Жаңалықтар

«Шуағы тарқамасын жер үстінің!»

Осындай атпен Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасы жанындағы  «Атамекен» өлкетану-патриоттық клубының ұйымдастыруымен кезекті басқосу болып өтті.

Шараға «Семей-Невада» халықаралық антиядролық қозғалысы Батыс Қазақстан бөлімшесінің директоры Ізімғали Көбенов және осы қозғалыстың белсенді мүшелері  Жанат Ахметова, Төлеуғазы Байғазин, Қорғанай Төлеуова, Жанұзақ Талдыбаев, медицина ғылымдарының кандидаты, дәрігер-радиолог Қозы Қибатовтар шақырылды. Сондай-ақ М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың тәрбиешісі Рәмила Мантеева бастаған оқушылар, №6 орта мектептің оқушылары мен кітапханашысы Гүлнәр Раевалар қатысты.

Шара қонақтарының   Семейдегі полигон қасіреті, Байғанин ауданындағы жарылыстар, Ақтөбе өңірінің экологиялық ахуалы жайында  айтқан ой-пікірлері тыңдаған жанды бейжай қалдырмады.

Қаладағы №6 орта мектептің оқушылары  жазушы-драматург Роза Мұқанованың Семей полигонының тақсіретін тартқан 16 жастағы қыздың тағдыры туралы баяндайтын «Мәңгілік бала бейне» атты пьесасынан шағын қойылым көрсетті. Жас әнші Димаш Құдайбергенов Жанұзақ Талдыбаевтың «Қалдайбек қасіреті» атты әнін орындады.

«Семей-Невада» халықаралық антиядролық қозғалысы Батыс Қазақстан бөлімшесі түсірген «Ақиқат» атты деректі фильм көрсетілді. Шара қатысушылары «Қоршаған ортаның қорғанышы болайық!» атты кітап көрмесін  тамашалады.

Шара соңында қонақтар «Атамекен» өлкетану-патриоттық клубына мүшелікке қабылданды.

Кәмила ІДІРІСОВА,

кітапхана жанындағы «Атамекен»

өлкетану-патриоттық клубының жетекшісі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button