Құқық

Құқық қорғау қалыпты ма?

Заңдылықтар мен құқық тәртібінің сақталуы ең алдымен азаматтардың мүддесіне, қоғамның қалыпты тіршілігіне бағытталады. Бұл ретте облыстық прокуратура қызметкерлері белгілі бір дәрежеде нәтижелі жұмыстар жүргізіп келеді.

Бұл туралы облыстық прокуратурада жыл қорытындысына арналып өткізілген баспасөз мәслихатында кеңінен айтылады. Прокуратураның басқарма бастықтары, жауапты қызметкерлері Маратбек Мырзамұратов, Рамазан Қалбаев, Сабырғали Шотов, Жанат Отарбаева және басқалары журналистердің сауалдарына жауап берді, сонымен бірге заңдылықтардың сақталуын қадағалау барысындағы атқарылған шаруаларға тоқталды.

Жиында әлеуметтік-экономикалық сала заңдылығын қадағалауды жүзеге асыру барысында негізінен ішкі саяси және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға, азаматтардың және кәсіпкерлік субъектілерінің еңбек құқықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуге бағыт ұсталғандығы атап көрсетілді. Осы мақсаттарда прокуратура органдары 1109 тексеру жүргізіп, олардың нәтижелері бойынша 29532 тұлғаның конституциялық құқықтары қорғалған. 1066 тұлға тәртіптік, 584 тұлға әкімшілік, 22 тұлға материалдық жауапкершілікке тартылды. Ықпал ету актілері бойынша жалпы мөлшері 4,2 млрд. теңгеден астам қаржы өндіріліп алынды.

Жұмысшы-қызметкерлердің еңбекақысының дер кезінде төленбеуі ұдайы прокурорлық қадағалау аясында ұсталады. Мәселен, осындай шара аясында 300 млн. теңге еңбекақы берешегі өтелген. Қазіргі уақытта жағдайы күрделі үш кәсіпорындағы 52 млн. теңге берешекті өтеу мақсатындағы жұмыстар жүргізілуде. Прокурорлық ықпал ету арқылы үш коммерциялық ұйымдағы 1700 жұмысшыға жалпы сомасы 199 млн. теңге экологиялық үстемеақы төленді.

Заңдылық қорғау қызметкерлері есепті мерзім ішінде халыққа қызмет көрсету барысындағы олқылықтар мен кемшіліктерге көбірек көңіл бөлгендігі байқалады. Мысалы, олардың араласуымен көрсетілмеген дәрігерлік қызметті көрсету, сырқаттарға тағайындалмаған дәрілерді қосып жазу, пайдалану мерзімдері өтіп кеткен дәрілерді пайдалану деректері анықталып, 48 тұлға тәртіптік жауаптылыққа тартылды. Төрт бас дәрігер сыбайлас жемқорлық сипатындағы тәртіптік жауаптылыққа тартылып, 440 азаматтың конституциялық құқықтары қорғалды.

Кәсіпкерлік субъектілерін қорғау бағытында да біраз шаруалар тындырылды. Бақылаушы органдардың тексеруін тіркеуден бас тарту арқылы 160-тан астам заң бұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік жасалды. Қырық үш кәсіпкердің конституциялық құқықтары қорғалды. Он бес мемлекеттік қызметкер заңсыз тексеру жүргізгені үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Мобильдік топ жұмысының аумағында жеті кәсіпкердің арыз-шағымдары бойынша заңсыз іс-әрекеттер туралы дәйектемелер анықталды.

Есепті мерзім аумағында мемлекетке келтірілген шығындарды өндіріп алу бойынша ауқымды жұмыстар атқарылғаны атап көрсетілді. Мәселен, табиғат қорғау саласында табиғи ілеспе газды кәдеге жарату жағдайын тексеру нәтижесінде жер қойнауын пайдаланушылардың қызметінде мемлекетке 3 млрд. теңгеден астам зиян келтірген заң бұзушылықтар анықталды.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ мұнай экспорттау бойынша салық мөлшерін төмендету арқылы роялти салығын төлеуден жалтару дерегі бойынша жалпы сомасы 3 млрд. теңгеден астам келтірілген шығын мемлекет кірісіне өндірілді.

Тергеу және алдын ала анықтау саласында негізгі басымдық прокуратура органдарының құқық қорғау қызметіне қатысты үйлестірушілік ролін күшейтуге бағытталды.

Прокурорлардың тексерулері нәтижесінде бұрын тіркелмеген 355 қылмыс анықталып, оның қырық сегізі сотқа жолданды. Осы ретте Ақтөбе қаласындағы Зауыт ІІБ алдын ала анықтаушысы А. Сағидуллаға ауыр қылмысты жасыру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, ол жауапкершілікке тартылды.

Прокуратура қызметкерлері БАҚ өкілдерінен азаматтардың телефон арқылы бопсалау әрекеттеріне сеніп, ақшаларынан айрылып қалу жағдайлары орын алып отырғанын ескертуді өтінді.

Облыстық прокуратура биылғы жылы да заңдылықтарды қорғау бағытында мақсатты жұмыстар жүргізіле беретіндігін баяндады. Сондай-ақ осында қолға алынған тағы бір игілікті істі атап өтудің реті келіп тұрған сияқты.

Облыстық прокуратура биылғы жаңа жылдан бастап өздерінің бастамасымен «Мүгедектерді қорғау» акциясын қолға алуда. Бұл ретте аймақтағы 17 мыңдай мүгедек жандардың құқықтары қорғалады.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button