Дәрігер — балалардың жанашыры


1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарында «Дәрігер — балалардың жанашыры» тақырыбында бірнеше іс-шара өтті.
Кеше Алтын Орда шағын ауданындағы «Денсаулық» саябағында таңғы жаттығу ұйымдастырылды. Бұған жақын маңдағы мектептерде оқитын 300-ге жуық оқушы мен спортшы балалар, танымал спортшылар қатысты.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мұратжан Қажығалиев:
— Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасына сай Халықаралық балалар күніне орай Ақтөбе қаласында және барлық 12 ауданда таңғы жаттығу өткізіліп жатыр. Басты мақсатымыз — бұқаралық спортты дамыту, балаларға денешынықтыру мен спорттың пайдасын түсіндіру, — деді.
Одан соң облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері Ақтөбедегі мамандандырылған «Үміт» сәби үйіне барып, сыйлықтарын табыстады. Мұнда қазір қырыққа жуық тәрбиеленуші бар.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ана мен баланы қорғау бөлімінің басшысы Әлия Шарбақованың айтуынша, бұл күні көпсалалы облыстық балалар ауруханасында Ашық есік күні өтіп, жетекші педиатрлар мен медициналық университет профессорлары ата-аналар мен балаларға жолдамасыз кеңес берді.
Сондай-ақ Алға және Хромтау аудандарына балалар дәрігерлерінен құралған жылжымалы медициналық кешендер шығып, профилактикалық тексерулер жүргізді. Қала мен аудан емханаларында денсаулық кеңестері, дұрыс тамақтану бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, балалар арасында ашық аспан астында спорттық ойындар мен салауатты өмір салтын насихаттауға арналған сурет байқаулары өтті.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.







