Кітап иманды нығайтады

Ақтөбе қаласының Жарық ауылында жаңадан бой көтерген «Әр-Рахим» рухани-танымдық орталығында кітапхана ашылды. Мұндағы қор мыңнан астам кітаппен толықтырылған.
Кітапхана сөресінде көркем әдебиеттермен қатар мерзімді басылымдар да жинақталған. Рухани-танымдық орталық Рамазан айы қарсаңында ашылған екі қабатты жаңа мешіттің бірінші қабатында орналасқан.
— Биыл Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының құрылғанына 35 жыл толды. Осы жылдар ішінде Діни басқарма ел арасында асыл дінімізді насихаттап, ата салтымызды дәріптеуге баса мән беріп келді.
Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы биылғы жылды «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жариялап, осы бағытта маңызды жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұған дейін Ақтөбе қаласының 41-разъезінде мешіт болмады. Бұл елді мекенде сыйымдылығы 1000 адамға шақталып салынған «Әр-Рахим» мешітінің, сондай-ақ мешіт жанындағы рухани-танымдық орталықтың ашылуы халықаралық кітап сыйлау күнімен тұспа-тұс келді. Бүгінде көптеген мешіттерде намаз оқитын бөлмелер, асхана, дәретханалар болғанымен, бірақ мынадай кітапхана болмаған. Облыс әкімі Асхат Шахаровтың бастамасымен жаңа мешіт ішінде кітапхана ашуды жүзеге асырдық. Мешіттерде кітапхана ашуға бағытталған мұндай игі бастама — рухани және білім беру саласындағы аса маңызды қадамдардың бірі. Кітапхана қорындағы діни кітаптармен қатар, көркем әдебиеттер, газет-журналдарды да мешітке келген жамағаттың оқуына жағдай жасалған, — деді облыстың бас имамы Амантай Сәдиев.
Оның айтуынша, қазіргі күні рухани-танымдық орталықта мыңнан аса кітап қоры бар. Кітап сөрелерінде қазақ әдебиетінің дамуына ерекше үлес қосқан танымал жазушылардың, ақындар мен қоғам қайраткерлерінің көркем шығармалары жинақталған.
— Алдағы уақытта кітапхана қоры жаңа кітаптармен толықтырылып отырады. Қазіргі күні мұнда қазақ әдебиетінің классик ақын-жазушыларының шығармаларымен қатар, батырлар жыры, 100 томдық «Бабалар сөзі», 20 томдық «Әдеби жәдігер», «Қазақ әдебиетінің тарихы» серияларының қазақ және орыс тіліндегі аудармалары да бар. Бұдан бөлек, өлке қаламгерлерінің шығармаларынан мағлұмат беретін 50 томдық «Ақтөбе кітапханасы» топтастырылған. Бүгінде Ақтөбеде 12 мешітте кітап бұрышы ашылды. Мешіт — тек құлшылық орны деп саналмайды, бұл — мәдениет пен білімнің ошағы. Кезінде бабаларымыз мешітті рухани орталық ретінде санаған. Себебі ол жерде білім ошағы болған, мешітте барлық салаға қатысты мәселелерді қамтыған кітаптар топтастырылған. Мәселен, аймақтағы Досжан хазірет мешітінде тек діни кітаптар ғана емес, медицина, география тақырыптарына қатысты кітаптар көп жиналған. Сондықтан бұл жер болашақта рухани-танымдық және мәдени орталық болып қалыптасуы керек, — деді Амантай Сәдиев.
Жарық ауылының тұрғыны Айжарық Құсайыновты мешіт кітапханасынан кезіктірдік. «Жарық ауылында тұрып жатқаныма жиырма жылдан асты. Ауылымызда жаңа мешіт салынып, оның ішінде кітапхананың болғанына ерекше қуанып жатырмыз. Кітапхана — білім мен ғылымның, мәдениеттің орталығы. Енді жаныма жақын кітаптарды осы жерден оқитын боламын. Мұндай игі бастама — оқырманды рухани азықтандырып қана қоймай, білім көкжиегін кеңейтеді», — дейді ол.
«Әр-Рахим» мешітіне келушілер мұндағы кітапхана сөресінен «Egemen Qazaqstan», «Ақтөбе» газеттерімен қоса, «Мәдениет», «Игілік», «Үш таған» сияқты әдеби-танымдық журналдарды да оқи алады.
— Кітап — адамның ойлау қабілетін арттырып, сөздік қорын көбейтеді, өз ойын еркін жеткізуіне көмектеседі. Кітап оқу арқылы адамның өмірге деген бағыт-бағдары айқындалады. Мешіт жанынан кітапхана бөлмесін ашу жұмыстарының үйлестірілуі, әрі бұл орталыққа діни кітаптармен қатар, көркем әдебиеттер, оның ішінде классик жазушыларымыздың шығармаларының жинақталуы — қазіргі таңда нағыз керекті дүниелер. Жалпы әрбір жазушы өз туындысы арқылы адамға ерекше әсер сыйлайды. Сондықтан мұндай шығармалар топтасқан орталықтың жас ұрпақтың ой-санасын түзейтін, мәдени және рухани сана-сезімін дамытып, қалыптастыруда маңызы зор. Себебі кітапты көп оқыған адам қоғамда оғаш қылықтар көрсетіп, оқыс қимылдар жасауы мүмкін емес. Өйткені кітапты сүйіп оқыған адам ондай әрекеттерден бойын аулақ ұстайды, — деді Ақтөбе қалалық мәслихатының депутаты Амантай Үмбетбай.
Бас имам мұндай игі іс-шараның облыс аумағындағы барлық мешіттерде жалғасын табатындығын айтып, жамағатты рухани азықтанып, кітап оқудағы белсенділіктерін арттыруға шақырды.
Арайлым НҰРБАЕВА.