Денсаулық

Аллергиядан қыста емделу керек

Аллергияның адамдар арасында кең тарағаны соншалық — кейбіреулер түшкіріп, мұрны бітіп, көзі жасаурағанда өздеріне «диагноз» қойып, дәріханадан дәрілерді сатып алып, өз бетінше ем қолдана бастайды. Аурудың белгілері өрши түскенде ғана дәрігерге барып көрінеді. Өз бетінше ем жүргізу дұрыс па? Аллергиядан толық айығуға бола ма? Осы және басқа да сауалдарға жауап алу үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас аллерголог маманы Замза Хайруллинамен сұхбаттасқан едік…

Аллергия неден пайда болады?

Замза Хайрулинаның айтуынша, аллергияның өршуіне экологиялық жағдай мен тағам сапасы әсер етеді. Аллергия иммундық жүйенің әлсіреуінен пайда болады.

Осыдан 20 жылдай уақыт бұрын 1500 адам аллергиялық есепте тұрса, бүгінде аллергиялық ринитпен ауыратын адамдардың саны едәуір артты. Қазір облыста бронх демікпесімен ауыратын 4500 адам тіркеуде тұр. Аллергия жас талғамайды. Аллергиялық реакцияның күші әр адамда әртүрлі болады. Ең жиі аллергиялық реакция тері мен кілегей қабықтарда кездеседі. Аллергияны, негізінен, қыста емдеген жөн. Тек оны суық тию белгілерімен шатастырып алмау үшін уақтылы дәрігер кеңесіне жүгінгеніңіз абзал. Дүкен сөрелерінде самсап тұрған тағамдар да аллергия тудыруы мүмкін. Аллергологке бармас бұрын, асқазан-ішек, өт жолдарын толық тексерістен өткізіп, қан талдауын жасатқан дұрыс. Қан сарысуындағы спецификалық антиденелер арқылы ағзаның аллергиялық реакциясын анықтауға болады, — дейді аллерголог.

Маманның айтуынша, адамдардың көбі бұл аурудың қайдан шыққанын түсінбей, вирустық инфекция деп қателеседі. Дұрыс анықтамай, уақыт созып, жүріп алса, науқастың аллергиясы демікпеге айналып кетуі мүмкін.

Кез келген ауруды емдеу үшін сауатты дәрігердің кеңесі қажет. Аллергиядан толық құтылу үшін кемінде үш жылдай уақыт кетеді. Қысқы аллергияның белгілері маусымдық аллергияға қарағанда жеңіл өтеді. Суық ауа райына байланысты адамдар көп уақытын үйде өткізеді. Бұл ағзаның үйдегі аллергендерге қарсы тұру қабілетін төмендетеді. Қысқы аллергияны тудыруы мүмкін ең көп таралған ішкі аллергендерге ауадағы шаң, шаң кенелері, үй жануарларының жүні (белоктарды тасымалдайтын тері үлбірлері), зең, тарақан нәжістері, үй ішіндегі көгерулер жатады. Сондықтан үйдегі температураны қадағалап, ауаны ылғалдандырып отырған дұрыс, — дейді дәрігер.

Аллергия — ағзаның бөгде затқа сезімталдығының әсері. Адам ағзасында иммундық жүйе төмен болса, сезімталдығы артып, ауаның, күннің, сондай-ақ шаң-тозаң, өсімдіктер, тағамдар, дәрі-дәрмектер, бояғыш заттардың денеге кері әсерінен аллергия пайда болады. Әсіресе көктем-жаз мезгілдерінде шаң-тозаңнан пайда болатын аллергиялық аурулар жиі кездеседі. Аллерголог аллергияның түрлері көптігін айтады. Солардың ішінде шаң-тозаңнан өршитін «маусымдық поллиноз және аллергиялық конъюктивит кең таралған.

Маусымдық поллинозбен ауыратындар көбіне ауруды аз уақытқа басып, сол қысқа мерзімге ғана ем іздейді. Оларға біз симптоматикалық, яғни  уақытша көмек көрсетеміз. Ал, негізінен, аллергияны қыста емдеген жөн. Аллергияның алдын алуда таза ауаның маңызы зор. Ауа таза жерде өкпе сау болады.  Циклахена, амброзия тәрізді арамшөптер, жусанның кейбір түрлері маусымдық аллергияны асқындыратын шөптер қатарына жатады. Арамшөптердің тозаңы адам ағзасындағы аллергендерді өршітеді. Аллергияға бейімділік тұқым қуалауы мүмкін. Бұл иммундық жүйемен тікелей байланысты. Бір жасқа дейінгі балаларда үйдегі шаң кенесіне аллергия болуы мүмкін. Аллергия кезінде науқасқа аллерген-спецификалық иммун терапиясы қолданылады. Аталған терапия адамның аллергияға қарсы иммунитетін қалыптастырады, — дейді аллерголог.

Дәрігер аллергияны жеңілдету үшін мына кеңестерге назар аударып, ауаны ұдайы тазартып отырған жөн дейді:

— Аллергиясы бар адамдар тазалық жұмыстары кезінде химиялық тазарту құралдарын пайдаланбағаны дұрыс.

— Үйдің ішін мүмкіндігінше еш қоспасыз сумен жуып-сүртіп алған тиімді.

— Ыстық, желді күндері шаң-тозаңнан қорғану үшін желдеткіш қолданған абзал.

— Дұрыс тамақтануға жіті көңіл бөліп, консерванты бар тағамдарды, тәттілерді жемеген дұрыс. Себебі маусымдық аллергиясы бар адамдар аллергендерге сезімтал келеді. Егер бірнеше жыл қатарынан ем-дом шаралары ұдайы жүргізілсе, аллергиядан құлан-таза айығуға болады.

Облыста 25 аллерголог бар

Замза Хайруллинаның айтуынша, бүгінде пациенттердің көпшілігінде бронх демікпесі жиі кездеседі. Егер демікпені асқындырып алса, салдары өлімге әкелуі мүмкін. Мұндай науқастарға тегін дәрі-дәрмек қарастырылған.

Біздің елде диспансерлік есепте тұрған науқастар емханалардан ингаляторлар мен дәрі-дәрмектерді тегін алады. Науқастарды емдеуге кететін шығынның көп бөлігін мемлекет өз мойнына алып отыр. Егер адам бронх демікпесі бойынша диспансерлік есепте тұрса, оған тіркелген жеріндегі емханада тегін дәрі-дәрмек беріледі. Негізгі терапияға арналған бір ингалятордың бағасы 15-25 мың теңге аралығында болса, науқасқа бір жыл ішінде он шақты ингалятор қажет болуы мүмкін. Есепте тұрған балаға да дәрі тегін беріледі, — дейді аллерголог.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас аллерголог маманы Замза Хайруллина облыста маман тапшылығы жоқ екенін айтады. Бүгінде аллергологтардың дені жас мамандармен толығып, дәрігерлер біліктілігін шыңдап жатыр.

Ақтөбеде 25 аллерголог бар. Өңірдегі аллергологтардың дені — облыстық аллергологиялық орталықта оқыған мамандар. Облыста тек үш жерде аллергологтің емін тегін алуға болады. Атап айтсақ, «Batys Med» орталығы және №3, №7 қалалық емханалары. Бұл емханалар тек дәрігердің арнайы жолдамасы арқылы ғана қабылдайды. Бүгінде Ақтөбе медицина орталығында 3 аллерголог, 7 резидент қызмет етеді. Орталықтың аллергологиялық бөлімшесі 24 адамға шақталған. Мұнда көбіне шалғай ауыл-аймақтан шұғыл жеткізілген науқастармен қатар, жедел жәрдем арқылы келіп түскендер ем алады.

Қазір Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті аллерголог дәрігерлерді оқыту үшін қайта даярлау курстарын ұйымдастырып жатыр. Бұл мамандардың біліктілігін арттырып, сапалы кадр даярлауға мүмкіндік береді. Бүгінде өзім оқытқан шәкірттерім де түрлі медициналық орталықтарда қызмет етеді. Резиденттер бірден аллерголог бола алмайды. Ол үшін міндетті түрде екі жыл аллергология мамандығында білім алуы қажет, — дейді ол.

Ауырмаудың жолын іздейік…

Диана ӘБДІРОВА, қала тұрғыны:

Аллергия — адам өміріне қауіп тудыратын аурулардың бірі. Алғаш рет маусымдық аллергия белгілері 30 жасымда байқалды. Дер кезінде аллергологтің көмегіне жүгіндім. Маусымдық аллергия басталар шақта уақтылы ем-дом шараларын қабылдаймын. Дәрігер тағайындаған диетаны қатаң сақтаймын. Аллергиясы бар адамдар шаштарын боямағаны дұрыс. Бірде шашымды боятып, аллергиямды асқындырып ала жаздадым. Қазір тек гиппоаллергенді өнімдерді пайдаланамын. Химиялық тазартқыштар қолыма аллергия бергендіктен тазалық жұмыстары кезінде экологиялық қоспасыз тазартқыштарды қолданамын. Аллергия кезінде сақтық шараларын қатаң сақтау керек. Әсіресе шілде-тамыз айында кешкі сағат 4-5-ке дейін көшеге шықпаған жөн. Бетперде тағып, бетін, қолын, көзін сумен жиірек жуу керек. Көшеден келе сала душ қабылдаған да артықтық етпейді.

Мереке МАТЖАНОВА, қала тұрғыны:

Аллергияның қандай азап екенін аллергиясы барлар ғана түсінеді. Он жылдан бері аллергиядан құтыла алмай жүрмін. Жаз басталса, ауруым асқынады. Шөптер тозаңдана бастаған кезде көзім жасаурап, мұрным бітеле бастайды. Кей жағдайларда аяқ асты жөтел пайда болып, денем бөртеді. Ауру асқынған кезде тыныс алуым нашарлап, тамағым қышиды. Сондықтан жаз басталысымен үй айналасын арамшөптерден тазартып отырамыз. Бір байқағаным, аллергия тұқым қуалайды. Бұрын анам сиыр сауып жүріп үнемі түшкіріп, ентігіп жүретін еді. Екі баламда да аллергия белгілері байқалғандықтан, оларды облыстағы білікті мамандарға апарып, дәрігер кеңесін алдым. Аурудан құтылудың жолы — уақтылы ем алу. Аллергия түрлі аурларды асқындырады. Сондықтан ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздейік.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button