Құқық

Заңды құрметтеу — өзіңді сыйлау

Жылды үлкен саяси шарамен бастаған еліміз бұл сыннан да зор абыроймен өтті. Орта Азияға демократияның үлгісін көрсеткен Қазақстанға күллі әлем көз тігіп отыр.

Жыл сайынғы Жолдауын биыл да асыға күттік. Оған себеп болар негіз көп. Біріншіден жаңа Парламент сайланды. Үкімет жасақталды. Ал дүниежүзі «Дағдарыс келе жатыр», — деп дүрлігіп жатыр.

Мемлекеттің таяу жылдардағы ғана емес, баянды болашағына даңғыл жол ашар бағдарламаларды тоғыстырған биылғы Жолдаудың салмағы, арқалар жүгі аз емес. Елбасының құқық қорғау органдарының назарын отандық және шетел инвесторларының құқығын қорғау бағытында аса дәйекті әрі ашық болуға шақыруы зайырлы мемлекеттің басты қағидалары болса керек.

«Қаржылай-экономикалық құқық бұзушылықтарды декриминализациялау бойынша жұмысты бүгiнде жалғастыра беру керек. Кеден, салық комитеттерi және қаржы полициясы өз істерін, соның iшiнде — қос салық салу мәселесін бiртiндеп, заңдық нормалардың негізінде сүйене отырып қарастыруы тиіс. Отандық және шетел инвесторларының құқығын қорғау, заңның болжамдылығы және ашықтық — Қазақстанның іскерлік инвестициялық климатының негізі болуы шарт», — деп атап өтті.

Елбасы Жолдауында адам құқықтарын қорғайтын қызметкерлердің өздері заң бұзатын болса, оларға өте қатаң шара қолдану қажеттігін атап өтті. Сондықтан сот және құқық қорғау органдарын жаңғырту қажеттігін айтты. Бұл ретте құқық қорғау саласы қызметкерлерін аттестациялау мәселесі қолға алынып отыр. Жалпы алғанда, құқық қорғау саласының қызметі адамға қысым жасау емес, керісінше оны қорғауға негізделуі тиіс. Сонда ғана азаматтар құқық қорғау саласының қызметкерлерін қорқып емес, сыйлап, шынайы құрметтейтін болады.

Нұрлан БАҚТЫҒАЛИЕВ,

Ойыл аудандық сотының төрағасы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button