлкен шеберлікпен сомдалған пародиялар, міне, мұның бәрі сырттан қараған көрерменге шынымен де таңданыс тудырған. Осының бәрі сахнада кәсіби әртіс пе деген ой қалыптастырғаны рас. Ал шын мәнісінде, сахнадағылар, жиналғандар алдында өнер көрсеткендер әріптестері  – кәдімгі жұмысшылар, филиал өкілдері болатын.

Қоғамдық тамақтандыру және сауда басқармасының мұрындық болуымен ұйымдастырылған «Жігіт сұлтаны» байқауы Отан қорғаушылар күніне орайластырылып, 6 мамыр күні өтті. Аталған басқарманың аудармашысы Ләйла Мырзатаеваның айтуынша, байқауды өткізудегі мақсат –  жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, Қазақстанның мәдениеті мен тарихын қастерлеуге, тәрбиелеу және жұмысшылардың бос уақытын тиімді өткізуге үлес қосу.

Ең жігерлі, сегіз қырлы, бір сырлы жігітті анықтайтын «Жігіт сұлтаны» сайысы 5 сыннан тұрды. Олардың әрқайсысы әуелі өздерін әлеуметке таныстырды. Сонан соң қазақ елінің мәдениеті мен тарихы, әдебиетін қаншалықты білетіндіктерін сынға салды. Онан кейінгі жігіттерге қойылған сын олардың шеберліктерін байқау болатын. Белгілі бір уақыттың ішінде жігіттер арнайы берілген құрал-жабдықпен үстел жасауы тиіс болды. Сонан соң жігіттердің мықтылығы гір тастарын көтеру арқылы бағаланды.

Келесі  өнер сайысында жігіттер көрермендердің қызу қошеметіне бөленді. Пародияны нақышына келтіре орындап, өздерін сахнада еркін ұстаған жігіттерге көпшілік риза болды.

Сайыс болған соң онда кімнің мықты, кімнің әлсіз тұстары байқалатыны – қалыпты жағдай. Бұл сайыстың да өз мықтылары болды. ЖМГК операторы Ғарифолла Қонақов әп-сәттен көрерменді өзінің ой-танымымен, тіл байлығымен, әртістік қабілетімен, ал Алтынбек Сакиев күй орындау шеберлігімен баурап алса, Серік Елубаев қажыр-қайратымен, спорттық дайындығының жоғарылығымен  көзге түсті. Осының бәрі, жалпылай алғанда, сайыстың ажарын келтірді. Жігіттердің бұл күнгі сынға ерекше дайындықпен келгені байқалды.

Мереке қарсаңында ұйымдастырылған, көрерменге үлкен қуаныш сыйлаған бұл шараның  жоғары деңгейде өтуінде Мәдениет үйі қызметкерлерінің, соның ішінде оның меңгерушісі Ғалия Нұрғалиеваның еңбегі өте зор. Байқауды ұйымдастырып қана қоймай, өту барысын жоспарлап, қатысушыларды әзірлеген де Ғалия болатын.  Сайыстың ажарын ашып, сахнаға көрік беруде   қоғамдық тамақтандыру және сауда басқармасының суретшісі Болат Жұбаниязовтың, ал шараны музыкамен көркемдеуде клубтың ауысымдық меңгерушісі Есет Бозаевтың еңбегі көп.

Байқау мәресіне жетісімен әрбір сайыскерге лайық атақ берілді. Мысалы, ағаш ұстасы Әлімжан Құлқашев «Шебер жігіт», «Бикор» кәсіпорнының электригі Нұржан Нұрымбетов «Өнерлі жігіт», «Ақтөбеэнергонефть» электромонтері Серік Елубаев «Парасатты жігіт», Алтынбек Сакиев «Нар тұлғалы жігіт», ЖМГК операторы Ғарифолла Қонақов  «Ең тапқыр жігіт» атағына лайық деп танылды.

Ең басты жүлде  «Жігіт сұлтаны» атағы және теледидар Кеңқияқ АТБ көлік жүргізушісі Азамат Серғазинге берілді. Ал бірінші орын және тоңазытқыштың иесі Гарифолла Қонақов болды. Сайысқа түскен жігіттердің барлығына  бағалы сыйлықтар табыс етілді.

«Жігіт сұлтаны» байқауының жабылу сәтінде сөз сөйлеген «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының бас директорының орынбасары Рахметолла Мүсіркегенов қатысушылар мен ұйымдастырушыларға мұнайшыларға осындай ерекше көңіл-күй сыйлағандары үшін алғысын білдіріп, Жеңіс мерекесі қарсаңында жиналғандарға табыс пен сәттілік тіледі. Және осындай жоғары деңгейде ұйымдастырылған байқаулар, мәдени шаралар вахталық  кешендегі Мәдениет үйінде жиі өткізіліп тұрса деген тілек білдірді.

Ғалия ЖАЛДЫБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button