Экономика

Үздік көрсеткішке ұмтылыс

Пресс-тур

«Айс» компаниясы «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен арадағы серіктестік аясында өндірістік қуатын арттыруды көздеп отыр.

Атап айтқанда, мемлекеттік бағдарлама аясында сүт-тауарлы фермасында сауылатын сиырдың санын тағы 800 басқа көбейтеді. Осыған байланысты жаңа сауын кешені таяу арада іске қосылмақ.
Бұл туралы журналистердің «Айс» компаниясының сүт-тауарлы фермасына сапары барысында айтылды.
Қазір фермада ірі қара саны 3,5 мың, бәрі де — голштин тұқымды сиырлар. Сауын сиыр, буаз мал, бұзау, баспақ — әрқайсысы бөлек-бөлек қора-жайларда орналастырылып, тиісінше бағым-күтім жасалып жатыр. Қора-жайлардың температурасы қысы-жазы реттеліп тұрады.
Мүйізді ірі қараның бұл тұқымы әлемде ең сүтті саналатыны белгілі. Мұнда орта есеппен 1,1 мың сиыр сауылады. Әр сиыр күніне 38-40 литр сүт береді. Сүт алдымен осы жерде мұздатылып, сүт зауытына содан кейін ғана әкетіледі. Фермада әр тәулікте 3-5 бұзау туылады. Сүт өндірісінен бөлек, олардың бір бөлігі жылына асылтұқымды мал ретінде де сатылады.
Компания ең алғаш екі мың бас голштин сиырын 2010 жылы шетелден сатып алыпты. Кейін осы жерде өсіп-өніп, климатқа бейімделген сайын жылдық орташа өнім беру көрсеткіші де бірте-бірте арта түсіпті.
Өнімділікті арттыру мақсатында көп жұмыстар жүргізілген. Генетикалық зерттеулер, әр сиырдың бағым-күтімін жеке-жеке бақылау сынды жұмыстар жолға қойылыпты. Әр бас ірі қараның жағдайына қатысты мәліметтер мұқият жазылып, компьютерде сақталады екен. Кешен заманауи санитарлық-гигиеналық талаптар мен тамақ өнеркәсібі стандарттарына сай жабдықталған. Мал азығына барынша мән беріледі. Жоңышқа, жүгері, мал азығына керекті басқа да дақылдар компанияның өз егін алқабынан жиналады. Қосымша құнарландыру үшін, түрлі минералдар, витаминдер қосылады. Бұзауларға қажетті сүт қоспалары Германиядан алынады. Дақылдарды уатып, тиісті қосымшаларын өзі өлшеп, араластырып беретін автоматты жүйелер де тынымсыз жұмыс істеп тұр.
— Бұл жұмыстардың бәрі де өнімділікті арттыру мақсатында қолға алынды. Қазір облыста жылына 19 мың тонна сүт өндірілсе, оның ішінде «Айс» компаниясының үлесі — 13,5 мың тонна. Жаңа кешен іске қосылған күнде, осы көрсеткіш 23 тоннаға көтеріледі деп отырмыз, — деді «Айс» ЖШС-ның директоры Бақытжан Ботбаев.
Сүт-тауарлы ферманың жанында күннен қуат жинайтын электр стансасы да орналасқан. Сондай-ақ жұмысшыларға арнап ішінде барлық жағдайы қарастырылған тұрғын үй, салтанатты жиындар өтетін алаң салынған, асхана жұмыс істейді. Кәсіпорын еңбеккерлерінің орташа айлығы — 350 мың теңге. Бақытжан Ботбаевтың айтуынша, еңбеккерлерінің басым бөлігі — Мәртөк ауданының сол маңайдағы Саржансай, Кеңсахара ауылдарының тұрғындары.
«Айс» компаниясының сүт-тауарлы фермасында сиырлар «Параллель» сауын залында сауылады. Ал жаңа кешенде карусель жүйесіне негізделген сауын залы іске қосылмақ. Мамандардың айтуынша, әлем бойынша өз ісін кеңейтуге көшкен шаруашылықтар осы жүйені таңдайды. Сауыншы мұнда әр сиырға өзі бармай, сауылатын уақыты келген сиырды «карусель» оның алдына айналдырып әкеліп тұрады. Сондай-ақ әр малдан барынша жоғары өнім алуға да мүмкіндік береді екен.
Жаңа жобаның жалпы құны — 6,5 миллиард теңге. Оның жартысы «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы бөлінген. Тағы да 1,5 миллиард теңге қаржы — компанияның өз есебінен, өзгесі екінші деңгейлі банктер арқылы қарастырылған. Қазіргі күні ұзындығы 272 метр болатын кең ғимарат бой көтеріп тұр. Жоғарыда айтқанымыздай, жобаның іске қосылатын уақыты таяу.
Кәсіпорын өз ісін кеңейту жоспарын мұнымен тоқтатпайды, алдағы екі жылда сүт-тауарлы фермада мал басын тағы да 800-ге арттырып, өнім көлемін жылына 33 тоннаға дейін жеткізуді көздейді. Бұл еліміз бойынша сүт өндірісі саласындағы ең үздік көрсеткіштердің бірі болмақ.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button