Спорт

Азат — ел чемпионы!

Жақында Қызылорда қаласында бильярдтан ұйымдастырылған ерлер арасындағы XXXV республикалық чемпионат өз мәресіне жетті. Бас жүлдені ақтөбелік Азат Түменов иеленді.

Биылғы бильярдшылар жарысына еліміздің әр өңірінен 84 ойыншы қатысты.

Азат «құрастырмалы пирамида» бойынша өткен жарыстың жартылай финалында алматылық кий шебері Қаныбек Сағындықовтан басым түссе, ақтық сында былтыр әлемдік додада ел намысын қорғап, бағы жанған алматылық Ернар Шымбаевты жеңді.

Азат — 2008 жылдан бастап ҚР спорт шебері. Ол он бес жасында-ақ Шымкент қаласында ересектер арасында өткен Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанып, республикадағы бильярд спорты бойынша үздік сегіздік қатарына енді. 18 жасына дейін жасөспірімдер арасында Қазақстанның үш дүркін чемпионы атанып үлгерді.

Ел чемпионының бильярд ойынына қызығушылығы кішкентайында басталыпты. Бала Азат әкесі Есеттің жолдастарымен бильярд ойнағанын талай көріп өсті. Көп ұзамай өзі де көзі таныс ойынға біржола ден қойды.

Азатқа бильярдтың не екенін үйреткендер көп, бірақ оның кәсіби ұстазы да, жаттықтырушысы да жоқ. Ақтөбеде әуесқойларға арналған бильярд клубтары жеткілікті. Әдетте қаламыздағы бильярдшы жігіттердің дені «777»  клубында кездеседі.

— Мен «777» клубына жиі барамын, үлкен жарыстарға да сол жерде жаттығамын. Осы клубтың басшысы Алтынбек Омаровқа алғысым шексіз, үнемі қолдап отырады. Маған бір ойын үстелін тегін береді. Ойыншылар да көмектерін аямайды, — дейді Азат.

Атасы Қазақстанның құрметті байланысшысы Жолдыбай Түменов те үнемі немересіне демеушілік көрсетіп отырады.

Айтпақшы, кий шеберінің айтуынша, бильярд спорты федерациясының филиалдары біраз қалада бар. Тек қана біздің Ақтөбеде федерация өкілдігі әлі жоқ. «Енді ашылып қалар. Өйткені біздің Ақтөбеде бұрын бильярд ойынына кәсіби тұрғыдан көңіл бөлінбей келді. Ал қазір жақсы дамып келеді. Қызылордада өткен ел чемпионатына Ақтөбеден бес жігіт болып бардық. Атап айтсам, Дамир Баланиязов, Руслан Сибенов, Андрей Василенко, Берік Егінбердиев және мен, — дейді Азат.

Чемпионатта жеңімпаз болған үздік 10 бильярдшының арасында ақтөбелік Азат та бар. Құрамаға алынған кий шеберлері 21-24 ақпан күндері Алматыда өтетін әлем чемпионатында ел намысын қорғайды. Сәттілік тілейміз!

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button