Білім

Балдырған

Жан-жануарлар

Біздің қояндарымыз

Қысқы даланың бір сәні қояндар екені белгілі. Ал сол қояндардың қандай түрлері бар?

8 туысқа бөлінетін, 50 түрі бар қояндардың тіршілігін бірдей деуге де болмайды. Бұлардың арасында тез жүгіруге немесе ін қазуға әйтпесе ағашқа өрмелеуге бейімделген түрлері де кездеседі. Негізінен қояндардың салмағы 0,1-4,5 килограмм, дене тұрқы 12-75 сантиметр болады.

Шөп, ағаш қабығын, бүршігін, бұтағын жейтін бұл тірлік иелері Мадагаскар аралы мен Оңтүстік Американың оңтүтік аймағы және Антарктидадан басқа жерлердің бәрінде бар.

Қазақстанда қоянның 3 түрі бар: ақ қоян, құм қоян және ор қоян.

АҚ ҚОЯН негізінен, қар қалың түсетін Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Ақмола облыстарындағы орманды далаларда, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарындағы таулы аймақтарда көптеп жүреді де, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Алматы облыстарында сирек кездеседі.

Олар жыл бойы жайылым жағдайына, қардың түсуіне орай, жыртқыштардың азды-көптігіне қарай қоныстарын ауыстырып отырады. Дене тұрқы 68 сантиметр, салмағы 5-6 килограмдай болады. Жазда түсі сұрғылт қоңыр, қыста түгелдей аппақ болып түлейді. Ақ қоян еті, терісі мен түбіті үшін ауланады.

Ал ҚҰМ ҚОЯНЫ — қояндардың ішіндегі ең кішісі. Дене тұрқы 38-53 сантиметр, салмағы 1,5-2,5 килограмм. Арқасы мен бүйірі қоңыр, сұр, ал бауыры ақ түсті. Қазақстанда бұл қояндар Арал Қарақұмы, Қызылқұм, Мойынқұмда және Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстарындағы құмды жерлерді мекендейді.

Олар қорегін іздеуге ымырт түскен кезде, түнде шығады. Ұйығуы қаңтар мен ақпанның аяғында басталады. Құм қояны — өте өсімтал, жылына 3 рет көбейеді, әр туғанда 1-9 көжектен табады.

ОР ҚОЯН — қояндардың ішіндегі ең ірісі. Дене тұрқы 53-69 сантиметр, салмағы 3,5-5,8 килограмм. Артқы аяқтары алдыңғысына қарағанда екі есеге жуық ұзын. Түсі әр маусымда әр түрлі. Жазда және қысқа қарай құйрығында қара жолақ пайда болады.

Ор қояндар Қазақстанның батысы мен солтүстігінде, әсіресе, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында көп таралған.  Шөл, шөлейт далалы жерлерді мекендейді. Тіршілік әрекеті іңірде және түнге қарай басталады. Жылына 2, кейде 3 рет, 3-9 көжектен табады.

Қояндар, әрине, сүйкімді жануарлар, бірақ кейбір түрлері көбейіп кетсе, жайылымға, жеміс бағына, жас орманға, бау-бақшаға зиян келтіретіндері де рас. Олар еті, терісі үшін ауланады.

 

Табиғат

 

Аяз қорқыта алмайды

Өзінің суық желімен, үскірік аязымен, алай-дүлей боранымен таныс қыс мезгілі маған осы бір қатал мінезімен ұнайды.

Қыста айнала түгелдей өзгереді. Ағаштар жалаңаштанып, орман тынышталып қалса, айнала мамықтай аппақ қарға оранады. Әдемі бұл көрініс кімге ұнамайды дейсің?!

Табиғаттың бұл сұлулығын тамашалағысы келетін балаларды қыстың қақаған аязы да қорқыта алмайды. Аққала жасап, шаңғы, сырғанақ теуіп әлек болатын балаларға бұл көрініс ұнайтыны сөзсіз.

Сонымен қатар маған қыс өзінің Жаңа жыл мейрамымен ұнайды. Аяз ата мен Ақшақарды ұнатамын. Қыс мезгілі маған осы бір қызықтарымен ұнайды.

 

Камила ҚУАНЫШҚАЛИЕВА,

№21 мектеп-гимназияның 7-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Он дерек

…Қашан пайда болды?

Лазер — 1960 жыл. Теодор Г.Мейман. Америка Құрама Штаттары.

Көзді лазермен коррекциялау — 1987 жыл. Стивен Трокел. Америка Құрама Штаттары.

Лейкопластырь — 1921 жыл. Эрл Диксон. Америка Құрама Штаттары.

Логарифмдік есептеу сызғышы — 1621 жыл. Уильям Отред. Ұлыбритания.

Оптикалық линза — 1000-шы жылдар шамасы. Арабтар.

Френель линзасы — 1820 жыл. Огюстен Жан Френель. Франция.

Линолеум — 1860 жыл. Фредерик Уолтон. Америка Құрама Штаттары.

Линотип — 1884 жыл. Отмар Мергенталер. Германия-Америка Құрама Штаттары.

Литография — 1798 жыл. Алоиз Зенефельдер. Бавария.

Жолаушылар (механикалық) лифтісі —1852 жыл. Элиша Грейвс Отис. Америка Құрама Штаттары.

Асыл жан

Аялы алақан иесі

 

Шыр етіп дүние есігін ашқалы бері анамның аялы алақанын сезіп өсіп келемін, Ауырғанда жанымда болып, түн ұйқысын төрт бөлген, жылағанымда жүрегі менімен бірге езілген ана жүрегіне ешқандай сезім жетпейді.

Менің ойымша, анаға ренжу немесе өкпелеу — күнә. Себебі, сәби кезімізден бағып-қағып, өміріміздің соңына дейін жаны ашитын анамыз болып қалады емес пе?! Бұл сөзге ешкім де қарсы болмасын анық білемін.

Бала жыласа анасын, қуанып шаттанса да анасын іздейді. Тіпті ана қамқорлығынсыз қалған бала да ана деп жылайды. Себебі ананың орны жүрекке қашанда ерекше.

Сондықтан жұмақ кілтін ашамын десеңіздер, ең алдымен, аналарыңызды сыйлаңыздар.

 

Темірлан МИРМАН,

Бестамақ орта мектебінің оқушысы.

Алға ауданы.

Оқушының өлеңі

Қазақстан

Қазақстандай елім бар,

Кең далалы жерім бар.

Жерім кең деп мақтанатын

Әдемі менің елім бар.

 

Ақерке БАЙДЫРАХМАН,

№3 орта мектептің 2-сынып оқушысы.

Ембі қаласы.

Ауылым

 

Тереңсай деген — туып-өскен ауылым,

Бар мұнда менің туыс, бауырым.

Сағынамын алыс кетсем көк майсасын, жаңбырын,

Ұйытқып соғар бораны мен дауылын.

 

Аружан СӘЛІМОВА,

Северный орта мектебінің 3-сынып оқушысы.

Тереңсай ауылы,

Әйтеке би ауданы.

Туған жер

Бір сен үшін қуанып шаттанамын,

Бар әлемге сені айтып мақтанамын.

Сенің атың санамда өшпейді деп,

Болашаққа нық басып аттанамын.

 

*   *   *

 

Сен деп соғар менің бала жүрегім,

Туған жерді анашым деп білемін.

Шет жүргенде дем беретін көңілге

Өзіңсің ғой менің нағыз тірегім.

Әсемгүл ДЕЛМАҒАМБЕТОВА,

№47 орта мектептің 3-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

 

Қыс

 

Мен айтамын тақпақ,

Аппақ қысты мақтап.

Қыс қызығын тойлап,

Жүгіреміз ойнап.

 

Нұрай ЕСЕНҒАЗИНА,

Жарөткел негізгі мектебінің 2-сынып оқушысы.

Әйтеке би ауданы.

Бетті жүргізуші Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button