Спорт

Мәртебелі Месси

Футбол

Дүйсенбі күні Аргентина құрамасы мен «Барселонаның» ойыншысы Лионель Месси «Алтын допты» үшінші мәрте төбесіне көтерді. Швейцарияның Цюрих қаласында өткен салтанатта бұл сыйлықты оған бразилиялық әйгілі шабуылшы Роналдо табыс етті.

Жылдың ең үздік футболшысын анықтауға тиіс жеке дара қазылар — ФИФА құрамына кіретін мемлекеттердің бас бапкерлері мен капитандары және журналистер осындай шешім қабылдады. Жалпы есепте бұл мықтыңыз 47,88 пайыз дауыс жинады.

Төменде берілген тізімге көз жүгіртсеңіз, 55 жылдан бергі тарихында «Алтын допқа» үш рет ие болу бұған дейін үш-ақ футболшыға — қос голландиялық Йохан Кройфф пен Марко ван Бастенге және франциялық Мишель Платиниге ғана бұйырғанын аңғарар едіңіз.

Ал Мессидің қазір 24 жаста ғана екенін ескерсек, бұл рекордты әлі де жаңартуы бек мүмкін екендігіне күдік келтіру және тым қиын.

Енді «Алтын доп» иелерінің толық тізімін ұсынайық.

1956 — Стэнли Мэттьюз, Англия.

1957 — Альберто ди Стефано, Испания.

1958 — Раймон Копа, Франция.

1959 — Альберто ди Стефано, Испания.

1960 — Луис Суарес, Испания.

1961 — Омар Сивори, Аргентина/Италия.

1962 — Йозеф Масопуст, Чехия.

1963 — Лев Яшин, КСРО.

1964 — Дэнис Лоу, Шотландия.

1965 — Эйсебио, Португалия.

1966 — Бобби Чарльтон, Англия.

1967 — Флориан Альберт, Венгрия.

1968 — Джордж Бест, Солтүстік Ирландия.

1969 — Джанни Ривера, Италия.

1970 — Герд Мюллер, Германия.

1971 — Йохан Кройфф, Голландия.

1972 — Франц Беккенбауэр, Германия.

1973 — Йохан Кройфф, Голландия.

1974 — Йохан Кройфф, Голландия.

1975 — Олег Блохин, КСРО.

1976 — Франц Беккенбауэр, Германия.

1977 — Аллан Симонсен, Дания.

1978 — Кевин Киган, Англия.

1979 — Кевин Киган, Англия.

1980 — Карл-Хайнц Румменигге, Германия.

1981 — Карл-Хайнц Румменигге, Германия.

1982 — Паоло Росси, Италия.

1983 — Мишель Платини, Франция.

1984 — Мишель Платини, Франция.

1985 — Мишель Платини, Франция.

1986 — Игорь Беланов, КСРО.

1987 — Руд Гуллит, Голландия.

1988 — Марко ван Бастен, Голландия.

1989 — Марко ван Бастен, Голландия.

1990 — Лотар Маттеус, Германия.

1991 — Жан-Пьер Папен, Франция.

1992 — Марко ван Бастен, Голландия.

1993 — Роберто Баджо, Италия.

1994 — Христо Стоичков, Болгария.

1995 — Джордж Веа, Либерия.

1996 — Маттиас Замер, Германия.

1997 — Роналдо, Бразилия.

1998 — Зинедин Зидан, Франция.

1999 — Ривалдо, Бразилия.

2000 — Луиш Фигу, Португалия.

2001 — Майкл Оуэн, Англия.

2002 — Роналдо, Бразилия.

2003 — Павел Недвед, Чехия.

2004 — Андрей Шевченко, Украина.

2005 — Роналдиньо, Бразилия.

2006 — Каннаваро, Италия.

2007 — Кака, Бразилия.

2008 — К. Роналду, Португалия.

2009 — Месси, Аргентина.

2010 — Месси, Аргентина.

2011 — Месси, Аргентина.

ФИФА сондай-ақ 2011 жылдың қорытындысы бойынша символикалық құраманы да жария етті. Жұлдыздар құрамасы былайша түзілді:

Қақпашы Икер Касильяс («Реал»), қорғаушылар Данни Алвес, Жерард Пике (екеуі де — «Барселона»), Серхио Рамос («Реал»), Неманья Видич («Манчестер Юнайтед»), жартылай қорғаушылар Андреас Иньеста, Хави (екеуі де — «Барселона»), Хаби Алонсо, Криштиану Роналду (екеуі де — «Реал»), шабуылшылар —  Уэйн Руни («Манчестер Юнайтед») және Лионель Месси («Барселона»).

Көріп отырғанымыздай, мықтылар тізімін үш-ақ команданың ойыншылары түзіпті. «Реал» мен «Барселонаға» «Манчестре Юнайтед» қана қосылыпты.

Жыл қорытындысы бойынша ФИФА-ның президенттік сыйлығы «Манчестер Юнайтедтің» бас бапкері, шотландиялық маман Алекс Фергюсонға бұйырды. 25 жыл ішінде бұл кісіңіз «қызыл сайтандар» командасымен, басқасын айтпағанда, 12 рет Англия чемпионы, 2 рет Еуропадағы Чемпиондар лигасының жеңімпазы атаныпты.

Ал жылдың үздік бапкері болған мықты — «Барселонаның» тізгінін ұстап жүрген Хосеп Гвардиола. Оның басқаруымен «Барселона» 2011 жылы төмендегі бес додада жеңімпаз атанды: Чемпиондар Лигасы, Испания чемпионаты, Еуропаның Суперкубогы, Испанияның суперкубогы және Әлемнің клубтар чемпионаты.

Өткен жылы соғылған үздік гол иесі — «Фламенгоның» қақпасына әдемі доп соққан бразилиялық шабуылшы, «Сантостың» футболшысы Неймар.

Жүлделер тапсыру салтанатында бұдан да басқа сыйлықтар болды. Мысалы, ФИФА-ның «Ең адал ойын» марапты Жапонияның футбол ассоциациясына тапсырылды.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button