Пікір

Салық мөлшері сараланады

Асхат АЙТЖАНОВ, өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы, кәсіпкер

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық бизнес өкілдерімен кездесуіндегі сөйлеген сөзі елдің бүкіл бизнес қауымдастығы, әсіресе біз — ақтөбелік кәсіпкерлер үшін маңызды  сәт болды. Біз қосымша құн салығы мөлшерлемесін әкімшілендіру жобасы мәселесін бірнеше рет салалық кеңестерде сарапшылар мен мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен көтердік. Себебі  бұл мөлшерлеменің көтерілуіне қарсылық білдірдік. Біздің барлық негіздемеміз бен есептеуіміз мұқият дайындалып, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының орталық аппаратына жіберілді.

Жақында «Атамекен» палатасы басшысымен өткен кеңейтілген кеңесте біз осы мәселелерді талқыладық, ал бүгін Президенттің қазақстандық бизнесті қолдау туралы айтқан сөздері біз үшін зор қуаныш болды. Мемлекет басшысы салық-бюджет реформасын жүргізу қажеттігін атап өтіп, ҚҚС мөлшерлемесі сараланған болуы керек екенін жеткізді. Бұл шешім бизнестің өкілдері, сарапшылар қауымдастығы, сондай-ақ қарапайым азаматтар тарапынан оң қабылданатыны сөзсіз.

ҚҚС мөлшерлемесін саралаудың түпкілікті тәсілдері әлі белгіленбесе де, біз әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен қызметтерге, сондай-ақ бірінші қажеттіліктегі өнімдерге салық мөлшерлемесі айтарлықтай төмен болатынын болжап отырмыз. Сондай-ақ Президент мемлекет өз әлеуметтік міндеттемелерінен бас тартпайтынын атап өтті. Бұл — біз үшін өте маңызды шешім.

Бизнестің өкілдерімен кездесуде Мемлекет басшысы Үкіметке одан әрі салық реформасы бойынша, соның ішінде ҚҚС мөлшерлемесін нақты есептеулер негізінде кәсіпкерлердің, сарапшылардың және депутаттардың пікірін ескере отырып, айқындау жөнінде шешім қабылдауды тапсырды. Мұндай тәсіл бюджеттің қажеттіліктері мен бизнестің мүдделері арасындағы оңтайлы тепе-теңдікті табуға мүмкіндік береді. Дәл есептеулер ең әділетті және негізделген ҚҚС мөлшерлемесін айқындауға көмектеседі. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлерді «көлеңкеге» кетуге итермелейтін факторларды жояды.

Мемлекет басшысының осы мәлімдемелері кәсіпкерлерді қолдауға бағытталғаны сөзсіз. Біз, «Атамекеннің» белсенді бизнес өкілдері ретінде сараптамалық есептеулер жүргізіп, Үкіметке негізделген ұсынымдарды жеткізуді жалғастыруға дайынбыз. Біз бірлесе отырып, бизнестің және жалпы экономиканың дамуына ықпал ететін әділетті әрі тиімді салықтық реттеуге қол жеткізе алатынымызға сенімдіміз.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button