Басты жаңалықтар

Кенді өлкенің бүгінгі келбеті

Жұмыс сапары

Биыл 31 қаңтарда облыстағы іргелі аудандардың бірі Хромтаудың құрылғанына 90 жыл толды. Мерейтой жылында кенді өлкеде бірқатар нысандар пайдалануға беріліп, басқа да іс-шаралар өткізілмек.

Ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Асхат Шахаров кенді өлкенің әлеуметтік-экономикалық ахуалын көріп, бірнеше нысанға барған болатын. Сонымен…

 Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында

Газетіміздің өткен санында Хромтау қаласында ERG компаниялар тобының бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынған Мәдениет орталығының ашылу салтанаты өткенін, бұл — ауданның 90 жылдығына тарту екенін жазған едік.

Одан соң облыс әкімі«ERG ғылыми-зерттеу инжинирингтік орталығы» ЖШС-ның жаңа зертханасына барды. Мұнда 8 адам жұмыс істейді. Құны 928 миллион теңге тұратын жоба аясында түрлі ғылыми ізденістержүзеге асырылмақ.

— Жаңа зертхана — тек қолданыстағы технологиялық процестерді қолдау орталығы ғана емес, сонымен қатар инновациялық шешімдерді әзірлеу алаңы. Сондай-ақ бұл — минералды шикізатты байыту саласындағы әр жоба үшін оңтайлы технологиялық шешімдерді таңдауға мүмкіндік беретін заманауи зертхана болмақ. Мұнда шикізатты өңдеу әдістері әзірленіп, жетілдіріледі. Бұл өндірісіміздің тиімділігіне және тұрақтылығына тікелей әсер етеді, — деп атап өтті «Еуразиялық топ» ЖШС бас директоры Серік Шахажанов.

 Жаңарған білім ұясы және «CodiPlay»

Облыс әкімі Асхат Шахаров былтырERG-дің қолдауымен күрделі жөндеуден өткен №5 Хромтау гимназиясының жаңа келбетімен, сондай-ақ білім ордасының оқу үрдісіне енгізілген заманауи әдістер мен алдағы даму жоспарларымен танысты.

Хромтау қаласындағы №5 гимназиясының директоры Жеңісгүл Қаражанованың айтуынша, білім ошағында барлығы 498 оқушы білім алады. Оның 228-і бастауыш сыныпта оқиды.

— ERG компаниясының қолдауымен гимназиямыз күрделі жөндеуден өткізіліп, қайта жаңарып қалды. Компания барлық кабинетті заманауи жабдықтармен және инновациялық білім беру бағдарламаларымен қамтамасыз етті. Оқу кабинеттеріне интерактивті панельдер орнатылды, асхана блогы толығымен жаңартылып, спорт және мәжіліс залдары үшін қажетті жабдықтар сатып алынды.Жыл басынан бері өңірде алғаш болып біздің гимназияда ғана «Codi Play» инновациялық жобасы жүзеге асырылып жатыр, — деді №5 гимназия басшысы Жеңісгүл Қаражанова.

Білім ошағы ERG компаниясының 179,5 млн теңге көлеміндегі инвестициясыныңарқасында күрделі жөндеуден өткен. Облыс әкімі Асхат Шахаров мұғалімдер мен оқушыларға арналған мұндағы қолайлы жағдайды көріп, бұл оқушылардыңалаңсыз оқуына, білім көкжиектерін кеңейтуіне, дамуына оң ықпал ететін атап өтті.

ERG қолдауымен жабдықталған STEM кабинетіне кірдік. Мұнда «Codi Play» компаниясының GR директоры Нұрғали Тұрымбетовтің жетекшілігімен жас өнертапқыштар инженерлік дағдыларды меңгеріп, жаңа жобалар ойлап тауып, сол бойынша жұмыс істеп отыр. Жаңа жобаға қызыққан оқушылар аймақ басшысына робототехника және бағдарламалау бағытындағы өз жобаларын таныстырды.Солардың бірі — Тасөткел мектебінің оқушысы РамазанҚалжан. Ол су тасқыны кезінде адамдарды құтқару мақсатында дабыл түймесі бар құтқарушы капсула құрастырыпты.

— Капсуланы жапониялықтар ойлап тауып, тестілеуден өткізген. Ал менің жобамның ерекшелігі — дабыл түймесі бар. Оны басып, құтқарушыларға хабар беруге болады. Сол кезде капсулаға тығылған адамдар да құтқарылады, — дейді жас өнертапқыш.

«Codi Play» компаниясының GR директоры Нұрғали Тұрымбетовтің айтуынша,

«CodiPlay» — әлемнің небәрі 13 елінде ғана енгізілген EdTech саласындағы инновациялық стартап.

Бұл — мобильді телефонның көмегімен балаларға бағдарламалау тілін ойын түрінде үйрететін отандық өнім. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы бұл өнімді қолдау туралы бірнеше өңірге пәрмен берген болатын. Осы тұста біз жобаны жүзеге асыруды Ақтөбе өңірінде Хромтау ауданынан бастауды жөн көріп отырмыз. Алдағы уақытта басқа мектептерде де «Codi Play» жобасы таралып, оқушылардың ақпараттық технологияға қызығушылықтарын оятып, ойлау қабілеттерін дамытып, шеберліктерін шыңдайды деген сенімдеміз, — дейді Нұрғали Тұрымбетов.

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, ауылдағы мектеп біліміне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті енгізу — әлемдік деңгейде бәсекеге түсе алатын болашақ мамандарды даярлаудағы маңызды қадам.

— Ел Президенті жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізуді қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Біз оның Хромтауда шындыққа айналғанын көріп отырмыз.

Білім беруді цифрландыру болашақта балаларымыздың табысты болуына көмектесетін озық білім мен дағдыларға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл білім беру сапасын жақсартып қана қоймай, қала мен ауыл арасындағы алшақтықты қысқартып, ауылдық аумақтарды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады, — деді облыс әкімі.

Баламалы энергия

Бүгінде өңірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес баламалы энергетиканы дамытуға бағытталған маңызды жоба іске асырылып жатыр.

Облыс әкімі Асхат Шахаров жұмыс сапары барысында жел электр станциясының құрылыс барысымен танысып, өңір үшін жаңартылатын энергия көздерін пайдаланудың артықшылықтарын бағалады.Жоба құны — 74,2 млрд теңге, белгіленген қуаты — 150 МВт. Құрылыстың толық аяқталуы биылғажоспарланған.

Қазіргі уақытта қуаты 12,5 МВт болатын екі жел генераторы іске қосылды. Бұл — Қазақстандағы ең қуатты жел генераторларының бірі. Өндірілген алғашқы электр энергиясы Дөң тау-кен байыту комбинатының 35 кВ электр желісіне берілді.

Сонымен қатар Хромтау ауданында жалпы құны 115 млрд теңге болатын жел электр станцияларын салу бойынша тағы екі жоба іске асырылып жатыр.

Облыс әкімі бұл жобаны жүзеге асыру өңірдің энергетикалық тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңызды қадам болатынын және энергияның неғұрлым экологиялық көздеріне көшуге ықпал ететінін атап өтті. Оның айтуынша, жел энергиясын пайдалану көміртегі қышқылын азайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашады, сондай-ақ Қазақстанның «жасыл»энергетикасын дамытуға үлес қоса отырып, өңір экономикасын нығайтады.

Айта кету керек, былтыр ауданға тартылған инвестициялар көлемі — 243 млрд теңге. Бұл — облыстағы инвестициялардың жалпы көлемінің 27 пайызы.

Оңғардағы он үй

Облыс әкімі Асхат Шахаров Хромтау ауданының 90 жылдығы мен Жұмысшы мамандықтары жылы аясында ауыл еңбеккерлерін қолдауға бағытталған әлеуметтік бастамалармен танысты. Соның бірегейі — Дөң ауылдық округіне қарасты Оңғар ауылындағы қаз-қатар тізілген 10 үй. Жаңа үйлерді «Данияр» шаруа қожалығының басшысы Серік Оразымбетов жұмысшыларына салып берген.

Қоныстой жасап, қуанышқа кенеліп жатқан 10 отбасының бірі —Төлемісовтер. Отағасы Бағдат — комбайншы.

— «Данияр» қожалығында еңбек еткеніме 7-8 жылдай болып қалды.Қожалық басшысы жағдайымызды жасап, үнемі ақыл-кеңесін айтып, ағалық қамқорлығын аямайды. Екі жыл бұрын «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып, 50 қой алдық. Соны өсіріп жатырмыз. Көпжылдық еңбегімізді елеп, 10 отбасына жаңадан үй салып берді, алғысымыз шексіз. Келіншегім екеуміз үш бала тәрбиелеп отырмыз. Қай кезде де еңбектен қашпаймыз, — деді Бағдат Төлемісов.«Данияр» шаруа қожалығы ауданның ауыл шаруашылығы саласының дамуына елеулі үлес қосып келеді. Егін және қой шаруашылығымен айналысады. Шаруашылық «К-700» тракторлары, астық жинайтын комбайндар, жол-құрылыс техникасы, дәнсепкіштер мен бүріккіштер сияқты заманауи техникалармен жабдықталған.Серік Оразымбетовтің айтуынша, қожалық құрылғанда тек еділбай тұқымды мың қой болған.

— Бүгінде қойдың саны 8 мыңға жетті. 8 мың гектар жергедән себеміз.Оның 7 мың гектарына — бидай, 1мыңына арпа егеміз. Қожалықта 30 шақты механизатор, 10-ға жуық шопан жұмыс істейді, — деді С.Оразымбетов.

Облыс әкімі Асхат Шахаров қожалығының жұмысына жоғары баға беріп, оның ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Ел Президенті: «Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады» — деді. Осыған дәлел — Серік ағамыздың өз қызметкерлеріне қамқорлық танытып, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бастамасы. Бұл игі іс көпке үлгі болары сөзсіз, — деді өңір басшысы. Одан соң жаңа қоныс иелеріне өз атынан сый-сияпат табыстап, отбасыларға амандық пен береке тіледі.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button