Рухани-танымдық орталықта кітапхана ашылды

14 ақпан — Халықаралық кітап сыйлау күніне орай «Анашым» рухани-танымдық орталық жанынан кітапхана ашылды. Салтанатты іс-шараға «Ер бақыт» спорттық патриоттық клубының басшысы Марат Қойлыбаев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Уағыз-насихат» бөлімінің имамдары және жергілікті тұрғындар қатысты.
Жиында ата-баба рухына құран бағышталып, облыстың бас имамы Амантай Садиев бұл игі іс-шараның облыс аумағындағы барлық мешіттерде жалғасын табатындығын жеткізіп, жамағатты кітап оқуға шақырды.
Шағын кітапхана «Анашым» мешітінің бірінші қабатында орналасқан. Тіпті мешітке келушілер ұялы телефон арқылы QR-кодты сканерлеп, қазақ әдебиеті жауһарларының шоқтығы биік туындыларын оқи алады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Уағыз-насихат» бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұровтың айтуынша, жас ұрпақты жат ағымдардан сақтаудың төте жолы — ұлттық құндылықтарымызды насихаттау, қазақтың тілі мен дінін, дәстүрін дәріптеу.
— Адамды адам еткен — кітап, адамзат еткен — кітапхана», — деп жазушы Әбіш Кекілбаев айтқандай, бүгінде кітапханаларда жастардың сауат ашып, жан-жақты дамуына жағдай жасалған. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы рухани құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында облыс, қала, ауыл-аймақ ішіндегі мешіттерде шағын кітапхана ашуды қолға алып жатыр. Мешіттерде кітапхана ашуға бағытталған осы игі бастама — рухани және білім беру саласындағы аса маңызды қадамдардың бірі. «Анашым» мешітінде ашылған танымдық бөлмеде «Muftiyat» баспасынан шыққан кітаптардан бөлек, қазақ әдебиетінің дамуына ерекше үлес қосқан танымал жазушылардың, ақындар мен қоғам қайраткерлерінің кітаптары жинақталған. Кітапхана қоры екі мыңнан астам кітаппен толықтырылған. Кітапқұмарлық — жақсы қасиет. Сондықтан жас ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, халқымыздың дүниетанымына сай рухани тәрбие беруді назардан тыс қалдырмауымыз керек, — деді «Уағыз-насихат» бөлімінің меңгерушісі Б.Мансұров.
Рухани танымдық бөлменің жұмысымен танысқандар арасында ауған соғысының ардагері Марат Қойлыбаев та бар.
— Адамзат үшiн өмiрде eкi түрлi азық керек. Бipi — тән азығы, бipi — жан азығы. Адам өзін-өзі үнемі дамытып, рухани азықтанбаса, онда тоқырауға ұшырап, күйзеліске түседі. Мешіт жанынан ашылған рухани танымдық бөлмедегі кітапхана — үздіксіз берілетін тәрбие көзі. Жас ұрпақты тәрбиелеймін десеңіз, кітаптың көмегіне жүгініңіз. «Жақсы кітап — жан азығы» демекші, мен үнемі кітап оқуға уақыт табамын.
«Анашым» мешітіндегі шағын кітапхана сөрелерінен бала кезімізде жастана оқитын Абай Құнанбайұлының, Шәкәрім Құдайбердіұлының және басқа да қаламгерлердің кітаптарын көзім шалды. Бүгінде жастар арасында электронды нұсқадағы кітаптарға сұраныс жоғары. Руханият ордасында электронды нұсқадағы кітаптарды оқуға мүмкіндік жасалған. Осындай рухани тәлім берер дүниелерді көбейту арқылы рухы биік, болашағы жарқын өскелең ұрпақтың тәрбиесіне көңіл бөле аламыз, — дейді ол.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.