Мәдениет

Қырандар даусы

7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай қалалық әкімдік, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі «Тәуелсіз елдің қыраны» атты саптық әндер байқауын ұйымдастырды.

Байқауға Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштерінің әскери институты, ҚР Ішкі істер министрлігі Ақтөбе заң колледжі, Есет батыр атындағы әскери-полицейлік мектеп-интернаты мен №6655 және №30238 әскери бөлімдерінен 8 топ қатысты.

– Отан қорғаушылар күніне арналған мұндай кеш қаламызда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұл шара жастарды Отанды сүюге, қорғауға баулу және ҚР Қарулы күштерінің беделін нығайту мақсатында өткізіліп отыр. Сондай-ақ, Отан алдында азаматтық борышын өтеп жүрген сарбаздардың әскери саптық әндерді орындау шеберлігін шыңдау, әскери саптық сапалы әндердің санын көбейту басты назарда, – дейді  қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Маржан Қорғанбаева.

Мерекелік сайыста сарбаздар әр түрлі тақырыптағы әдемі әндерді орындады. Шеруде жүріп орындалған әуендер жұртшылықты бірден баурады. Есет батыр атындағы мектеп-интернатының жүздік командирі, комиссия майоры Әділхан Тасқынбаев былай дейді:

– Сайыс шарты 2 әнді орындаудан тұрады. Біз «Атамекен», «Қазақ жігіттері» әндерін орындаймыз. Біздің топтан 48 тәрбиеленуші қатысады. Әрине, сайыс шарты қиын емес. Бастысы, жігіттердің барлығы ән айта біледі.

Сайыс қорытындысы бойынша, Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштерінің әскери институты 1-орынды иеленді. ҚР Ішкі істер министрлігі Ақтөбе заң колледжі 2-орынды алса, №6655 әскери бөлімі 3-орынға лайық деп танылды. Ал №30238 әскери бөлімі мен Есет батыр атындағы әскери-полицейлік мектеп-интернаты арнайы марапатқа ие болды. Шара соңында жеңімпаздар қала әкімінің Алғыс хатымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Сарбаз батыр

№6655 әскери бөлімінде Отан қорғаушылар күніне орай ұйымдастырылған спорттық шара осылай аталды.

Сайысты қалалық дене тәрбиесі және спорт комитеті ұйымдастырды. 100 метр қашықтықта жүгіру, мылтық ату, арқан тарту тәрізді шарттан құралған сайысқа №6655 әскери бөлімі, Ақтөбе заң  колледжі,  Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштерінің әскери институты, Есет батыр атындағы әскери-полицейлік мектеп-интернаты, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті және шекарашылар қызметінен үміткерлер қатысты.

– Қаламызда мұндай шара жыл сайын ұйымдастырылады. Мақсатымыз -салауатты өмір салтын қалыптастырып, жастарды спортқа баулу. Сайыста қатысушылардың шапшаңдығы мен төзімділігі ескеріледі. Әр команда бойынша 8 адам қатысады, – дейді сектор меңгерушісі Жанболат Дәрімбетов.

Сайыс барысында Ақтөбе заң колледжі және Т.Бигелдинов атындағы әуе қорғанысы күштерінің әскери институты жүлделі орындарды иеленді.

Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button