Жеңілістен кейінгі жеңіс

Премьер-Лига
«Ақтөбе»-«Ұлытау» — 1:0
26-27 сәуір күндері 6-тур ойындары өтті.
«Астана» «Атырауды», «Қайрат» «Тобылды» бірдей есептермен ұтты. Осындай жеңіске «Қызылжар» да қол жеткізді.
Сырт алаңда «Жетісуды» ұтқан «Елімай» үшінші орынға шықты.
«Жеңіс», «Жетісу», «Қайсар», «Ұлытау» командалары чемпионат басталғалы бұл жолы да жеңіске жете алмады.
Ал «Астана» мен «Қайрат» қақпа құлпын ешкімге де ашқызбай келеді.
* * *
Бұл турда «Ақтөбе» өз алаңымызда Жезқазғанның «Ұлытау» командасын қабылдады. Футболшылар толассыз жауған жаңбырдың астында жүріп жан алысып, жан берісті. Қуанарлығы сол — бұл кездесу Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионда өткен биылғы алғашқы сайыс болды. Сол себептен де көрермен мол жиналды. Көрермендер ойынның басынан аяғына дейін дабырға толы қолдауды, демеуді аяған жоқ.
Біздің жанкүйерлеріміз бұл кездесуде «Ақтөбе» жеңетіндігіне берік сенімді болды. Себебі біріншіден, «Ұлытау» әлі бірде-бір жеңіске жете алмай келе жатқан төрт команданың бірі еді. Екіншіден, бұлар бұған дейін қарсыластар қақпасына пенальтиден бір гол ғана соғып, өз қақпасына 7 доп кіргізіп алған. Одан әрі нақтылай түссек, жезқазғандықтар бес кездесуде екі рет қана тең ойнап, үш рет жеңіліске ұшыраған. Көрсеткіштері осыншама нашар команданы «Ақтөбе» ұтпағанда қайтуші еді.
Рас, «Спорт кз» порталының сауалына жауап қайтарған Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы ойыншысы Тимур Сисенов: «Турнир кестесінің ең соңында тұрғанымен «Ұлытаудың» ойыны тіпті де нашар емес, бұларды жеңу «Ақтөбеге» оңайға түспейді, дегенмен жеңеді» деп пікір білдірген. Сірә, Т.Сисеновтің көңілінің бір бұрышында осының алдындағы турда «Ақтөбенің» қостанайлықтардан 0:2 есебімен ұтылып қалғаны тұрса керек. Сол себепті әліптің артын күткенді мақұл көрген сияқты. Және қателеспеген де тәрізді.
Расында да ойынның алғашқы бөлігін «Ұлытау» мығым өткізді. Алаң иелерінің ысқырық берілісімен лап қойған шабуылдарының барлығына да төтеп берді. Олай болатын себебі, бұлардың тылы да сенімді қимылдады. Әсіресе қақпашы Дмитрий Непогодов еш абыржымады. Мұндай қақпашы тұтас команданы еркін қимылдауға жетелейтіні мәлім. Оның үстіне 15-минутта Жан Жайроның қауіпті соққысы қақпа діңгегіне тиіп, нәтижесіз аяқталды. Сондай-ақ «Ақтөбенің» 21,44-минуттардағы шабуылдары да жүректерді зырқ еткізгені болмаса, есеп ашылмай қойды.
Жалпы, бірінші таймда екі команда да шеберлік көрсетіп жарытпады. «Тобылмен» кездесудегі шарасыздық бұл жолы ақтөбеліктерді тағы да айналшықтап жүргендей болды. Тек бір ерекшелігі — турнир кестесінің ең соңында тұрған «Ұлытау» аса жанкештілікпен ойнады.
Бірінші таймды осылайша тең текетіреспен өткізген жезқазғандықтардың екпіні ойынның екінші бөлігінде әбден әлсіремесе де, негізгі бояуын жоғалтып алғандай болды. «Ақтөбе» шабуылды үдете түсті. Алаң иелері қалай да үш ұпай иеленбесе, басшылықтың да, стадионды толтырып отырған жанкүйерлердің де наразылығына қалатыны анық еді. Оның үстіне Игорь Леонов бес күн бұрын отбасы жағдайына байланысты бас бапкерлікпен қоштасып, оның міндетін атқару Вячеслав Левчукке жүктелгенімен де, білетіндердің айтуынша, бұл да уақытша шара екен. «Ақтөбеге» пәленше бас бапкер болады екен, түгенше келгелі жатыр екен деген сияқты әңгімелер көбейіп кетті. Жел болмаса шөптің басы қимылдамайтынын ескерсек, бұл әңгімелердің өріс алуының шоқпардай себептері де жоқ емес. Өткен жылы И.Леонов команданы жұрт күткен биікке шығара алмады, биыл да әуелі Кубокқа таласта «Қайраттан», чемпионатта «Тобылдан» жеңіліп, «сенген қойым сен болсаң» дейтіндей күйге түсті. Ал мына кездесуден В.Левчуктің айқын қолтаңбасын және көре алмадық. Сірә, бұрын да И.Леоновтың ассистенті болған В.Левчуктен тосын шешім, тұтқиыл әрекет күту мүмкін бе еді. Қазір «Ақтөбенің» құрамы, шүкір, мықты. Тек осындай қуат-күшті тиісті арнаға қатесіз салып отыратын тәуір бапкер керек.
76-минутта еңбекқор Жан Жайро бір жағынан «Ұлытау» қорғаушыларының сәл қателескен тұсын пайдаланып, гол соғып кетті. Бұдан соң Оралхан Өміртаев соққан гол футболшының офсайдта қалып қоюына байланысты есепке алынбады. Ал «Ақтөбенің» қателескен сәттерін «Ұлытау» тиімді пайдалана алмады. Әйтеуір бапкерлер алмасып жатқан алмағайып шақта үш ұпай иемденіп алдық. Дегенмен спортта ең әуелі күш емес, ақыл жеңетінін ұққандай да болдық. Демек, біздің командаға ойыншылар да, жанкүйерлер де сенетін бір мықты бапкер керек-ақ сияқты.
* * *
Еркебұлан Сейдахмет:
«Біз «Ұлытауды» қиындықпен жеңдік. Ал стадионда тамаша атмосфера болды. Мен осындай атмосферада ойнауды армандайтынмын. Бұл біздің Қобыланды батыр атындағы стадионда өткен алғашқы кездесуіміз. Ауа райына байланысты бізге қиындау соқты. Дегенмен келесі ойындарда жеңіске жету мұндай қиын болмайтын шығар деп ойлаймын. Стадиондағы ахуал тура Еуропадағы секілді болды. Трибунаға халық лық толды. Мен осындай қолдаудың көмегімен ойнауды армандайтынмын».
* * *
«Ақтөбе»-«Ұлытау» — 1:0
Гол авторы: Жан Жайро, 76-минут (1:0).
Ескерту қағазы көрсетілгендер: Әділхан Таңжарықов, 46-минут; Әлібек Қасым, 69-минут; Неманья Анджелкович, 71-минут; Лев Скворцов, 72-минут; Андрей Влад, 90+5 минут («Ақтөбе»), Рамазан Абылайхан, 21-минут; Георгий Бугулов, 54+1 минут; Николай Солодовников, 71-минут; Асқат Эрмекуулу, 90+5 минут («Ұлытау»).
«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Андрей Влад (қақпашы), Неманья Анджелкович, Әлібек Қасым (капитан), Габи Кики (Лев Скворцов, 46-минут), Әділхан Таңжарықов, Уче Агбо (Богдан Вэтэжелу, 46-минут), Жан Жайро (Айбар Абдулла, 85-минут), Еркебұлан Сейдахмет, Амаду Думбия, Ыдырыс Умаев (Данияр Үсенов, 55-минут), Джордже Ивкович (Оралхан Өміртаев, 61-минут).
Резервте болғандар: Игорь Трофимец (қақпашы), Саят Жұмағали, Бағдат Қайыров, Аян Байдаулетов, Дархан Бердібек, Фредди Гондола.
Бас бапкердің міндетін атқарушы Вячеслав Левчук.
26 сәуір 2025 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион.
* * *
Басқа кездесулер:
«Жетісу»-«Елімай» — 0:3
«Оқжетпес»-«Жеңіс» — 1:1
«Астана»-«Атырау» — 2:1
«Қызылжар»-«Қайсар» — 2:1
«Қайрат»-«Тобыл» — 2:1
«Ордабасы»-«Тұран» — 1:0
* * *
Біздің мергендеріміз:
Дархан Бердібек, жартылай қорғаушы — 2;
Неманья Анджелкович, қорғаушы — 1;
Еркебұлан Сейдахмет, жартылай қорғаушы — 1;
Уче Агбо, жартылай қорғаушы — 1;
Джордже Ивкович, шабуылшы — 1;
Бағдат Қайыров, қорғаушы — 1;
Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 1;
Оралхан Өміртаев, шабуылшы — 1;
Жан Жайро, шабуылшы — 1.
(Бір допты атыраулық Гильерме Мораиш өз қақпасына соғып алды).
* * *
Жерлестеріміз 6 кездесу өткізіп, 4 рет жеңді, 1 рет тең ойнады, 1 рет ұтылды. Ұпай саны — 13. Доп айырмашылығы — 11-4.
* * *
6-турдан соң командалар турнир кестесінде жинаған ұпайларына қарай төмендегіше орналасты:
- «Қайрат» — 17;
- «Астана» — 14;
- «Елімай» — 13;
- «Ақтөбе» — 13;
- «Тобыл» — 11;
- «Қызылжар» — 8;
- «Оқжетпес» — 8;
- «Ордабасы» — 8;
- «Тұран» — 7;
- «Жеңіс» — 5;
- «Қайсар» — 3;
- «Жетісу» — 3;
- «Атырау» — 3;
- «Ұлытау» — 2.
Р.S. «Қайрат» пен «Атыраудың» басқалардан бір кездесуі артық өткенін еске саламыз. Бұлар 16-тур кездесуін алдын ала өткізіп, 16 сәуір күні алматылықтар өз алаңында «Атырау» командасын 4:0 есебімен ұтқан болатын.
* * *
7-тур ойындары:
3 мамыр, сенбі:
«Ұлытау» — «Қайрат»
«Атырау» — «Ордабасы»
«ЖЕҢІС» — «АҚТӨБЕ»
«Тұран» — «Жетісу»
4 мамыр, жексенбі:
«Елімай» — «Оқжетпес»
«Қайсар» — «Астана»
«Тобыл» — «Қызылжар»
* * *
Беларусь құрамасы мен Қазақстан құрамасының жолдастық кездесуі 5 маусым күні Минск қаласындағы «Динамо» Ұлттық олимпиада стадионында Астана уақытымен сағат 20.00-де басталады.
Ертай АШЫҚБАЕВ.