Жаңалықтар

Ақтөбе облысында 160 мың га пайдаланылмаған жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарлануда

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде суармалы жерлерді ұтымды пайдалану және ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмайтын жерлерді қайтару мәселелері қаралды.

Ақтөбе облысының жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбол Ержанов айтып өткендей, биыл мемлекет меншігіне 160 мың га ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жерді қайтару жоспарланып отыр. Былтыр 219,063 мың га жер қайтарылды. Мұның есебінен облыстағы жайылымдық жерлердің көлемін кеңейту жоспарлануда. Қазіргі уақытта мал басының көбеюіне байланысты елдімекен жерлерінде жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі 97,0 мың га құрайды.

Сондай-ақ, 100 метрлік шекара белдеуінде орналасқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары қолға алынған. Әйтеке би, Қобда, Хромтау және басқа да бірқатар ауданда учаскелерді ерікті түрде беру үшін шаруашылық құрылымдарымен келіссөздер жүргізілуде.

Айта кету керек, жер учаскелері конкурс арқылы беріледі. Мысалы, 2024 жылы мемлекеттік сатып алулар арқылы жалпы ауданы 467,7 мың га құрайтын 376 учаске, оның ішінде ауыл шаруашылығы мен коммерциялық мақсаттарға арналған учаскелер берілді. Бюджетке 161,1 млн теңге түсті.

Бұдан өзге, өңірде 125 қалпына келтіру жобасы аясында 3 млн 903,1 га жерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Топырақ құнарлылығын арттыру жөніндегі Жол картасына сәйкес биыл Мәртөк және Қобда аудандарында 7 мың гектар жерге геоботаникалық зерттеулер жүргізу жоспарланған.

Асхат Шахаров аудандар мен облыс орталығының әкімдері суармалы жерлердің ұтымды пайдаланылуына жауапты екенін атап өтті.

«Жер мәселесі өте маңызды және жауапты. Кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы өндірушілері жер учаскелерін алу процесі нақты рәсіммен реттелетінін нақты түсінуі тиіс. Біз жерді мақсатсыз бере алмаймыз, ол үшін конкурстар мен аукциондар бар. Аудан әкімдері жергілікті жерлерде осы мәселе бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек, яғни тұрғындар қайда және қандай конкурстар өткізілетіні, сондай-ақ жер учаскелерін бөлу қалай жүргізілетіні туралы хабардар болуы қажет. Біз үшін ең алдымен көкөністерді, жем-шөптерді өсіру және мал шаруашылығына жайылымды қамтамасыз ету үшін жерді тиімді пайдалануға назар аудару маңызды. Сонымен қатар, жерді қалпына келтіру және оны мемлекеттік қорға қайтару жұмыстарын жалғастыру қажет. Жер бар, алайда біздің міндетіміз – оны барлық көзделген нормалар мен рәсімдерді сақтай отырып, мақсаты бойынша пайдалану», – деп атап өтті әкім жиын барысында.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button