Құқық

Қылмыс

Ұрлық жасап ұсталды

Ақтөбе қаласындағы Сазды полиция бөлімінің қызметкерлері қала аумағында ұрлық жасаған күдіктілерді ұстады. Олар Демьян Бедный көшесіндегі жеке үйдің  терезесінен кіріп, алтын зергерлік бұйымдар мен ақшаны ұрлаған. Сөйтіп, үй иесіне 9 мың теңге шығын келтірген.

Сондай-ақ қала көшелерінің біріндегі үйден біреулер  200 мың теңгені қолды қылған. Аталған ұрлықтарға қатысы бар деген күдікпен тергеу бөлімінің қызметкерлері Қостанай қаласының бұрын бірнеше рет сотталған 38 жастағы тұрғыны мен 24 жастағы ақтөбелік жігітті ұстады. Тексеру кезінде күдіктілердің пластикалық терезесі бар үйлерді таңдағаны анықталды. Олар үй иелері жұмысқа шығып кеткен кезде терезеден кіріп, алтын бұйымдарды ұрлап алып, ломбардқа тапсырған. Полиция қызметкерлері күдіктілердің бұдан бөлек тағы да алты ұрлыққа қатысы бар екенін дәлелдеді.

 

Алаяқтық топ тұтқындалды

Ақтөбе облысының ішкі істер департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен тергеу басқармасының қызметкерлері алаяқтықпен айналысатын топты ұстады. Сезіктілердің жәбірленушілерге келтірген шығын көлемі 5 миллион теңгеден асып отыр.

Соңғы уақытта ұялы телефон арқылы жасалған қылмыстың саны көбейіп, ішкі істер қызметкерлерінің алаңдаушылығын туғызған болатын. Осыған орай облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Мұхаран Әміровтің тікелей бұйрығымен құрамында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен тергеу басқармасының тәжірибелі қызметкерлері бар жедел-тергеу тобы құрылды. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде полицейлер құрамында төрт адамы бар қылмыстық топтың ізіне түсіп, қолға түсірді.

Қылмыстық топ ұзақ уақыт бойы арнайы дайындалған кесте бойынша, алаяқтықпен айналысып келген. Яғни, алаяқтың біреуі  еліміздің оңтүстік аймағында отырып жәбірленушілерге, оның ішінде зейнет жасындағы адамдарға ұялы телефон арқылы қоңырау шалып, өзін полиция қызметкері ретінде таныстырады. Бұдан соң  бейтаныс адамға оның жақын туыс-тумасы есірткі сақтағаны немесе ұрлық жасағаны үшін ұсталғанын және туыстарын қылмыстық жауапкершіліктен аман алып қалуы мақсатында қомақты ақша талап ететінін айтады. Ал екінші алаяқ серігінің нұсқауы бойынша жәбірленушіден ақшаны алып, ізін суытып отырған. Топтың өзге екі мүшесі осындай жолмен түскен ақшаны Ақтөбе қаласындағы екінші деңгейлі  банктердің бірінде ашылған  есепшотқа  аударумен айналысқан.

Қазіргі таңда қылмыстық топтың осындай жиырма алаяқтық іске қатысы бары дәлелденіп, үстерінен қылмыстық іс қозғалып жатыр. Сондай-ақ күдіктілердің барлығы бұрын сотталған адамдар екені анықталды. Бүгінгі таңда үш сезікті қамауға алынса, топ құрамындағы әйелдің біреуі қала аумағынан қашып кетпеу туралы қолхат жазып, үйіне кеткен.

 

Мүйіз сатып тұтылды

Облыстық  ішкі істер департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру шарасы кезінде заңсыз аңшылықпен айналысатын және киік мүйізін заңсыз сатып алатын азаматтарды қолға түсірді. Яғни полицейлер «киіктің ескі мүйізін сатып аламын» деген жарнама арқылы заң бұзғандарды анықтады.

Қаңтар айының соңғы  күні шұғыл операция кезінде облыстық ішкі істер департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ағайынды Жұбановтар көшесінің бойындағы №306 үйдің ауласынан «БМВ» автокөлігінің 26 жастағы жүргізушісін ұстады. Тексеру кезінде  машина ішінен 12 киік мүйізі, 50 мың теңге және екі ұялы телефон табылған.

Күдіктінің айтуынша, ол 2011 жылдың тамыз айынан бастап киік мүйізін сатып алумен айналысқан. Облыс орталығы мен жақын аудандарға барып «киіктің ескі мүйізін сатып аламын» деп хабарландырулар берген. Сезікті азамат киіктің бір мүйізін 6 мың теңгеден сатып алып, өзінің танысына бір келісін 60 мың теңгеден сатқан. Қылмысын мойнына алған күдікті екі ай бойы жинаған 102 дана киік мүйізін өз еркімен полиция қолына тапсырды. Аталған адам мүйіздердің барлығын өз үйінде сақтап келген.

Қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодекстің 190-шы және 183-ші баптарына сәйкес қылмыстық іс қозғалып жатыр.

 

Бір аудандағы екі қылмыс

Таяуда Қобда ауданында екі қылмыстың беті ашылды. Оның бірі адам өліміне, екіншісі мал ұрлығына байланысты.

Қобда ауданының орталық ауруханасына пышақ жарақатымен түскен Қобда ауылының отыз екі жастағы тұрғыны есін жимастан көз жұмған. Осыған орай аудандық ішкі істер полициясының қызметкерлері аталған қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 38 жастағы әйелді қолға түсірді. Тексеру кезінде сезіктінің көз жұмған азаматпен некесіз бірге тұрып жатқандығы анықталды. Яғни күдікті әйел қайтыс болған азаматпен 4 жыл бірге тұрған.

Оқиға былай болады: бірге отырып спирттік ішімдік ішкеннен кейін араларында жанжал туындап, азамат әйелді соққыға жығады. Осы сәтте әйел жігіттің кеуде тұсына екі рет пышақ сұғып алады. Жәбірленуші азамат анасының үйіне ауыр пышақ жарақатымен барған соң, жедел жәрдем шақыртып ауруханаға жеткізілген.

Қазіргі таңда аталған оқиғаға байланысты әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.

Ал мал ұрлығына келер болсақ, аудандық ішкі істер полициясының кезекші бөліміне Ақырап ауылының 38 жастағы тұрғыны 16 бас қойдың ұрланғанын айтып, шағымданады. Дереу іске кіріскен полиция қызметкерлері осы іске қатысы бар деген күдікпен аталған ауылда тұратын 43 жастағы күдіктіні ұстады. Тексеру кезінде әлгі адамның бір ай бойы ауылдасының малын ұрлап, оны сойып, сатып жүргені анықталды. Шопанға келтірген шығынның  көлемі — 300 мың теңге. Аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері осы дерек бойынша, қылмыстық іс қозғап жатыр.

 

Әккі ұрылар әлегі

Жуырда ақтөбелік полицейлер түнгі уақытта автокөліктердің терезесін сындырып, ішіндегі заттарды ұрлайтын екі күдіктіні қолға түсірді.

Қаңтар айында ішкі істер департаментінің қызметкерлері жедел іздестіру тобын құрып, қылмыскерлердің соңына түскен болатын. Нәтижесінде полиция қызметкерлері қаладағы Ватутин көшесіндегі №5 үйдің ауласында «Хонда СРВ» маркалы автокөліктің орындығындағы теріден жасалған жамылғы  қапты (чехол) ұрлап жатқан 25-30 жастағы екі ақтөбелікті қолға түсірді. Ұсталған екі жігіт бұрын полиция бөлімінде осындай қылмысқа байланысты арнайы тіркеуде тұрған. Сондай-ақ күдіктілердің осындай жеті қылмысқа қатысы бары анықталып отыр.

Сөйтіп, оңай жолмен пайда табуды көздегендердің айласы іске аспады.

 

Мұнай ұрлағандар ұсталды

Ақтөбе облыстық  қаржы полициясы департаменті ұзақ уақыт бойы заңсыз мұнай ұрлығымен айналысқан топтың жолын кесті.

Жедел іздестіру шарасы кезінде  жалған құжаттар әзірлеп, мұнайды сатудан түскен қаржыны заңдастырып келген  үш жалған кәсіпорын анықталды.

Қылмыстық істі тергеу кезінде, бұл топтың құрамында «Б.Р.СтройКомпаниТемир» ЖШС мен «АктобеАгроТранс» ЖШС-ның құрылтайшылары Б.Ихсанов, Р.Даулетқалиев және «АктобеАгроТранс» ЖШС директоры мен жұмысшысы, яғни Г.Жұмашева мен Е.Қалиевтың бары анықталды. Олар 2006-2011 жылдар аралығында Мұғалжар ауданының аймағында тиісті құжатсыз мұнайды заңсыз сатып, тасымалдап келген. Р.Дәулетқалиев пен Б.Ихсанов «АктобеАгроТранс» ЖШС-ның жұмысшысы Е.Қалиев арқылы жеке тұлғалардан  тиісті құжатсыз нарықтық бағадан төмен бағамен мұнай сатып алумен айналысқан. Сондай-ақ түрлі астыртын жолмен алынған қара алтынды заңсыз облыс пен Алматы, Атырау қалаларына сатып келген. Аталған азаматтардың үстінен қылмыстық іс қозғалып, жаза берілді.

 

Қаруыңызды тапсырыңыз!

Облыс аумағында ақпан айынан бастап наурыз айының соңына дейін қала тұрғындарынан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды сатып алу үшін акция өткізіліп жатыр. Аталған заттарды өз еріктерімен тапсырған азаматтарға Қазақстан Республикасының Заңымен белгіленген төмендегідей айлық есептік көрсеткіш көлемінде сыйақы беріледі:

1) ойық ұңғылы автоматикалық атыс қаруының әрбір бірлігіне жүз есе айлық есептік көрсеткішке дейін;

2) ұзын ойық ұңғылы атыс қаруының әрбір бірлігіне елу есе айлық есептік көрсеткішке дейін;

3) қысқа ойық ұңғылы атыс қаруының әрбір бірлігіне қырық есе айлық есептік көрсеткішке дейін (тапанша, револьвер);

4) тегіс ұңғылы атыс қаруының әрбір бірлігіне отыз есе айлық есептік көрсеткішке дейін;

5) травматикалық тапанша немесе револьвердің әрбір бірлігіне он айлық есептік көрсеткішке дейін;

6) граната, мина, жарғыш заттар мен артиллерия снарядының әрбір бірлігіне жеті айлық есептік көрсеткішке дейін;

7) жарылғыш заттың әрбір мың граммына алты айлық есептік көрсеткішке дейін;

8) ойық ұңғылы қару патрондарының әрбір бірлігіне жиырма төрт айлық есептік көрсеткішке дейін.

Қару сақтап отырған азаматтарды акцияға қатысуға шақырамыз.

 

Бетті дайындаған Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button