Бір топ бозбала әскерге аттанды

Азаматтық борыш
Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні қарсаңында Ақтөбедегі Орталық саябақтағы Тутұғыр алаңында 45 бозбаланы әскерге салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.
Іс-шараға облыстық әкімдік, қорғаныс істері жөніндегі департамент өкілдері, әскери сала ардагерлері, «Жассарбаз» патриоттық клубының мүшелері, ата-аналар қатысты.
Облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхансөз сөйлеп, әскери борышын өтеуге ниет білдірген бозбалаларға ақ жол тілеп, ата-аналарына алғыс айтты. Облыстық әскери ардагерлер кеңесінің төрағасыҚажымұқан Сәтенов Отан қорғаушыларға патриоттық рух бере сөйледі.
Темір ауданы Сарыкөл ауылының перзенті Аян Мұратов шығарып салу рәсімінде әскерге сыныптастары Арман Көптілеуов, Айсұлтан Қазбековпен бірге кетіп бара жатқанын айтып: «Ата-аналар, уайымдамаңыздар, бір жылдан соң, үйге аман-есен келеміз!» — деп сендіре сөйледі.
Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Ерлан Рамазановтың айтуынша, еліміздің Қарулы күштер сапын толықтыратын 45 жігіт Отан алдындағы борышын Қарағандыда өтейді.
Шығарып салушылар қатарында немерелеріне сәт сапар тілеп тұрған ата-әжелер де бар. Солардың бірі — Ахмет Мұратов.
— Биыл жиырмаға толатын немерем Әділбекті шығарып салуға келіп тұрмыз. Ұл боп туған соң, Отан қорғау — міндет. Бұған дейін екі немерем әскерде болды, екеуі де шекарашылар бөлімшесінде борыштарын өтеп келді. Ер жігіт әскерді көріп келгені дұрыс қой, тек амандық, ақ жол тілейміз, — деді.
Жиын барысында бозбалаларға сыйға Қасым Қайсеновтің «Жау тылында», Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітаптары таратылды. Іс-шараны ақтөбелік өнерпаздар әнмен әрледі.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.