Тыл ардагерлері марапатталды

Жеңістің 80 жылдығы аясында Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет тыл ардагерлерін мерекелік медальдармен марапаттады.
Қала әкімі Азамат Бекет Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында тыл ардагерлері Рим Сагировке, Ұмсындық Скендироваға құрмет көрсетіп, Қазақстан Президентінің «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерейтойлық медалін табыс етті.
Рим Сагировті көнекөз ақтөбеліктер жақсы біледі. Ол ұзақ жылдар қаланың қоғамдық өміріне араласып, татарлар этно-мәдени бірлестігінің төрағасы болды.
Рим Шагирұлы 1937 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келіп, 14 жасынан қалалық өнеркәсіп комбинатында жұмыс істеген. Кейін Ақтөбенің қала болып қалыптасу кезеңінде құрылыс саласында аяусыз еңбек еткен. Ақсақал өзінің өмірлік тәжірибесінен алған естеліктерімен бөлісті, қаланы көгалдандыру, бұқаралық спортты дамыту, су қорын сақтау сияқты өзекті мәселелер төңірегінде пікірін айтып, ой қозғады.
Бұдан соң қала әкімі Ақжар-2 алабында тұратын Ұмсындық Скендированың үйіне барып, мерекелік медальды табыстады. Жасы 95-ке келген қарияның балалық шағы соғыс жылдары Шалқардың Шетырғыз ауылында өткен. 13 жасынан ауылда қара жұмысқа араласып, қой баққан. Ұлы Отан соғысының ардагерімен отасып, 11 бала тәрбиелеп өсірген кейуананың бүгінде 38 немересі, 50 шөбересі бар.
Қария батасын берді, алғысын жеткізді, елдің амандығын тіледі.
Қала әкімі Жеңісті жақындатуға үлес қосқан, балалық шақтарын ауыр еңбекке арнаған жандарға алғысын айтты.
— Соғыс жылдары қан майдандағы жауынгерлерге тылда демеу болып, еңбектің адал үлгісін танытқан жандар бізге бүгінгі бейбіт күнді сыйлады. Сіздердің өмір жолдарыңыз — біз үшін, кейінгі жас буын үшін өнеге, — деді Азамат Бекет.
Жалпы Ақтөбе қаласында 1187 тыл ардагері бар.