Спорт

Біздегі қысқы спорттың жайы қандай?

Қар жауып, қыс басталса, қысқы спорт түрлерін дамыту еске түседі. Біздің облыстың табиғаты мен ауа райы қолайлы болса да,  шаңғы мен конькиге маманданғандар некен-саяқ. Қысқы спорт түрлері неге кенже дамыған? Шаңғышылар мен конькишілерді кәсіби даярлайтын мектеп бар ма? Болса, бұл спорт түрлерін дамытуға не кедергі немесе шешуін күтіп тұрған қандай мәселелер бар?

Ендігі әңгімеміз де осы сауалдар төңірегінде болмақ.

Әуелі облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім бастығы Талғат Такабаевқа жолықтық. Ол бізге қазір облыста қысқы спорт түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдерді даярлап жатқан жалғыз спорт мектебі барын айтты.

— Жауған қар тұрақтаған мезгілден бастап, айдындар құйылып, жан-жағы қоршалып, қорапшалар қойылды.  Қазір облыс бойынша 26 хоккей айдыны ойнаймын деушілерді қабылдауға дайын. Атап айтсам, мұның оны — Ақтөбе қаласында, сегізі — Шалқарда, алтауы Хромтауда орналасқан. Алға мен Қарғалы аудандарында да бір-бірден бар. Сондай-ақ қала сыртында 3 шаңғы базасы жұмыс істейді, — дейді бөлім бастығы.  

Қысқы спортқа қатысты айтылған ресми дерек — осы. Бұған қарап біз облыста хоккейді дамытуға мүмкіндік барын білдік. Ең бастысы — ойын алаңдары бар. Бірақ хоккейшіге қажет құрал-жабдықты сатып алу қажет, конькиін қоспағанда, ең арзаны — 80 мың теңге. Ал сапалысы 150 мың теңгеге жуықтайды екен.

Тағы бір жайт, біздің облыста ең әдемі спорт түрінің бірі — мәнерлеп сырғанау атымен жоқ. Яғни, коньки тебуге машықтанған кәсіби маман тапшы. Көріп жүргеніміздей, «Мега-Ақтөбе» сауда-ойын-сауық кешеніндегі мұз айдынында ғана бір топ бар. Оның өзін  балаларының конькиге деген қызығушылығын арттыру үшін қалтасы қалың ата-аналар қолдап отыр. Әйтпесе, бұл жердегі мұз айдынында бір рет қана сырғанау — 800-1500 теңге. Ал секцияға жазылу бұдан гөрі қымбат екені айтпаса да түсінікті.

— Осыдан үш жыл бұрын Ақтөбе қаласында 11, былтыр 18 мұз айдыны құйылды. Ал биыл қыс басталғаннан бері Ақтөбенің өзінде құйылған 20-дан астам мұз айдыны бар. Оның ішінде, оны — жергілікті бюджеттің, қалғаны жеке кәсіпкерлер мен кәсіпорындардың қаржысына жарақтандырылып отыр. Ең үлкен мұз айдыны №51 мектеп-гимназия ауласында бар. Мұз айдынын құюға «Таза қала», «Ақбұлақ» мекемелері көмектеседі.

Сондай-ақ үш жыл бұрын қаламызда 6 хоккей қорапшасы болса, қазір мұның саны 9-ға жетіп отыр. Оның бесеуі — Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионның еншісінде. Ал қалған төртеуі №28, №9 орта мектептердің, Мұхтар Арын атындағы Қарғалы орта мектебінің және қысқы спорт түрлеріне арналған облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің аулаларында орналасқан, — дейді Ақтөбе қалалық туризм, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы Ескендірбек Маханов.

 

Қысқы спортқа баулитын мектеп

Өңірдегі қысқы спортты дамытуға бірден-бір үлес қосып отырған мекеме — биыл құрылғанына үш жыл болған Кірпішті елді мекенінде орналасқан облыстық қысқы спорт түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі.

— Бізде жастарды қысқы спорт түріне жаттықтыратын кәсіби маман тапшы. Тіпті хоккейшілерді даярлайтын адам жоқ. Сондықтан да «Мега-Ақтөбе» сауда-ойын-сауық кешеніндегі мұз айдынында балаларды тәрбиелеп жүрген Владимир Викуловты өзімізге шақырдық. Ал шаңғы секциясында негізінен бұрынғы шаңғышылар дәріс беріп жүр, — дейді спорт мектебінің директоры Тұрғанбай Аймағанбет.

Шаңғышылар тек қана осы спорт мектебі базасында ғана емес, өзге де елді мекендерде жаттығады. Мысалы, бұрынғы шаңғышылардың бірі Нұрлан Бирманов Ясный поселкесінде тоқсанға жуық баланы осы спортқа тәрбиелеп жүр. Сондай-ақ Мәртөк, Қобда, Қарғалы, Хромтау аудандарында да шаңғы секциялары жұмыс істейді.

Тұрғанбай Аймағанбетовтің айтуынша, шайбалы хоккейді дамыту жұмыстары да қолға алыныпты. Бұған дейін спорт мектебінде хоккей қорапшасы болмаған еді. Өткен жылы қалалық туризм, дене шынықтыру және спорт бөлімі Тәуелсіздіктің 20 жылдығы мерекесіне орай «Алатау» сауда-ойын-сауық кешені алдына қойылған хоккей қорапшасын  спорт мектебінің алдына әкеп орнатты. Мұнда 100-ге жуық жас өрен хоккей әліппесін үйреніп жүр. Айтжан Отаров, Владимир Викулов секілді маман жаттықтырушылар шәкірттерінің хоккей шеберлері болып шығатынына сенімді.

Біздегі секцияларға жазылып, жаттығу тегін жүргізіледі. Әуесқойлар да бұл жерге келіп, коньки теуіп немесе топ болып тегін хоккей ойнай алады, — дейді спорт мектебінің директоры.

 

Шаңғышылар алаңында

Біз барғанда болашақ шаңғы шеберлері жақын маңдағы орман алаңқайында шаңғы теуіп жүр екен.

Бұрын «Жастық» спорт мектебіне барып, шаңғы тебумен айналысқан Арслан Бисенбаев қазір өзі жақсы көретін спорттың осы түріне балаларды баулып, жаттықтырушы болып жүр.

— Үш топқа жетекшілік етемін. Әр топта он екі бала бар. Бірінші жыл келіп жүрген бала аптасына бір рет жаттығады. Барған сайын баланың жүктемесі көбейіп, жаттығатын күндері де жиілей түседі. Осыған көп бала шыдамайды, сосын үш жылдан соң әр топта алты балаға дейін азаяды. Кейбірі күннің салқынына, тағы бірі спорт мектебінің қашықтығына шыдамауы мүмкін, — дейді Арслан Бисенбаев.

Осы спорт мектебінің тағы бір жаттықтырушысы Салауат Құдайберген 1994-1997 жылғы балалар мен жасөспірімдер арасында ел чемпиондары шығатынына сеніммен қарайды.

— Қазірдің өзінде жасөспірімдер арасында үміт күттірер үздіктер бар. Мәселен, қыздар арасында Дария Ганье, Алтынай Құбаева, Анастасия Соловьева, Гүлсезім Қадырова, Айдана Мұханбетиярова, ал ер балалар арасында Руслан Құбаев, Данияр Құбаев, Самғат Салауат, Руслан Әлішев, Амангелді Дайрабаев. Олар — облыстық чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлері,  — дейді Салауат Құдайберген.

Шаңғышылар бір-бірімен жарысып жүр, бірі қырдан құлдилап түссе, енді бірі жоғары шығып барады. Жас шаңғышыларды әңгімеге тарттық.

Руслан ҚҰБАЕВ, Ақтөбе техникалық колледжінің ІІ курс оқушысы:

— Шаңғы тебумен 8 жылдан бері айналысып келемін. Бұрын «Жастық» спорт мектебінде жаттығып жүрдім. Қазір ол жоқ. Сосын осы спорт мектебінің секциясына жазылдым. Бұйырса, ертең өтетін облыстық чемпионатта бағымды сынап көремін.

Ерсұлтан ШЫМБЕРГЕН, Ақтөбе қаласындағы №31 орта мектептің 4-сынып оқушысы:

— Мен бұл жерге қыс басталғаннан бері келіп жүрмін. Мен негізі Қонаев көшесі бойында тұрамын. Қашық болса да, бұл жерге бірге оқитын досым Ақжол екеуміз №13 бағытта жүретін автобуспен келіп жүрміз. Өйткені маған шаңғы тепкен қатты ұнайды. Сосын боксты да жақсы көремін, оған да қатысып жүрмін.

P.S. Аталған спорт мектебінің директоры Тұрғанбай Аймағанбеттің айтуынша, біріншіден, өңірде қысқы спортты дамыту үшін кәсіби мамандар жетіспейді. Яғни, қандай да бір қысқы спорт түрінен бір бөлімше ашу үшін кем дегенде үш маман болуы тиіс.

Екіншіден, қысқы спорттың биатлон, шорт трек, фристайл, шаңғымен бағдарлау секілді түрі көп. Осыларға да көңіл бөлінсе… Мысалы, мәнерлеп сырғанаумен айналысу үшін Ақтөбеде жабық айдын жоқ. Егер ішінде бірнеше мұз айдыны бар үлкен сарай салынса, балалардың қызығушылығы бұл спорт түріне артар ма еді?..  Қысқы спорттың түрі көп. Мысалы, биатлонды ұйымдастыру үшін винтовка сатып алу қажет. Ең маңыздысы, арнайы қоршалған алаң болу керек.

Үшіншіден, аудан орталықтарында балалардың қызығушылығын арттыру үшін қыстыгүні шаңғы мен коньки тебуге көңіл бөлінсе дейміз. Бұл мәселелерді бізге спорт мектебінің директоры әңгімеледі.

Тағы бір ескеретін мәселе, спорт мектебінде жұмыс жасайтын маманның жалақысы қандай? Тәжірибесі жоқ, білімі де жоқ жаттықтырушы қолына шамамен 23 мың теңге алады. Ал оқып келген жас маманның бірінші жылы айлығы 33 мың теңге болады екен. Жыл өткен сайын әрі санаты бойынша жалақы да жоғары болмақ.

Егер қысқы спортқа жаныңыз ауырып, дамытуға үлес қосқыңыз келсе, маман тапшы уақытта, мүмкін, аталған спорт мектебінің қызметкері болып қаларсыз…

 

Біздің дерек

Ақтөбенің қысқы спорт тарихына үңілсек, мәнерлеп сырғанаушылар Марина Халтурина мен Валерий Артюхов Жапонияның Осака қаласында өткен қысқы олимпиадаға қатысып, 4 құрлық спортшылары арасында 7-орын алғаны еске түседі. Осы спорт түрінен Дмитрий Казарлыга, Елизавета Стекольникова халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын қорғады.

Коньки тебуден Валерий Троицкий, Людмила Миронова секілді шеберлер шықты.

Сонау 1953 жылы ақтөбелік хоккейшілер Қазақ КСР Кубогы үшін жарыста финалға дейін жеткен.

Допты хоккей командасы да Қазақстан біріншілігінде сәтті өнер көрсеткен.

 

Қыстағы тиімді демалыс қанша тұрады?

Дене шынықтыруды дамыту, бұқаралық спортты арттыру, салауатты өмір салтын қалыптастыруды мақсат еткен шаралар Ақтөбе қаласында жиі өткізіліп тұрады. Бұдан басқа  балалардың қысқы спортқа деген қызығушылығын оятудың тағы бір тиімді жолы — отбасылық демалыс. Анасының немесе әкесінің шаңғы немесе коньки тепкенін көрген бүлдіршіннің де осы спортқа ықыласы ауа бастауы мүмкін ғой. Содан кейін барып, секцияға жазылу басталады.

Әрине, жұмыстан қолдары қалт еткен қала тұрғындары демалыс күндері қала сыртына барып демалғанды жөн санайды.

Ақтөбе қаласының маңында «Мұнайшы», «Береке», «Космос», «Патон», «Энергетик» секілді демалыс базалары жұмыс істейді.

Біздің облыстық «Ақтөбе» газетінің бір топ қызметкерлері де жыл сайын «Энергетик» базасында демалуды дәстүрге айналдырды. Өткен аптада ғана тағы да сол базаға барып, бір мезгіл бойларын жазды: бірі аяққа шаңғы іліп, біраз қашықтықты артқа тастаса, тағы бірі коньки тепті. Енді бірі шанаға отырып, сырғанады.

Бұл жерде спорттық бұйымдарды жалға алуға да әжептәуір ақша жұмсауыңызға тура келеді. Жіктеп айтар болсақ: үш сағат шаңғы тепсеңіз, 500 теңге төлеуіңіз қажет. Ал коньки сағатына — 500 теңге. Шаршамасаңыз, шана мен сырғанауға ыңғайлы арнайы табақшаларды күнұзақ пайдалануға рұқсат етіледі. Ол үшін шананы пайдаланғаныңыз үшін 500 теңгеңізді, арнайы табақша үшін 300 теңгеңізді дайындап қойсаңыз болғаны.

Сондай-ақ демалушылар үшін арнайы бөлмелер де жабдықталған. Ол бөлмеге орналасып, таңертеңнен кешке дейін мезгілімен тамағыңызды ішіп, тынығуыңызға әбден болады. Тек ол үшін 2 мың теңгеңізді төлеп қоясыз. Айтпақшы, демалыс базасының территориясына кіру де ақылы. Ересек адамдар үшін — 500 теңге, ал балалар үшін — 300 теңге. Басқа демалыс базаларындағы баға да осыған шамалас.

Күнде кешкі уақытта және демалыс күндері қаламыздағы 20-дан астам мұз айдындарында адам қарасы көп болады. Әсіресе, бұрынғы «Батыс» базары орнында және осы маңда тағы да екі айдынды жеке кәсіпкерлер ұйымдастырып отыр. Олар кешкі мезгілде жағымды әуендерді қосып, жарықты айдынға түсіріп қояды. Жастарға да керегі — осы. Кейбірі отбасымен барып, коньки тебеді.

Конькиді жалға беру — 200-300 теңге. Өз конькиіңді киіп келіп те, айдынды пайдалануға болады.

Айнұр ЖАЛМАҒАНБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button