Басты жаңалықтарЖеңіс

Жеңісті жақындатқандар

Адамзат тарихындағы ең ірі әрі қанқұйлы оқиғалардың бірі — Екінші дүниежүзілік соғыстың салқыны әлемнің жетпістен астам елін шарпып, 70 миллионнан астам адамның өмірін жалмады. 1941-1945 жылдар аралығындағы қанды қасап кезінде ХХ ғасырдағы ең қауіпті қару — атом бомбасы да әскери мақсатта алғаш рет қолданылып, 170 мыңға жуық адамның өмірін қиды. Сол кезде фашизмге қарсы күрескен Кеңес Одағының құрамындағы елдер 27 миллионға жуық адамынан айырылды. Оның ішінде Қазақ елінің жауынгерлері, біздің аталарымыз, әжелеріміз, әкелеріміз, аналарымыз, бауырларымыз да бар еді…

Статистикаға сүйенсек, Екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстаннан 1 млн 200 мыңнан астам адам шақырылып, 20-дан астам атқыштар дивизиясы, басқа да құрылымдар құрылыпты. Майданға аттанған әрбір екінші отандасымыз соғыстан оралмады — шайқаста қаза тапты, хабар-ошарсыз кетті.

Ақтөбе өңірінен соғыстың алғашқы күндерінен бастап Отан қорғауға аттанғандар аз болған жоқ:122 мың жауынгер шақырылып, соның 37 мыңға жуығы майдан даласынан оралған жоқ. Бұл қайғылы жылдары қасірет шекпеген қара шаңырақ, қан ішіп, қара жамылмаған отбасы кемде-кем болған шығар…

Әскери қызметі үшін жүздеген мың отандасымыз медальдармен, ордендермен марапатталып, 500-ге жуық адам (35-і — ақтөбелік) Кеңес Одағының Батыры атанды. Оның қатарында биыл туғанына 100 жыл толып отырған Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова да бар.

… Міне, биыл сол қанды қырғынның аяқталғанына 80 жыл толды. Соғыстан аман оралған ардагер жауынгерлердің де қатары сиреді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жыл басындағы дерегі бойынша, Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғыстың120 ардагерітұрып жатыр. Оның біреуі — Ақтөбе облысында тұратын Василий Грецкий.

Уақыт алға жылжыған сайын сол жетпіс миллион адамның ғұмырын жалмаған жылдар да, сол жылдарғы миллиондаған адамның жанқиярлық еңбегі де жадымыздан өшіп, ұмытылып барады. Ұмытылсын, соғыс деген сөз ұмытылсын, қайғы-қасірет ұмытылсын! Бірақ… ата-баба ерлігі мен батырлығы ұмытылмасын.   

Қанмен жазылған тарих мұрағаттағы сарғайған құжаттарда ғана сақталсын…

… Ақтөбе облысының мемлекеттік мұрағатындағы соғыс жылдарына қатысты деректер баршылық. Сол кездегі Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары және сыртқы істер халық комиссары В.Молотовтың 1941 жылғы 22 маусымда Кеңес Одағына герман фашистерінің шабуылы туралы радиодан сөйлеген сөзінен бастап, Қызыл Әскер мен Әскери-Теңіз Флотының Жоғарғы Бас Қолбасшысы И.Сталиннің 1945 жылғы 9 мамырдағы «1945 жылғы 8 мамырда Берлинде герман қарулы күштерінің сөзсіз тізе бүгу актісіне қол қойылғаны» туралы бұйрығына дейінгі ақпараттар сақтаулы. Міне, осы екі құжаттың арасындағы «Екінші дүниежүзілік соғыс» деп аталатын қанды оқиғаның тарихы топтастырылған Ақтөбе облысының мемлекеттік мұрағаты шығарған арнайы жинақ бұл құжаттармен толық танысуға мүмкіндік берді. Сонымен…

 Бұрын-соңды болмаған опасыздық…

1941 жылғы 22 маусым. Бұл күн Кеңес Одағының миллиондаған тұрғыны үшін қанды қасіреттің басталған қаралы күні еді. Сол кездегі одақ құрамындағы елдердің тұрғындары секілді ақтөбеліктерді де В.Молотовтың радиодан жасалған үндеуі есеңгіретіп тастады.

«Кеңес Одағының азаматтары! Кеңес үкіметі мен оның басшысы жолдас Сталин маған төмендегідей мәлімдеме жасауды тапсырды:

Бүгін, таңғы сағат 4-те, Германия Кеңес Одағына ешқандай талап қоймастан, соғыс жарияламастан, елімізге шабуыл жасады, шекарамыздың көптеген жерлерінде бізге қарсы әрекет етті және ұшақтарымен Житомир, Киев, Севастополь, Каунас және басқа да қалаларымызды бомбалады, бұл шабуылдардан 200-ден астам адам қаза тауып, жараланды. Германия авиациясының әуе шабуылдары мен артиллериялық атқылауы Румыния және Финляндия жерлерінен де жүзеге асырылды.

Бұл біздің елімізге жасалған анық шабуыл халықтар өркениетінің тарихында бұрын-соңды болмаған опасыздық…» — деп, бұл шабуылдың КСРО мен Германия арасында бейтараптық туралы келісімге қарамастан жасалғанын, Кеңес үкіметі біздің әскерге қарақшылық шабуылға тойтарыс беріп, неміс әскерін еліміздің аумағынан қуып шығу туралы бұйрық бергенін жеткізді.

Сонымен бірге Сталиннің «Кеңес үкіметі Қызыл Армия мен Әскери-теңіз флотының, қарапайым әрі батыр ұшқыштардың, Қызыл Армия мен Флот жауынгерлерінің Отан мен Кеңес халқы алдындағы парызын абыроймен орындайтынына кәміл сенетінін, жауға күйрете соққы беретініне сенімді» екендігін, «Кеңес үкіметі бүкіл еліміздің халқы, жұмысшылар, шаруалар мен интеллигенция, ерлер мен әйелдер өздерінің азаматтық міндеттеріне және еңбектеріне зор жауапкершілікпен қарайтынына сенетінін» жеткізді.  («Ленин жолы» газеті, №52, 1941 жылғы 25 маусым).

Осы күні Қызыл Армия Бас Қолбасшылығы22 маусымның таңында «Германия армиясының тұрақты бөлімдері Балтық теңізінен Қара теңізге дейінгі кең ауқымды аймақтағы біздің шекаралық бөлімдерімізге шабуыл жасағанын, Герман әскерлерінің тұтқиылдан жасаған бұл шабуылы Қызыл Армия бөлімдері тарапынан батыл тойтарылғанын, күннің екінші жартысында алғы шептегі бөлімдеріміз жаудың басты күштеріне қарсы ашқан шайқаста оны артқа шегіндіріп, басымдықты өз қолына алғанын» мәлімдеді («Ленин жолы» газеті, №52, 1941 жылғы 25 маусым).

Осындай мәлімдемелерден кейін Ақтөбе облысында — Ақтөбе қаласында, барлық аудан орталықтарында, қалада, өндіріс орындарында, колхоздарда, совхоздарда 22-23 маусым күндері еңбекшілердің жаппай митингтері өткізіліп, оларда БК(б)П аудандық комитеттерінің бірінші хатшылары баяндама жасады.

Митингтерде еңбекшілер жауға деген ыза-кекпен, опасыз қарақшыны жеңетіндеріне сеніммен, Отанды қорғауға шайқасқа шығуға дайын екендіктерін айтып, Кеңес мемлекетінің қуатын арттыру үшін еңбектерін еселеуге ант берді.1941 жылғы 22 маусым күні кешкі сағат 20.00-де Ақтөбе қаласында өткен жалпықалалық митингке 20000-нан астам адам жиналды, Новоресей ауданы орталығында — 1000 адам, Шалқарда — 1500 адам, Ырғыз ауданында 300 адам қатысыпты.

Шілде айы басталысымен Ақтөбе қаласында шекаралық аймақтан эвакуацияланған халықтың келуіне байланыстыэвакуациялық пункттер ашыла бастады. Мәселен, сол кездегі педагогикалық училище, №6 мектеп, құрылыс техникумы (асханасы бар жертөле) ұзақ мерзімге эвакуациялық пункт ретінде беріліпті.

Сонымен бірге КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулысына сәйкес халықты, 16 жастан 60 жасқа дейінгітұрғындарды 2-3 күндік курстарда ПВХО (әуе-химиялық шабуылдан азаматтық қорғаныс) бойынша оқыту ұйымдастыру қолға алынды. Жұмысшылар мен қызметкерлерге майдан қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету мақсатында өндірістік жоспарларын асыра орындау міндеті тапсырылды.

Жер-жерде жаппай митингілер жалғасып жатты. Мәселен, 1941 жылдың 3 шілдесінде Ақтөбе қаласында көптеген кәсіпорындар мен мекемелерде жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін Кеңес Одағының Қорғаныс Комитетінің төрағасы И.Сталиннің 3 шілдедегі радиодан жасаған мәлімдемесіне арналған митингілер өтті. Ақтөбе обкомының КП(б)К «Құпия» деген белгі соғылған партиялық ақпаратында Қызыл алаңда жалпықалалық митинг өткенін, оған 15 000-ға жуық адам қатысқаны жазылған. Бұл құжатта ГК КП(б)К хатшысы Киселев жолдастың Сталиннің сөзін оқып бергені, жұмысшыларды Кеңес Одағына қарсы шабуыл жасаған жауға қарсы іс-қимылға шақырғаны жазылған. Тұрғындар, жұмысшылар, соның ішінде Жақсымай кен орны бұрғышылары, Шұбарқұдық кен орнындағы жерасты жөндеу бригадасы, Ақтөбе химия комбинаты жұмысшылары «Жеңіс үшін тылда да жанқиярлықпен еңбек етеміз, барлық күш-жігерімізді өндірістік жоспарларды асыра орындауға арнаймыз», әйел адамдар «Біз қазірден бастап күрделі ауылшаруашылық машиналарын игеріп, тракторларды, комбайндарды үйренуіміз керек, өйткені біздің ерлеріміз, жаумен шайқасқа кеткен, олардың орнына біз еңбек етуіміз қажет» деген сарында ұран сөздерін айтқан. «Барлығы майдан үшін! Барлығы Жеңіс үшін!» деген ұранмен еңбек еткен жұмысшылардың дені елде қалған әйел адамдар болды. Дерекке сүйенсек, 1942 жылы механизаторлардың 70 пайыздан астамы әйелдер болған.

Әрбір тоғызыншы танкі ақтөбелік зауыт материалдарынан жасалған

Соғыс жылдарындағы өңірдегі басты жетістіктердің бірі — Ақтөбедегі ферроқорытпа зауытының құрылуы болды. 1941 жылғы 4 тамызда Ақтөбе облыстық комитетінің хатшысы Иночкин мен Ақтөбе комбинаты НКВД саяси бөлімінің бастығы А.Юдиннің И.Сталингежіберген хатында Ақтөбе қаласында салынып жатқан ферроқорытпа зауытының құрылыс жұмыстарының барысы мен оның қорғаныс мақсатындағы маңызы туралы толық ақпарат берілген. Ақтөбе ферроқорытпа зауытының құрылысы – Екінші дүниежүзілік соғысы жылдарындағы еліміздің қорғаныс қабілетін күшейтуге бағытталған, Жеңіске жету жолындағы маңызды жобалардың бірі болды, яғни бұл зауыт майданға қажетті металл өндіру үшін аса қажет еді. Зауыт қысқа мерзім ішінде іске қосылып, алғашқы металын 1943 жылы шығарды. Ақтөбе металынан танктердің металл қорғаныс қабықтары, оқ-дәрілер құйылды. Дерекке сүйенсек, Кеңес Одағының әрбір тоғызыншы танкісі осы ақтөбелік зауыт материалдарынан жасалған.

Жалпы соғыс жылдарында Ақтөбе өңіріне Витебск, Днепропетровск, Мәскеу сияқты қалалардан отыздан астам өнеркәсіптік кәсіпорындар көшіріліп, қысқа мерзімде жаңа өндірістер іске қосылған.

1941 жылғы 16 қыркүйекте Ақтөбе қаласында Қызыл Армия жауынгерлеріне арналған жылы киімдер тігу жұмыстары басталды. Қала кеңесі мен партия комитеті арнайы қаулы қабылдап, барлық кәсіпорындар мен мекемелерді майданға көмек көрсетуге жұмылдырды. Қала тұрғындарынан материалдар жинастырылып, қой терісін өңдейтін цех ашылды, осылайша жылы және ішкиімдер тігіле бастады. Қаладағы барлық ресурстарды жинап, қайта өңдеу жұмыстарын ұйымдастыру тапсырылды. Осылайша Ақтөбе қаласы тұрғындарының тынымсыз еңбегі мен бірлігі майданға қажетті киімдер мен өнімдерді шығаруға мүмкіндік берді, бұл Жеңіс үшін маңызды қадам болды.

1941 жылғы 12 қарашада Ақтөбе қаласында тағы бір маңызды өндірістік шешім қабылданды. Ақтөбе облыстық атқарушы комитеті мен облыстық партия комитеті Мәскеуден эвакуацияланған рентген зауытын Ақтөбеге көшіру туралы бірлескен қаулы шығарды. Зауытты орналастыру үшін бұрынғы партиялық курстар мен Педагогикалық институт ғимараттары босатылды.  Осылайша Ақтөбе қаласы стратегиялық маңызы бар өндірісті одан әрі жұмыс істеуін өз жауапкершілігіне алып, тылдағы еңбек майданын қыздыра түсті.

Өңірдегі авиамеханиктер де тыным таппады. 1942 жылы күзде Сталинград түбіндегі шайқасқа авиамеханиктер шеберханалары ай сайын 30 ұшақ пен 160 авиациялық моторды жөндеп, аттандырып отырды.

Соғыс жылдарында ауыл шаруашылығы да тың серпін алды. Шығанақ Берсиевсияқты еңбек ерлері рекордтық өнім жинап, бүкіл одаққа үлгі болды. Әйелдер, балалар егіс даласында белсенді еңбек етті. Облыс тұрғындарының жаппай көмегімен жиналған қаржыға жасалған танкілер мен ұшақтар майданға жөнелтіліп жатты.

312-атқыштар дивизиясының мұражайында

Ақтөбеде құрылған атқыштар бригадалары

 1941 жылғы 21 қарашада Ақтөбе облыстық атқарушы комитеті мен облыстық партия комитеті соғыс жағдайына байланысты ерекше маңызы бар шешім қабылдады. Қаулыға сәйкес, Ақтөбеде ұлттық атқыштар бригадасын құру жұмыстары басталды. Бұл шешім КСРО басшылығының 17 қарашадағы бұйрығына сәйкес қабылданды және Қазақ ССР-інде ұлттық әскери құрамаларды құру шараларының бір бөлігі болды.

Қаулыда атқыштар бригадасын жасақтауға қажетті барлық ұйымдастыру шаралары нақты көрсетілді: шақырылушылар контингенті, азық-түлік пен мал азығы, көлік құралдары мен киім-кешек, арбалар мен жүк машиналарының қамтамасыз етілуі аудан деңгейінде реттелуге тиіс болды. Жаңадан құрылатын бөлімшелерде партия және комсомол мүшелерінің үлесін 35-40% деңгейінде ұстау да ерекше атап өтілді.

Сонымен қатарәскери дайындықтан өткен партия, кеңес және шаруашылық қызметкерлерінен партиялық-саяси жұмыстарға қабілетті кадрлар іріктелуі керек еді. Бригада бөлімдерінің орналасуына арналған ғимараттар, соның ішінде казармалар, асханалар, қоймалар мен ат қоралары дайындалуға тиіс болды. Денсаулық сақтау органдарына медициналық қызмет көрсету жүктелді, ал аудандық ұйымдарға шақырылушыларды қажетті киіммен қамтамасыз ету міндеті тапсырылды.

Бұл шешім Ақтөбе облысының майданға тікелей үлес қосуына жол ашты және ұлттық құрамалар арқылы жауынгерлерді ұйымдасқан түрде жасақтауға мүмкіндік берді.

1941 жылдың 17 шілдесінде Ақтөбеде 312-ші атқыштар дивизиясы құрыла бастады. Оның құрамында Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Гурьев,  Қызылорда және Жамбыл облыстарының тұрғындары кірді. Дивизия құрамындағы 654 жауынгердің дені Ақтөбе облысының тұрғындары еді. Ұрыс басталған кезде дивизия құрамындағы жауынгерлердің жалпы саны 11 377-ге жетті. Дивизияның командирі болып полковник Александр Феодорович Наумов тағайындалды.

1941 жылдың қазанында Мәскеу түбінде, Малоярославец қаласы маңында 312-атқыштар дивизиясы өшпес ерлік жасады: ерекше батырлық пен ерлік танытқан қазақстандықтар Мәскеуді қорғап қалды.  Шайқаста дивизияның үлкен шығынға ұшырауына байланысты таратылып, ол  53-ші және 17-атқыштар дивизияларының бөлімдерімен қосылып, «Тұрақты 53-атқыштар дивизиясы» атанды. Бұл дивизияның құрамындағы жауынгерлердің көпшілігі біздің жерлестеріміз болатын.

1941 жылдың желтоқсанынан бастап 1942 жылдың мамырына дейін Ақтөбеде жергілікті тұрғындар, Батыс Қазақстан, Гурьев және Қызылорда облыстарының тұрғындарынан 101-ші жеке атқыштар бригадасы құрылды. Бұл бригада құрамындағы жауынгерлердің 50 пайыздан астамы қазақ жігіттері болды, яғни бұл ұлттық дизивия еді. Бригаданың командирі болып подполковник Севостьян Яковенко, ал саяси жетекші қызметін Нури Алиев атқарды.  Саяси бөлім бастығы болып Бекайдар Бекниязов, парткомиссия хатшысы ретінде Нұғыман Оразалин, ал комсомол жұмысы жөніндегі көмекші қызметін Шайдахмет Серғазин атқарды.

Бригаданың әскери дайындығы жүргізілген кезеңде — 1941 жылдың желтоқсан айынан  1942 жылдың мамырына дейінжауынгерлермен саяси және әскери дайындық жұмыстары қатар жүргізіліп, бригадаға қажетті материалдық-техникалық жабдықтар берілді.

1942 жылдың қазан айында 101-жеке атқыштар бригадасы Калинин майданындағы 39-армия құрамында соғысқа аттанды. Бригада өзінің алғашқы шайқасын 1942 жылдың қарашасында Калинин облысының Оленино ауданында өткізді. Ржев маңындағы ұрыста «Марс» операциясы кезінде бригада ауыр шығындарға ұшырады. Бұл операцияның сәтсіздігіне байланысты бригада туралы ақпараттар ұзақ уақыт құпия сақталғаны тарихтан мәлім. Бригада Смоленск, Витебск облыстарын және Балтық елдерін азат етуге қатысты.

1944 жылдың шілде айында 101-ұлттық атқыштар бригадасы таратылып, оның жауынгерлері мен командирлері 47-ші және 90-атқыштар дивизияларының құрамына енгізілді. Бұл бригада Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қазақ жастарының ерлігі мен батырлығын көрсеткен ерекше әскери құрылымдардың бірі болды.

Рейхстагқа шабуыл жасаушылардың бірі —
лейтенант Рахымжан Қошқарбаев
(сол жақтан санағанда үшінші тұр) 1945 жылдың мамыр айы.

Жеңіс күні!

 1945 жылдың мамыр айы майдан даласынан жақсы жаңалықтар келе бастады. Ақтөбеден шығатын «Актюбинская правда» газетi беттерінен Жеңіс күнінің жақындап келе жатқанына қатысты мақалалар жиі жариялана бастаған. Мәселен, газеттің 4 мамырдағы санында «Көптен күткен сәт келді» деген шағын ақпарат шығыпты:«Көптен күткен сәт келді — біздің әскерлер Берлинді алды, — деді Ақтөбе қаласындағы «Большевик» зауытының жұмысшылар митингінде стахановшы Т.Чак. — Бұл жеңісте біздің де үлесіміз бар. Күн сайын екі жарым және одан да көп норма орындап жүрмін, зауыттағы әріптестерімді одан да жақсы, одан да өнімді еңбек етуге шақырамын», — делінген ақпаратта.

Газеттің осы күнгі санында жарияланған «Ферросплавшылар көсем бұйрығына жауап береді» атты мақаласында былай делініпті: «Ақтөбе ферросплав зауытының цехтарында халықтар көсемі жолдас Сталиннің 1 мамыр мерекесіне орай берген бұйрығы мен 1-Беларусь және 1-Украин майдандарының әскерлерінің Германия астанасы Берлинді басып алғаны туралы хабарға арналған митингілер өтті. Бұл жаңалықты ақтөбелік металлургтер зор қуанышпен қабылдап, тапсырмаларды орындауға жаңа жігермен кірісті. Көсемнің «Майданға барынша көмектесу» деген үндеуіне жауап ретінде балқытушылар былай деді: «Біздің зауыт сәуір айындағы жоспарды 5 күн бұрын орындады және Жеңіс мейрамы — 1 мамырға орай елге жоспардан тыс металл өнімін тапсырды. Мамырда біз бұдан да жақсы еңбек етіп, Берлинге Жеңіс туын тіккен Қызыл Армия жауынгерлеріне фашистік жыртқышты толық талқандауға көмектесеміз».

1945 жыл 9 мамыр. Ақтөбеден шығатын «Актюбинская правда» газетiнің дәл осы күнгі санына Қызыл Әскер мен Әскери-Теңіз Флотының Жоғарғы Бас Қолбасшысы И.Сталиннің №369 Бұйрығы жарияланды. Онда былай делінген:
«1945 жылғы 8 мамырда Берлинде герман қарулы күштерінің сөзсіз тізе бүгу актісіне қол қойылды.
Кеңес халқы неміс-фашист басқыншыларына қарсы жүргізген Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталды, Германия толық талқандалды.
Жолдастар, қызыләскерлер, қызылфлотшылар, сержанттар, старшиналар, армия мен флот офицерлері, генералдар, адмиралдар және маршалдар — сіздерді Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталуымен құттықтаймын!
Германияға толық жеңіс белгісі ретінде бүгін, 9 мамыр — Жеңіс күні, сағат 22.00-де еліміздің астанасы Мәскеу Отан атынан Қызыл Әскердің қаһарман бөлімдеріне, Әскери-Теңіз Флотының кемелері мен бөлімшелеріне 1000 зеңбіректен 30 артиллериялық залп береді.
Отанымыздың еркіндігі мен тәуелсіздігі үшін шайқаста қаза тапқан қаһармандарға мәңгілік даңқ!
Жеңісті Қызыл Әскер мен Әскери-Теңіз Флот жасасын!
Жоғарғы Бас Қолбасшы
Кеңес Одағының маршалы И.СТАЛИН
».

Осы газеттің 1945 жылғы 11 мамырдағы №86 санында КП(б)К Ақтөбе облыстық комитеті бюросының «9 мамыр – Жеңіс күні жалпы халықтық мереке болып жариялансын» деген мәтіндегі қаулысы жарияланды. Онда Кеңес Одағының неміс-фашист басқыншыларына қарсы ұлы Жеңісіне орай КП(б)К аудандық комитеттеріне маңызды тапсырма жүктелді. Барлық қалаларда, аудан орталықтарында, жұмысшы кенттері мен ірі өндіріс ошақтарында, сондай-ақ совхоздар мен колхоздарда, дала бригадаларында және мал шаруашылығы фермаларында Жеңіс күніне арналған салтанатты митингілер мен жиналыстар ұйымдастырылуға тиіс екендігі айтылды.

Осыдан кейін Ақтөбе облысында демобилизацияланған жауынгерлердің бейбіт өмірге оралуы, оларды лайықты қарсы алу, жұмысқа орналастыру секілді жұмыстар жүргізіле бастады… Бұл енді бейбіт күнде жасала бастаған тірліктер еді…

P.S.Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жыл басындағы дерегіне сүйенсек, Қазақстанда 2025 жылғы 20 қаңтардағы жағдай бойынша Ұлы Отан соғысының 120 ардагері, сондай-ақ ҰОС жеңісіне үлес қосқан 42 545 азамат тұрады. «Олардың ішінде қоршаудағы Ленинград тұрғындары — 67 адам; концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындары — 139 адам; ҰОС кезінде алған жаралануы, контузиясы, зақымдануы немесе ауруы салдарынан мүгедектігі бар қайтыс болған адамның жұбайлары — 743 адам; ҰОС-та қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің жесірлері — 2 адам; тыл еңбеккерлері — 41 594 адам», — делінген ресми хабарламада. Елімізде Екінші дүниежүзілік соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында ҰОС ардагерлеріне 5 млн теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек төлеу жоспарланып отыр.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 (Мақала Ақтөбе облысының мемлекеттік мұрағатындағы құжаттар негізінде әзірленді. Суреттер де облыстық мұрағаттан алынды).

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button