Білім

Балдырған

Атамекен

Ыстық құшақ

Туған жер адам баласының бәріне ыстық, жылы сөз.

Мен де солар сияқты өз Отанымды, туған жерімді сүйемін. Және туған жерге, ауылға деген махаббатым шексіз.

Әр ақын, жазушы туған жердің көк майса жерін, шөбін, өзен-көлін, тасын жырға қосып, әрлі, әсерлі етіп жазады. Мен туған жерді қадірлеу, құрметтеу әр адамның парызы деп ойлаймын.

Менің туған жерім — Аралтоғай. Мен осы ауылда туып-өстім. Ауылым маған ұнайды. Және табиғаты, тау-тасы маған ыстық әрі көрікті, сұлу.

Мен осы жерде туғалы оқып жүрмін. Мұғалімдерімнің берген әр білімін, ақылын үйреніп жатырмын.

Біздің ауылдың ауа райы да жақсы, таза. «Ауылым — алтын бесігім» деген сөз бекерге айтылмаған. Маған анамның құшағы қандай ыстық болса, туған жерім де сондай ыстық.

Мен өз ауылымды қатты жақсы көремін. Туған жерді қадірлейік, достар!

 

Мерует ЖӘНІБЕКОВА,

С.Оразалин атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы.

Аралтоғай ауылы,

Әйтеке би ауданы.

 

Біліп жүр

Қардың қанша түрі бар?

«Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» қар туралы қысқа ғана түсінік беріледі:

«Қар — қыста жауатын, ақ түсті кристалдардан тұратын атмосфералық жауын-шашын».

Ал әуелден жазда жайлауы құлпырған, қыста қалың қар басқан даламен етене өскен қазақ бұл атауға талай қосымшалар тіркеген. Солардың бірқатарына назар аударайық.

Ақша қар — жаңа жауған таза қар.

Алақанат қар — бір аумаққа жауып, бір аумаққа жаумай, жерге ала түскен қар.

Анжыр — қардың еріп қатуы. Қарғынға аралас қатқан қарлы мұз.

Боз қырау — күзгі күні тоңазудан болатын щық.

Жапалақ қар — ірі түйіршікті жапырақтап жауған қар.

Жылбысқы қар — ери жауған қар.

Көбік қар — жерге түскенде астыңғы қабаты ери беріп, беті көпіршіген жұмсақ қар.

Күпсек қар — қалың жауған ұлпа қар.

Күртік қар — беті қатқан, жаяу жүргенде ақсақ ойылатын қалың қар.

Қасат қар — ұзақ жатқан қалың қар.

Қиыршық қар — жентектелген түйіршік қар.

Қылау — ауадағы су буынан немесе салқын тұман тамшыларынан түрлі зат бетіне, ағаш бұтақтарына қонатын мұз қабаты.

Қырау — суық күзде тоңазыған дымқыл ауаның бір нәрсеге қар тәрізді ағарып қонған түрі.

Қырбық қар — жұқа жауған қар.

Мұздақ қар — үстін мұз торлаған, көкшіл түсті, беті жылтыр сырғанақ қар.

Омбы қар — ат бауырлайтын қалың қар.

Сонар қар — алғаш жауған қалың қар.

Сүрі қар — ерте түсіп, ерімей, қыс бойы қалыңдаған, тозаң топырақ сіңіп, беті күлгін тартқан нығыз қар.

Сіреу қар — ұзақ мезгіл мызғымай жатқан аяқ бастырмас, көлік жүрісіне бөгеу қатты қалың қар.

Ұлпа қар — түйіршіктері үлбіреген жеңіл үлпек қар.

Үйме қар — боранды жел сырғытып, бір жерге тау-төбе болып үйілген қар.

Үрме қар — жел үрлеп, жиынтықтанған тығыз қар.

Сыр

Менің қарызым

 

Айналайын ақ анам!

Дүниедегі ең қымбатты жан анам!

Анам мені осы жарық дүниеге әкеліп, ақ сүтімен асырады. Маған үлгі-өнегесін үйретіп, тәлім-тәрбиесін берді.

Сонымен қатар сүйікті тағамымды пісіреді.

Сондықтан да мен анамды өте жақсы көремін және оған қарыздармын.

Барлық балаларға айтарым — аналарды құрметтейік.

 

Жансерік МИРАМБЕКҰЛЫ,

Северный орта мектебінің 2-сынып оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

Менің анам бар. Ол мен үшін дүниедегі ең қымбат жан. Жарық дүниеге әкеліп, ақ сүтін беріп, әлпештеп өсіріп келеді. «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, қарызыңнан құтыла алмайсың» деген сөз ананың қаншалықты қадірлі екенін адамзатқа ұғындыру үшін айтылса керек. Сондықтан мен де анамды құрметтеймін, қадірлеймін, сыйлаймын.

 

Нұртуған ТОҚТАРБАЕВ,

№4 орта мектептің 1-сынып оқушысы.

Шалқар қаласы.

 

Оқушының өлеңі

Тәуелсіздік

Тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ,

Бұны бізге тек әншейін берген жоқ.

Тәуелсіздік — ата-баба арманы,

Тәуелсіздік оңайлықпен келген жоқ.

 

Ермахан БАЙДЫРАХМАН,

№3 орта мектептің 4-сынып оқушысы.

Ембі қаласы.

Қыс

Тауларды айнала

Аппақ қар жауыпты.

Көбейтті бар бала

Ойын мен сауықты.

 

Альбина НҰРАБЕКҚЫЗЫ,

Северный орта мектебінің 2-сынып оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

Аяз өрнегі

 

Тамаша қыс айлары,

Таңғажайып ертегі.

Ақша қарлар жайнады,

Кереметімен елітеді.

 

Күні бойы балалар

Шаршамастан ойнайды.

Жасайды аққалалар,

Қызыққа бір тоймайды.

 

Мұз боп өзен-көлдерім,

Құлпыртады даланы.

Аяз да әсем өрнегін

Терезеге салады.

Диляра БАХТИЯРОВА,

4-сынып оқушысы.

Талдысай ауылы,

Әйтеке би ауданы.

Ана

Ардақты ана, аяулы ана, қымбаттым,

Тәтті ұйқыңды бөліп талай тіл қаттың.

Өмірімен нәрін бердің ақ сүтің,

Кең құшағың аясындай гүл-бақтың

 

Мен өзіңмен қайда барсам біргемін,

Махаббатым жүрегімде жүр менің.

Күн нұрындай жадырай бір күлгенің,

Қандай жақсы ортамызда жүргенің.

 

Ер жеткізіп елге берген баласын,

Ақылдысың, ардақтысың, данасың.

Қарайтыным қас-қабағың бір сенің,

Қайратыңнан қайта көрме, анашым!

 

Гүлсая ЫҚЫЛАСОВА,

№21 мектеп-гимназияның 7-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Бетті жүргізуші Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

  1. Мен қардың түрлерін іздеп, сіздердің сайттарыңыздан таптым. Сол үшін рахмет айтамын. Бір ғана қардың осыншама көп түрі бар деп ойламаппын. Біліп жүретін болдым. Көп рахмет.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button