Басты жаңалықтар

Ауған жауынгері тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатылды

Бұдан жиырма сегіз жыл бұрын Ауған соғысында батырлығымен танылып, небәрі 24 жасында асқан ерлікпен қаза тапқан жауынгер-интернационалист, МИ-24 тікұшағының командирі, аға лейтенант Александр Липовойдың рухына құрмет көрсету мақсатында ол тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш-тақта орнатылды.

Ескерткіш-тақтаны орнатуға көп үлес қосқан марқұмның досы Медет Маманов екен. Оның айтуынша, Александр екеуі бір аулада тұрып, бала кездерінен бірге ойнап, бірге өскен. Қаладағы №28 орта мектепте бірге оқыған.

Саша екеуміз бала күнімізден бірге өстік, жарқын болашақты армандап, алғы күндерімізге жоспарлар құрушы едік. Алайда мектеп бітірген соң оның өмір жолы менікінен бөлек түзілді. Сызрань жоғары әскери авиациялық училищесінде оқыды. Кейін Ауған соғысына жіберіліп, ерлікпен қаза тапты.

Досымның өмірден қыршын кеткені өкінішті-ақ, сол бір өкініш әлі күнге жанымды өртейді. Соңғы рет онымен 1980 жылы жүздестім. Жалындап тұрған жас еді. Бірақ, неге екенін, сол жолы оны соңғы рет көріп тұрғандай сезімде болдым. Ол да өз өмірінің қысқа болатындығын алдын ала сезген сияқты. Менімен ол сонда мәңгілікке қоштасып жатқандай көрініп еді.

Биыл досым Сашаның рухы ырза болар деген үмітпен ол тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш-тақта орнатуды ұйғарып, тиісті орынға ұсыныс түсірдім. Тақтаны орнатуға қажетті қаржылай шығынның бәрін өзім көтердім. Бастапқыда Сашаның  өзге ұлт өкілі екендігіне байланысты кедергілер кезікпесе болар еді деп ойлап едім, шүкір, ондай кедергі болған жоқ. Жергілікті билік өкілдеріне түсіністікпен қарағаны үшін алғысым шексіз, — дейді Шығыс медицинасы ғылымдарының докторы Медет Маманов.

Ал Александрдың әкесі Владимир Липовой бүгінде аяулы ұлын сағынышпен еске алады.

Ұлым бала кезінен өте алғыр, ұсынақты болды. Жақсы оқыды, үлгілі оқушы болды. Бірақ тағдырдың жазуы болар, 24 жыл ғана өмір сүріп, Ауған соғысында қаза тапты. Ұлымның досы Медеттің Александр рухын сабыла іздегендей болып, біз тұрып жатқан үйдің қабырғасына ескерткіш-тақта орнатқаны орны толмас қайғымды, ұлыма деген сағынышымды аз да болса сейілткендей болды. Медет балама үлкен алғыс айтамын.

Александрдың өмір дерегіне үңілсек, ол 1960 жылы 17 қарашада Қобда ауданының Астрахановка селосында дүниеге келген.

1982 жылы Сызрань жоғары әскери авиациялық училищесін бітірген. Оқуын бітірген соң Пружан қаласындағы Белоруссия әскери округіне қарасты 1542 әскери бөліміне жіберілген.

1984 жылдың наурыз айында Ауғанстан деморкатиялық республикасында әскери тапсырмаларды орындаған. Ми – 24 тікұшағының командирі боп жүріп, ол 134 сағат ішінде әуеде 78 әскери тапсырманы жүзеге асырыпты. Александр Владимирович әскери тапсырмаларды жүзеге асыруда өзінің ептілігімен, ер жүректілігімен, батылдығымен ерекше көзге түскен.

1984 жылы 23 тамызда кезекті әскери тапсырманы атқару кезінде ол қарсыласының тікұшағына бірнеше рет оқ жаудырып, отқа орандырыпты. Алайда Александрдың тікұшағы күшті зенит оғының астында қалған. Липовой тікұшақты автожолға қондыруға тырысқанымен, бағындыра алмай, жерге құлаған. Тікұшақта үш жауынгер болған көрінеді.  Экипаждағылардың бәрі де қаза тапқан.

Александр қаза тапқан соң ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған.

Александрдың азаматтық ерлік ісі кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық-ақ.

Ж.НҰРҒАЛИ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button