Мәдениет

Мектеп қабырғасынан майданға аттанды

Сексеннің сеңгіріндегі, дәлірек айтқанда, 84 жастағы майдангер Бақыт Биманалин биылғы Жеңіс күнін, өзі айтқандай, Алланың берген денсаулығының арқасында ширақ қарсы алып отыр.

Бақыт аға ауылының, ауылының ғана емес, ауданның сыйлы адамы болды. Жасы ұлғайып, еңбек демалысына шықса да, өзінің белсенді позициясын ұстанып, қалың шаруаның ортасында жүрді. Аудандық газетке қоғамдық, рухани мәні зор мақалаларын әкеліп, тұрғындар арасында тәрбиелік жұмыстар жүргізіп отыратын.

Бақыт аға «ақтар» мен «қызылдардың» күресі әлі толық аяқтала қоймаған, ел арасындағы аласапыран кезең 1925 жылы дүниеге келген. Балалық шағы аштық пен репрессия сияқты нәубеттердің тұсында өтті. Кеңес үкіметі кеңшарлар мен ұжымшарлар құра бастаған кезде аяғымен жер теуіп, қолдарымен дән сепкен үлкендердің қиналыстары әлі күнге көз алдында. Сәл кейінірек белі бекімей, бұғанасы қатпай жатып, өзге балалар секілді Бақыт аға да қара жұмысқа араласады.

Ол уақытта оқу-сызумен айналысуды ойлаудың өзі мүмкін емес еді. 1935 жылы 12 ұжымшардың орталығы Көсем ауылында мектеп ашылып, жанында интернат жұмыс істей бастайды. 1 қыркүйекте ауылдардан жиналған 80 бала қолдарына алғаш қалам ұстайды. 4 бөлмелі үй интернат үшін бөлінеді. Ол кезде қайбір үй дейсің, жертөле ғой. Интернат деген аты болмаса, төсек-орын деген мүлдем жоқ. Қара жерге шөп-сабан төселіп, киімдерімен жатып өседі. Тамақтары – диірменнен тартылған қуырылған қара бидай. Бір тәулікке бір кеседен ғана беріледі. Жағдай 1937 жыдардан бастап аздап дұрыстала бастайды. Бөлмелерге тақтай төселіп, киіз, алаша жайылады.

Бақыт аға соғыстың зобалаңын жастайынан сезінді. 1939 жылы фин соғысы басталып, үш бірдей мұғалімі майданға аттанғанда қимастықпен шығарып салғаны әлі есінде. Ол кезде сондай қан майданның ортасына өзі де түсетінін білмеп еді.

… 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталды. Ер адамдар соғысқа кетіп жатты. Жылау-сықтау… Алты жарым жылдай ғана білім алған Бақыт аға 1942 жылы наурызда он жеті жасында мектеп қабырғасынан ұрыс даласына сапар шекті.

Ақтөбеден Ресейдің Орынбор облысының Ақбұлақ ауданына жеткізілген жас өрім бір ай оқу-жаттығу жиынында болады. Бір айдан кейін «қызыл вагонмен» Воронеж қаласына жеткізіледі. Осылайша Воронеж түбіндегі соғысқа кіріп кетеді. Алғаш немістердің күші басым болғанымен, кейін ығыса бастайды. Біздің әскер қала маңындағы деревняларды жаудан босатып, үйлерді тінтіп жүргенде жан түршігерлік жағдайды көреді. Бір үйді барып тінткенде, фашистер үйдің ішінен апан қазып, балаларды, қарттарды, әйелдерді тірілей жауып тастаған көрінеді. Содан біздің адамдар тұтқындарды құтқарып алады.

Б.Биманалин Днепр өзені бойындағы шайқастың өте ауыр болғанын еске алды. Әсіресе, шалқарлық досы Ыбырайымовтың өжеттігін үнемі аузынан тастамайды. Ол Днепр өзеніндегі көпірді алу кезінде көзсіз батырлыққа барған.

Станокты пулеметші Бақыт аға 1943 жылы Курск түбіндегі ұрыста оң қолынан жараланып, елге оралады.

Бақыт ағаның бұдан кейінгі өмірі өзі туып-өскен Алға ауданымен тығыз байланысты. Сол бір ауыр жылдарда үш ұжымшардың басқармасы болады. Кейін 1961 жылы бірнеше ұжымшарды біріктіріп, Максим Горький атындағы кеңшар құрылады. Кеңшар директоры Есболай Мусин болады да, Бақыт аға орынбасар болып еңбек етеді.

– 1998 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеге жұмыс сапары кезінде Тама Есет бабамыздың басына келді. Сонда маған бата беру және Президентпен суретке түсу бақыты бұйырды, – дейді Ұлы Отан соғысының ІІ топтағы мүгедегі Бақыт Биманалин. – Аллаға шүкір. Бұрын қазақ деген халық, ел бар екенін шетелдіктер білмеген болса, қазір алдыңғы қатарлы елу елдің қатарына кіруге талпынып жатырмыз. Бұл Елбасының ұзақ жылдарғы еңбегі деп білемін. Біздер, соғыс ардагерлері мемлекетіміздің тарапынан үлкен қамқорлықты сезінудеміз. Сонымен бірге, облыс басшысы Елеусін Сағындықов та өзінің инициативасымен көптеген жақсылықтар жасап отыр. 2000 жылы Ақтөбе қаласынан үй алдым. Дән ризамыз. Бұдан артық не бақыт керек.

Бердібай КЕМАЛ.

****

Қымбатқа түскен жеңіс бұл

Мамыр жылдың төрт мезгілінің ішіндегі ерекше бір ай ғой. Оның тағы бір ерекшелігі – Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске жеткен ай. Биыл Жеңіске 64 жыл толып отыр.

Иә, бұл Жеңістің қаншалықты қымбатқа түскенін, қаншама қыршын жастың сағағынан үзілгенін білеміз. Сол қыршындардың артында ботасынан айрылған інгендей боздап аналары қалды. Көкірегі қарсы айрылған әкелері қалды. Армандары үзілген жесірлері қалды. Оң мен солын танымай жетімдері қалды. Тірегінен айрылған іні-қарындастары қалды. Бұл Жеңіс солардың көз жастарының өтеуіндей көрінеді.

Елдегі бар ауыртпалықты арқалап, буыны қатпаған жас балалар мен жесір әйелдер, кәрі-құртаңдар Жеңіс үшін еңбек етті. Сол кездері жасымыз он бір-он екідегі біздер балдәурен балалық шақтың қызығын көрмей өстік. Бала болып ойнамадық. Ұйқымыз қанбады. Аналарымыз, апа-қарындастарымыз, жеңгелеріміз майдандағы жауынгерлерге арнап қолғап-шұлық тоқыды. Ал ер балалар қақаған қыста мал қарадық, аққала соқтық, суат ойдық. Жаз бойына азғантай егінді арамшөптен тазартып, тары ордық. Кейбір қатаң бригадирлердің атпен қуып, жұмысқа салғанына да көндік. Өкісіп-өксіп жылап алып, жұмысымызды істей беретінбіз. Қазір сол бригадирлердің қатты болуын соғыс жағдайы талап еткен болар деп ойлаймын.

Сол күндер де өтті. Қазір сол кездегі балалардың өзі зейнеткерлікке жетті. Шүкірміз ғой. Тәуелсіздік алдық. Дербес ел болдық. Бүгінгі әлемдік дағдарыс қиындығы соғыс жылдарындағы қиындықтың қасында түк те емес.

Мемлекетіміз соғыс, тыл және еңбек ардагерлеріне, аз қамтылған отбасыларға барынша қамқорлық жасап отыр. Елбасының биылғы «Дағдарыстан – жаңару мен дамуға» атты Жолдауында да әлеуметтік мәселелер алдыңғы кезекке қойылды. Біздің Новый ауылдық округінде 7 мыңның үстінде адам тұрады. Екі  Ұлы Отан соғысының ардагері, 54 тыл еңбеккері,  400 еңбек ардагері, көп балалы аналар жасалып отырған қолдауды сезінуде.

«Жері байдың – елі бай» деген ғой халқымыз. Табиғи мүмкіндігі мол, бай өлкенің, ынтымағы жарасқан тату елдің тығырықтан шығатынына сенім мол.

Сламғали Мырқин,

Новый ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

**

Үш ардагер естелігі

Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтында студенттер «Мәңгілік естен кетпес отты жылдар» атты кездесу кешін ұйымдастырды.

Кешке Ұлы Отан соғысының ардагерлері – Алмат Ермағамбетов, Бақи Тәңірбергенов, Темереш Жанжігітовті шақырды.

Кештің алғысөзін институттың тәрбие жұмысы және әлеуметтік істер жөніндегі проректоры Анатолий Усов айтып, ардагерлерді құттықтады.

Ардагер ағаларымыз өз кезегінде естеліктер айтып, студенттерге білім мен ғылымның пайдасын жете меңгеріп, әрқашан жеңіске жетуге, өз тіліміз – ана тілді қастерлеуге шақырды. Осы кешті өткізіп отырған Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ұжымына алғыстарын жеткізді.

Кеш музыкамен өрнектеліп, «Қасиеті мол, өсиеті мол осындай еліміз бар» деген студенттердің патриоттық асқақ әнімен өрілді.

Гүлбақыт ҚОЖАХМЕТОВА,

жаратылыстану факультетінің 2-курс студенті.

***

Хабарсыз кетті деп еді…

Мұханбетияр Өтеғұловқа майданға шақыру қағазы 1942 жылдың 3 қаңтарында келді. Ертеңіне ауылдың бүкіл жұртшылығы оны және құрдастары Сәдуақас, Имаш, Аманияз, Аманқұл, Мадияр, Сахи, Иманғазы, Мәжікпай, Әбу, Шәбекей – барлығын соңдарынан еріп жүріп, қимай қоштасып шығарып салады.

«Сонда «Ақ папам-ау, біздің тастап қайда бара жатырсың?» деп жылап жібергенімді әлі күнге дейін ұмытпаймын», – дейді бүгінде өзі де сексенді иектеп қалған Насихат әже. Бәлкім, бала жүрек әкесінің енді қайтып оралмайтынын сезді ме екен?

Шынында да солай болды. Қанды майданның құрсауы есіл ерді босатпады. «Хабарсыз кетті» деген бір жапырақ қағаз келді.

Қалай хабарсыз кетеді адам баласы?

Осы сұрақ бала Насихатты көп ойландырды. Есін жиып, есейген соң әке дерегін іздеуге бел буды. Жеңістің қырық жылдығында ғана  бір жіптің ұшын ұстады. Әженің Мәскеуде оқитын немересі Подольск мұрағатына хабар салып, бабасының жатқан жерін анықтапты.

Сонда әкесі тіріліп келгендей көңілі ерекше бұзылып,  аласапыран күй кешкен, Әкесімен тұтас майданға аттанып, соғыс құрбаны болған тоғыз көкесін, жеті ағасын тағы да есіне алып, мұндай зұлматтың қайта айналып келмеуін тілеген.

2005 жылы маусым айында Насихат әже қасына қыздары Баршагүл, Бәдигүл, немересі Балнұрды алып, Тверь облысындағы Ванеево деревнясына жол тартты. Осында әке басына тағзым етті. Соғыс ардагері Людмила Михаиловна деген әйел кезінде әкесін өз қолымен жерлегенін айтты.

2007 жылдың 25 тамызында Ванеево деревнясындағы ескерткішке он үш ақтөбелік жауынгердің есімдері қосып жазылды. Осылайша, «өшкен жанды, өлген тірілді».

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Жеңіс – 64

Ардагердің екі жәдігері

Ұлы Отан соғысындағы  Жеңістің 60 жылдық  мерекесі құрметіне Астанада өткен салтанатқа Ақтөбе облысынан қатысқан санаулылардың  бірі – Айтбай Алмағанбетов. Ардагердің сол сапардағы мерекелік парадта Елбасымен түскен суреті бар. Бүгінде ол Шұбарқұдықтағы орталық мұражайдың қадірлі жәдігеріне айналды. Осы аудандық мұражайда біз әңгімелеп отырған ардагер ағаға қатысты және бір жәдігер сақтаулы тұр. Ол – бармақ басындай оқ.

Мұны оташы-дәрігерлер соғыстың басылғанына тура 55 жыл толғанда ардагердің денесінен тапқан. Майдан даласынан жабысқан  кәрі жолдасының сонша жыл өтсе де жанынан қалмай жүргенін майдангердің өзі де білмеген. Тек бір жақ қолы ауа райының қолайсыздығын сезсе, сырқырайтыны бар еді. Оны баяғы жарақаттың салқыны болар дейтін де қоятын. Сол сырқырайтын қолы 2000 жылы Жеңіс мерекесі қарсаңында бір түнде күп болып ісіп шықты. Дәрігерге көрінген. Ол операция жасамаса болмайтынын айтты. Оташы-дәрігердің пышағы соғыс жылдары тиген неміс оғын осылай тапқан еді.

Тек мұражайдағы жәдігерлерімен емес, ауылдастары қалаған уақытта  майдангердің өзімен де жүздесе алады. Ардагер бала-шағасымен аудан орталығында тұрады. Бұл жағынан да ол санаулылардың бірі. Өзі де аз қалған, соғысқа қатысқан ардагер ағалардың көпшілігі жеңілдікпен пәтер алуды сағалап, ауылдардан қалаларға қоныс аударып кеткенде, Айтбай Мұқатұлы ғана туған жерден қозғалған жоқ. Ақсақалдың бұл ұстанымы да бойындағы ерекше қасиеттерінен хабар берсе керек.

Біздің ауданның халқы үшін ағамыз осындай қасиеттерімен, өнегелі өмір жолымен қадірлі. Ұрыс даласы мен бейбіт күндегі еңбек шыңдап, шынықтырған ақсақал сексеннің жетеуіне қарай аяқ басса да әлі тың. Бойын тік ұстап, әр сөзін аса байыппен, сабырлы суыртпақтап айтады. Бұдан жиырма, отыз жыл бұрынғы қызмет жасап жүргендегі   қарапайым қалпы, парасатты пайымды ой түйіндері сол қалпында бұзылмай сақталған. Кезінде аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы сияқты үлкен мекемеде бас есепші қызметінде жасап жүргенде зейнеткерлікке шығып, одан кейінде  70 жастан асқанша тап осы қызметін атқаруы – өз кәсібін шебер меңгерген маманның білігі мен білімінің өлшемі. Мұндай құрмет пен сенім кеңес кезінде адамдарға сирек көрсетілгені және белгілі.

Енді  тікелей соғысқа қатысына келсек, бұл жағынан да ол талай ұрысты бастан кешкен көзі тірі нағыз майдангердің екеу болса – біреуі, біреу болса – өзі деуге болады. Ұлы Отан соғысының бейнетін бір адамдай шеккен ардагер. Ойыл-Темір өңірінің  Алтықарасу ауылында өмірге келген азамат 1942 жылы қаңтар айында әскер қатарына шақырылады. Қобданың әскери комиссариатынан тек сол жолы онымен бірге бір ауылдан 50 адам соғысқа аттанған екен. Үш ай әскери даярлықтан өткен соң, 1942 жылдың шілде айында ұрысқа кіреді. Жаумен кескілескен шайқастардың бірінде кеудесінен оқ тиіп, ауыр жарақаттанады. Бес ай Краснояр өлкесінің Ачинск қаласындағы әскери госпитальда емделеді.Соның өзінде де төс сүйекті қақырата жарақаттаған оқтың зардабы жойылмай, әскери дәрігерлер уақытша ауылға қайтаруға мәжбүр болады.

1943 жылдың қаңтарында ауылға келіп, белгіленген демалысы аяқталған соң, Қобданың әскери комиссариатына қызметке орналасады. Ауданнан әскерге шақырылғандарды Орынбордағы әскери даярлықтан  өтетін жерге  жеткізумен айналысады. Алайда бұл жұмыс ұзаққа созылмай, сол жылдың маусым айында соғысқа қайта аттанады. Соғысқа екінші кіргенінде майдан жолы ұзарап, Молдавия, Румын, Венгер, Чех жерлеріндегі қанды шайқастарды бастан кешіп, Австрия жерінде Жеңіс тойын тойлайды.

Алайда мұнымен  Айтбай аға үшін соғыс аяқталмайды. Қиыр Шығыстағы Жапонмен болған соғысқа кіреді. Атақты Квантун әскерін талқандауға қатысады. Кітаптан оқығанымыз бойынша жапон әскері  қолма-қол ұрысқа шебер ғой деген оймен қойған сауалымызға:

– Ұрыс даласында бетпе- бет келгенде қолын ербеңдетіп қарсылық көрсеткісі келгендер болған, бірақ талай ұрысты көріп, қаны қарайған біздің жауынгерлер тырп еткізбейді, мылтықтың найзасымен бір-ақ шанышады, – дейді өткенді еске алып.

Жапонды жеңгеннен кейін де жауынгердің жолы ауылға түсе қоймайды. Әскер қызметінде қалдырылып, Украинаның Харьков қаласында Отанның бейбітшілігін күзету міндетін жалғастырады. Содан 1946 жылдың желтоқсан айында ғана туған жерге оралады.

– Біздің күшіміз бірлігімізде, Отанға шексіз берілгенімізде еді, – дейді Айтбай аға. -Кеңестік идеология санамызға берік орнықты. Ұрыс даласында қолбасшы «Сталин үшін!», «Отан үшін!» деп ұран көтергенде, біз борап тұрған оққа қарамай, ілгері жүгіретінбіз. Талай боздақ ажал құшатын. Бірақ жеңіп шығатынбыз. Мұндай ұрыстардан аман шығу мүмкін емес сияқты көрінетін еді.

Осындай ер басына күн туған екі талай күндерді еске ала отырып, майдангер:

– Менің тірі қалуым соғысқа екінші кіргенде  артиллерия әскерінің құрамында болуыммен байланысты сияқты. Әйтпесе жаяу әскердің құрамында сонша жыл ұрыста аман-сау жүру қиындау. Артиллерист болған соң ұрыс майданынан қашықтау тұрасын. Снарядтың жарқыншағы, туралап түскен бомба болмаса, қауып-қатер аздау, – деп және бір ой түйіп, топшылайды.

Бұл әңгімеден де  ағамыздың кейбіреулер сияқты мен батыр болдым, олай соғыстым, бұлай соғыстым демейтін қарапайымдылығы көрінеді. Ұзаққа созылған майдан жолдарында алған марапаттары да бір басына жетерлік. Олардың да бәрін санамалап жатпайды. Ұлы Отан соғысындағы жауынгерлік ерлігі үшін алған  «Қызыл жұлдыз», бірінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендері мен бірнеше медалдарын ғана атайды.

Жай күнде жарты ғасырдан астам отасқан зайыбы Мағуа мен балаларына қолғабыс беріп негізінен үйде болатын ардагер ағаны мерекелерде, әсіресе, бүгінгідей Жеңіс күні қарсаңында орнынан таппайсың. Аудан орталығындағы кәсіпорындардың, мекемелердің, мектептердің ұжымдары кездесуге шақырып кетеді. Кешегі майдангер, бүгінгі ардагер ауданымыздың әр тұрғыны үшін сондай қадірлі адам.

Меңдіхан ӘДІЛХАНҰЛЫ,

Темір ауданы.

Суретте: Ардагер Айтбай Алмағанбетовтің Астанадағы  Жеңістің 60 жылдығы құрметіне өткізілген парадқа қатысу сәті. 2005 жыл.

***

Орынбордан хат

Мен атаммен мақтанамын

Менің атам Тоқсанбай Өтеғалиев 1914 жылы Ақтөбе облысы Ойыл ауданының Көкжар дейтін шағын ауылында дүниеге келген. Бұл елдің ашаршылық пен күйзеліске түсіп, сүзек ауруының белең алып тұрған шағы еді. Сол қиын шақта бұл қасірет барлық отбасын жалмады. Осындай қайғылы жылдарда менің атам ата-анасы мен туған бауырларынан айырылады. Енді оның әрмен қарай өмір сүруіне бірден-бір тірек болған адам қасында қалған жалғыз әпкесі еді.

Атамның балалық шағы қиын жағдайда өтті. Дегенмен де бұл қасірет оны өз бетінше өмір сүруге тәрбиеледі.

Ерте жастан еңбекке араласқан атам он үшінде жалғыз әпкесінен айырылады. Бұл қасірет атамның жанына қатты батса керек, бұдан әрі туған жерде өмір сүрудің еш мәні жоқтығын түсінген ол үйді тастап, туыстарын іздеуге кіріседі. Бір күні ол Шкуновка аталатын кішігірім ауылға келеді. Бұл 1927 жыл болатын. Бірнеше үйлері мен диірмені бар ауыл өзен жағасында орналасқан екен.

Алыс туыстарын паналап барған атама бұл кездесу күткендегідей болмады. Бұл ауылда сол туыстарынан басқа танысы жоқ атамды сол күні диірмен иесі үйіне түнетіп шығады. Сөйтіп, әлі де күш-қуаты жетілмеген жас балаға ауыр диірменде екі жыл тапжылмастан еңбек етуге тура келеді.

15 жасқа толған шағында атам әскери бөлімнің жолдамасымен жүргізуші және тракторшы курсын оқуға барады. Курсты тәмәмдағаннан соң атам Шкуновка ауылына қайтып келіп, онда механизатор болып жұмыс істейді. Бұл ел басына күн туған нағыз ауыртпалық кезең болатын.

1939 жылы Фин соғысы басталады. Бұл кезде менің атам 25 жаста еді. Өз еркімен соғысқа аттанған атам осы қан майдандағы қорқынышты оқиғалардың барлығының куәсі атанады. Кейін 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталады. Неміс басқыншыларына қарсы  шабуыл жасау атамның Отан алдындағы қарызы болды.  Сөйтіп, менің атам бұл соғыста да Отан қорғаушылардың алдыңғы сапында тұрады.

1941-1945 жылдар  ішінде атам екінші Белорусь майданының 18 дербес автополктің, кейін алтыншы дербес автополктің мергені болады.

Еуропадағы соғыс аяқталғанмен, Екінші дүниежүзілік соғыс әлі аяқталмаған кез. 1945 жылдың 8 тамызында кеңес өкіметі Жапонияға соғыс жариялайды. Соғыс басталар алдында біздің еліміз екпінді майдандағы әскерді шұғыл түрде Шығыс шебін қорғауға жіберді. Міне, құрамында менің атам бар әскер кейін Иранға аттанып кете барады.  Жапониямен соғыс толық аяқталғаннан кейін ғана атам елге аман-есен оралады.

Соғыс аяқталған алғашқы жылдарда ол елде трактор жүргізеді, мал бағады.  Кейін атам отбасын құрып, әжем екеуі жеті бала тәрбиелеп өсіреді.

Шындыққа жаны құмар атам кезінде 9 мамыр мерекесін қатты жақсы көрді.  Бұл күні ол омырауына барлық ордендері мен медальдарын тағып, балаларына, немерелеріне соғыс туралы естеліктерін айтудан жалықпайтын.

Мен ол сұрапыл соғыс жылдарында ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені мен «Берлин қаласын алғаны үшін», «Еңбек ардагері», «КСРО Қарулы күштеріне 60 жыл», «Жауынгерлік ерлігі үшін», сондай-ақ атаулы күндерге орай берілген  медальдарын көргенде, атамның бойындағы батырлығы үшін де мақтанамын.

Менің атам 79 жыл тірлік етті. Өз өмірінде саналы ұрпақ тәрбиелеген атамның артында біздер, яғни оның тұяқтары қалды.

Әлия ӨТЕҒАЛИЕВА,

Орынбор мемлекеттік

университетінің студенті.

****

Колледж қонағы – қос ардагер

Ақтөбе байланыс және электротехника колледжінде «Сұрапыл жылдарға тағзым» деп аталатын шара ұйымдастырылып, оған ардагерлер Тоқмырза Күнбаев пен Владимир Финютин қонақ боп қатысты.

Тағылымды тәрбие сағатының негізгі мақсаты –  жастардың өрлік, ерлік сезімін нығайтып, патриоттық рухын көтеру деп сөз бастаған бастама ұйытқысы  Айткүл Құсжанқызы ардагерлер мен оқушыларды, кеш қонақтарын Жеңіс күнімен құттықтады.

Бұнан он шақты жыл бұрынғы Жеңіс күніндегі кездесулерде төрден орын алатын батырларымыз көп болатын. Бүгінде саусақпен санарлық қана. Солардың бірегейі боп кешке  қатысып отырған арда тұлғалар өткен күннің бұлыңғыр беттерін парақтай отырып, ерекше толғаныспен сөз алды. Бүгінде бақытты ата атанып отырған Тоқмырза Күнбаев  қария  он сегіз жасында соғысқа тайсалмай аттанғанын, ондағы қиын күндерді, тіпті, Жеңістің қай күні, қалай естілгенін айтып, тебіренді. Соғыстан кейінгі  жылдарда да әуесқой фотосуретшілікпен айналысқан ақсақал «Өнегелі өріс» атты фотосуреттер мен сол жылдардағы күндерден сыр шертетін кітабын осы оқу орнына естелікке берді. Ал Владимир Иванович Финютин осындай ізгілікті істі жүзеге асырып отырған колледж ұстаздарына алғысын білдіріп, қатысушыларды мерекемен құттықтап, жастарға кемел келешек тіледі. Сөзінің соңын Маршал Жуковтың: «Бейбітшіліктің кілтін сендерге табыстаған тарландарды тау тұлғалы жандарға балаңдар. Олар қандай      да болсын құрметке лайық», – деген нақыл сөзімен тәмәмдады. Соғыс куәгерлеріне келелі сауалдар қойылып, тұшымды жауаптар алынды. Тағылымды шара  концерттік бағдарламаға ұласты. Жеңіс жайлы өлеңдер оқылып, әндер шырқалды. Кеш соңында ардагерлерге гүл шоқтары мен сыйлықтар ұсынылды.

Лаура ПАЛМАН.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button