Құқық

Заң

Сауалдарыңызға заңгер Серік Жолдыбай жауап береді

Жұмыстан қысқартылған кезде өтемақы төлене ме?

— Мен жұмыстан қысқартылдым. Еңбек шарты осы себеппен бұзылды. Маған қандай да бір өтемақы төлене ме?

Азат.

— Еңбек кодексінің 157-бабында қызметкерлердің саны немесе штаты қысқартылуы себепті жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылғанда қызметкерге жұмысынан айрылуына байланысты айына айлық орташа жалақысы мөлшерінде өтемақы төлемін жүргізетіні көрсетілген. Еңбек шартында, ұжымдық шартта жұмысынан айрылуына байланысты өтемақы төлемінің неғұрлым жоғары мөлшері де көзделуі мүмкін.

Заем шарты бойынша сотқа арыз беру мерзімі қай

уақыттан бастап есептеледі?

— Танысыма қарызға ақша беріп, заем шартын жасастық. Заемды алты айдан соң қайтаратын болып белгіленді. Бұл жағдайда сотқа беру мерзімі қай уақыттан бастап есептеледі және заем алушы бұл шартқа қай мерзімде шағымдана алады?

Қадірбек.

— Заемды қайтару бойынша сотқа талап арыз беру мерзімі үш жыл, құқығыңыз бұзылған уақыттан, яғни алты ай өткен соң, ақшаны қайтаратын күннен бастап есептеледі. Өз құқығының бұзылғанын білген уақыттан бастап үш жыл ішінде шартқа шағымдана алады.

Бала кімнің асырауында қалады?

— Әйеліммен айырылысқым келеді. Некеден бір баламыз бар. Әйелім некені бұзуға қарсы емес, бірақ ол жағдайда «баламмен көрістірмеймін, мені толық ұмыттырамын» деп қорқытады. Әйелім сияқты, мен де жұмыс істеймін, пәтерім, көлігім бар. Сотқа арыздансам, бала менде қалуына мүмкіндік бар ма? Ал әйеліммен қалдырылған жағдайда баламмен қарым-қатынасымыз қандай болады?

Самат.

— Заңға сәйкес некені сот тәртібімен бұзу кезінде ерлі-зайыптылардың арасында кәмелетке толмаған бала өздерінің қайсысымен тұратындығы туралы келісім болмаса сот неке бұзылғаннан кейін кәмелетке толмаған бала ата-анасының қайсысымен тұратындығын айқындауға міндетті. Заңда арнайылап жазылмаса да, әдетте неке бұзу және балалардың тұрғылықты тұратын жерін анықтау кезінде артықшылық шешесіне беріледі.

Заңда көзделгеніндей, баласынан бөлек тұратын ата-ананың баласымен қарым-қатынас жасауға, оны тәрбиелеуге және баланың білім алуы мәселелерін шешуге қатысуына құқығы бар. Бала бірге тұратын ата-ана, егер мұндай қарым-қатынас жасау баланың дене және психикалық денсаулығына, оның адамгершілік дамуына зиян келтірмесе, баланың екінші ата-анасымен қарым-қатынас жасауына кедергі болмауға тиіс.

Ата-аналар баладан бөлек тұратын ата-ананың ата-ана құқығын жүзеге асыру тәртібі туралы жазбаша түрде келісім жасасуға құқылы.
Егер ата-аналар келісімге келе алмаса, олардың (мүмкін, біреуінің) талап етуі бойынша дауды қорғаншы және қамқоршы органның қатысуымен сот шешеді.

Соттың шешімі орындалмаған жағдайда кінәлі ата-анаға заңдарда көзделген шаралар қолданылады.

Сот шешімі қасақана орындалмаған жағдайда баладан бөлек тұратын ата- ананың талап етуі бойынша сот баланың мүдделерін негізге алып және баланың пікірін ескере отырып, баланы соған беру туралы шешім шығара алады.

Мына телефондар бойынша хабарласуға болады:

тел.: 8 (7132) 51-04-13; 8-707 892 55 14

E-mail: sultan.ns@mail.ru

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button