Ауыл

«Аидадағы» арзан өнім

Өткен аптада қаладағы «Аида» базарында оныншы облыстық ауыл шаруашылығы  жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеге Әйтеке би, Алға, Ырғыз, Шалқар аудандары мен қаладан 23 ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен өңдеушілер, жеке кәсіпкерлер қатысты.

Біз Гүлжамал әжейді осы жәрмеңкеде жолықтырдық.

Қазір мен саяжай учаскесінен үлкен етіп үй салып алған балам мен келінімнің қолында тұрамын. Ауламызда бау-бақша өнімдерін егетін азын-аулақ жеріміз бар. Жәрмеңкеге тұқымдық картоп алуға келдім. Мұндағы бағасы арзан тұқымдық картоптардың қыстан жақсы сақталғаны көрініп тұр, – деді әжей.

Бұл жолы Гүлжамал әжей жәрмеңкеден бір қап картоп пен көкөніс өнімдерін мол етіп алды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының маркетингтік ақпаратпен қамтамасыз ету және инвестиция қызметі бөлімінің бастығы Ермек Жолымовтың айтуынша, жәрмеңкеде барлығы 2,5 миллион теңгенің өнімі сатылыпты.  Яғни қалалықтар жәрмеңкеге қойылған 3,5 тонна картоп пен 2,6 тонна көкөніс өнімдерін,  2,0 тонна ет пен 0,5 тонна балық, сондай-ақ 1,4 тонна сүт өнімдері мен 0,8 тонна күнбағыс майын саудалаған.

Бір айта кетерлігі, қай ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде болмасын, азық-түліктер өте төмен бағамен сатылады. Бұл жолғы жәрмеңкеде де  ауыл шаруашылығы өнімдерінің бөлшек саудадағы орташа бағасы қаладағы коммерциялық базарларға қарағанда 10,0 пайыздан 30,8 пайызға дейін төмен болды.

Жәрмеңкеде Алға ауданының Маржанбұлақ ауылдық округі мен Шалқар ауданының «Бекжан», «Қызғалдақ» шаруа қожалықтары, сондай-ақ қаладағы Қурайлы, Қарғалы ауылдық округтері мен «Қасым» шаруа қожалығы әкелген етке сұраныс өте жоғары болды. Ырғыздық кәсіпкерлердің әкелген балығына қай жәрмеңкеде де кезек көп болады. Бұл жолы да Ырғызбай Шүнкеевтің қолында бір балық қалмады. Қаладағы «Айс» серіктестігі мен «Алдияр» шаруа қожалығы әкелген сүт өнімдерін, «Тасма» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Бизнес дамыту орталығы» мекемесінің ұсынған көкөністерін  көтеріп әкеткендер де көп болды.

Енді мұндай жәрмеңке үстіміздегі жылдың 8 мамыры күні тағы да «Аида» базарында ұйымдастырылады. Онда Байғанин, Ырғыз, Қарғалы, Темір аудандары мен қаладағы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің өнімдері саудаға шығарылмақ.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button