Ауыл

Алғашқы алаң

Қарғалы селолық округінде «Шалунишка» деп аталатын балалардың ойын алаңы ашылды.

Шарада алғаш сөз алған селолық округ әкімі Мұқамбетқали Қазкеев жиналғандарды құттықтап, бұндай ойын алаңының алғаш рет ашылып отырғанын, алдағы уақытта алаңда кеңейту жұмыстарының жүретінін айтты.

Қала әкімінің қаулысымен екі ай бойы аймақта тазалық жұмыстарын жүргізумен қатар балалардың ойын алаңын ашуды жоспарлаған болатынбыз. Осы орайда жеке кәсіпкер Людмила Бондаренкомен келісіп,  осы алаңды ашуды қолға алдық.  Алдағы уақытта балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру үшін бірқатар жұмыстар жүзеге асады. Мәселен, округтегі саябақты ретке келтіру үшін қалалық әкімдіктің рұқсатын алдық. Яғни саябақ ішіне субұрқақ орнатып, теннис, шахмат үстелдері мен балалар әткеншектерін қойып, шағын тамақтану орнын ашу үшін 20 миллион теңгеге  жуық қаржы керек. Сондықтан осы жұмыстарды үйлестіретін инвестор қарастырып жатырмыз, – деді селолық округ әкімі.

Балалардың ойын алаңы ақылы түрде жұмыс істейді. Алаңды ашқан Людмила Бондаренко бағаның тым қымбат болмайтынын, алдағы уақытта ақысыз түрде қызмет көрсететін әткеншектер  әкелінетінін  айтты. Мәселен, 200 теңге төлеген балдырған алаңда 3-4 сағат бойы асыр салып ойнауына болады. Шараға қатысқан ата-аналар да қуанышты.

– Қарғалыда тұрғаныма 35 жыл болды.  Бұрын осы маңда «Ертегі қалашығы» деген ойын алаңы болатын. Кейін оны бұзып тастады. Сөйтіп,  немерелерімізді ойнату үшін қалаға баруға мәжбүр болдық.  Ал мына алаң жұмыс істесе, демалыс күндері немеремді әкеліп ойнатар едім. Алайда бағасының тым қымбат болмағаны жөн. Өйткені әркімнің жағдайы әр түрлі. Сондықтан қалтамызға сай болса екен дейміз, – деді он баланың анасы Гүлара Шалабаева.

Кәмшат ҚОПАЕВА

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button